Мәңгілік махаббат жыры

  • Автор
Блог - Tasbolat: Мәңгілік махаббат жыры«Махаббат, қызық мол жылдар» романы қазақ оқырмандарының ішіндегі ғашық бола білген әрбір жүрек иесінің жастығының астына қойып, сүйіп оқитын кітабы бола білді. Ондағы кейіпкерлер, олар арасындағы кіршіксіз сүйіспеншілік, махаббат оқиғалары талай оқырманның көзіне жас алдырғаны белгілі. Шығармадағы Ербол мен Меңтай өмірде болғанымен, жазушының мұншама ғашықтықты қолдан жасап, құйып шыққан тұлғалары. Шын мәнінде Ерболдың (Әзілхан Нұршайықов) Меңтайға (Нұрғалима) деген сүйіспеншілігі, шексіз құрметі бөлек әңгіме. Ал негізінде бұл романдағы Меңтай образын сомдауда аяулы жары Халиманың болмысы әсер еткендігін жазушы сұхбаттарында да айтады. Енді осы қос ғашық жайлы әңгіме өрбіткенді жөн көрдік. Ғашықтардың танысуы әуелде былай басталыпты: Әзілхан Нұршайықовтың өз әңгімесінде ең алғаш рет 1936 жылы он төрт жасында Орынкеш есімді қызға ғашық болғаны жайлы айтылады. «Үш жыл ішінде Орынкешке 100 хат жазыппын» дейді тағы бір әңгімесіне. 1939 жылдың соңына дейін ғашықтық сезімі үзілмеген бала ғашықтардың соңғы әңгімесі Әзілханның Халимамен танысуына мұрындық болады.
Әзілхан Нұршайықов: — Қыркүйек айында оқу басталды. 5 қыркүйек күні қызымды іздеп, ол оқитын мектептің жатақханасына барсам, есіктің алдында отыратын кемпір: «Бұл араға келуге болмайды, аулақ кет», — деп ішке кіргізбейді. Не істерімді білмей тұрғанымда, мектеп жақтан шашы қиылған, аяғына детдомский бәтіңке киген бір аппақ қыз келіп қалды. Интернаттың киімін киген қызды тоқтатып, Орынкешті сұрадым. Ол Орынкешпен бірге оқитынын, бір бөлмеде тұратынын айтқанда: «Орынкешті шақырып жіберші» деп өтіндім. Дереу шақыратынын айтты. Шақырушы қыздан да жауап жоқ. «Не боп қалды екен?» деп дегбірсізденіп мен тұрмын. Әлден уақыт өткенде, аппақ қыздың өзі ғана шығып келеді. Тымпыңдаған аяғына тас байлап алғандай ілбіп басып, әрең қасыма келді де, басын төмен салып, үндемей тұрып қалды. «Орынкеш келе ме?» десем: «Жоқ. Енді келмесін, маған көрінбесін деді» деген сөзін әрең үзіп-үзіп айтты. Мынадай сөзді естіген мен еріксіз жылап жібердім. Сол үшін Алматыдағы оқуымды тастап келгенде, көрінбесін дегені несі деп жабырқадым. Жылап тұрып, қасымдағы қызға қарасам, ол да жылап тұр. «Сен неге жылайсың?» десем: «Саған жаным ашып кетті» дейді. «Саған жаным ашып кетті» деген сөзі жүрегімді дір-р еткізді. Мынау нағыз тазалықтың, адамгершіліктің белгісі ғой деген ой келді…
Халима Өзақанова: — 1936 жылы Семейде №11-мектеп ашылып, қазақша білім алуға көштім, 6 класқа бардым. Класымызға Жарма ауданының, Ақбұзау ауылынан Орынкеш деген қыз келді. Әзілхан деген дос жігіті бар екен. Екеуі бір ауылдан. Әзілхан жеті жылдық мектеп бітіріпті. Педучилищеде оқиды. Орынкешке қырындап келіп тұратын. Бірде: — Халима, Орынкешті шақырып берші, – деп өтінді. — Орынкеш, сенің жігітің іздеп келіп тұр десем, шықпайды. Қалаға келген соң, көңілі өзгелерге ауған ба, әйтеуір құлықсыз. Әзілхан да келуін кілт тоқтатты.
Әзілхан Нұршайықов: — Міне, сол қызбен Семейдің облыстық кітапханасында жиі ұшырасып қап жүрдік. Әр кездескен сайын Орынкешті сұраймын. Ара-тұра Орынкешке арнаған өлеңдерімді беріп жіберемін. Ертеңіне: «Жауап жазды ма?» деймін. «Жоқ», — дейді ол. Үш жылдың ішінде Орынкешке 100 хат жазыппын. Осылайша ортамыздағы хат тасушы, дәнекер, өте адал қызбен достасып кетіп, Халимаға ғашық болдым. Бірақ, оған ғашық екенімді білдіргенім жоқ. Өте тату, дос болып жүрдік. Бер жағым – дос, ар жағым – ғашық. Ол менің түпкі ойымды сезе ме, сезбей ме, білмеймін. Тіс жарып айтпайды. Бірақ, маған деген достық қамқорлығында қапы жоқ болатын. Ылғи жанашырлық жасап жүретін. Өзара достық хаттар да жазысатынбыз.
Халима Өзақанова: — Мен кітапқұмар едім. Сол кезде Гоголь атындағы қалалық кітапханада кешкі 10-ға дейін сарыла кітап оқимын. Әзілхан да кітапсүйер жігіт екен. Екеумізді Семей кітапханасы табыстырды. Күнде кешкілік шығарып салады. Алғаш бозбала Әзілханның қолының ыстық табын, жүрек жылуын тұла бойыммен сезінген сәтте, қып-қызыл болып, ұялып төмен қарадым. Қолымды тартып ала қойдым… "Қол ұстасып бақыт жырын шертеміз дедік"
Міне, осылай табысқан достық ұлы сезімге айналады.

(Мақала Әзілхан Нұршайықов пен Халима Өзақанованың көзі тірісінде әр басылымға берген сұхбаттарынан іріктеліп жазылды)

Ұқсас посттар

1 пікір

asaubota
бұл туралы білмеппін шынымен
Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.