Құлшылыққа құлшыну – құтылу 7



Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!


Қорытынды

Құрметті ағайын! Қазақта жақсы бір сөз бар: «Өлімге барсаң, өлді деп жылама, өлемін деп жыла» — деген. Кез-келген адамның ажалы жетіп келеді. Біз соған дейін дайын болуымыз керек. Өйткені, Аллаһқа қайтар сәт келгенде, ештеңені өзгертуге мүмкіншілігі болмайды!
Аллаһ Тағала былай деді:
«Жоқ! Жан алқымға келген кезде (адамдар): “Кім оған дем салады?” — деп айтады. Сонда (өліп бара жатқан адам) мұның қоштасу екенін анық түсінеді! Балтыры, балтырына қосылады (немесе, қиыншылықа қиыншылық қосылады). Ол күні (адам) Раббысына қайта оралады».
Бұл – осы дүниедегі ең ақырғы сәт. Соған дейін адам не істеп жүрген екен? Қандай мақсатқа ұмтылған?
Аллаһ Тағала былай деп жалғастырады:
«Ол сенбеді де, намаз да оқымады. Керісінше, теріске шығарып, бет бұрды. Сосын мүлде уайымдамай, менменсіп жанұясына қайтты. Өкініш болсын саған, өкініш! Тағы да, өкініш болсын саған, өкініш! Адам баласы бос қоя берілеміз деп ойлады ма?»
Адам босқа жаратылмаған. Осы өмірге келген соң, бір мақсат орындауымыз керек. Ол – жалғыз Аллаһқа ғана құлшылық ету! Ал кейбіреулер одан бас тартады. Оны артта қалушылық, төмендік деп санайды да, дандайсынады. Бірақ шын мәнінде ол өзінің кім екенін біледі ме?

Абай атамыз айтқандай:
Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
«Мені мен сен тең бе?!» — деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі – ол баяғы.


Аллаһ Тағала сөздерін былай аяқтады:
«Ол ағылған бір судың тамшысы емес пе еді?! Сосын ол ұйыған қан болды. Аллаһ оны жаратып, бейнеледі. Кейін одан жұп жаратты: еркек пен әйелді. Енді (бұлардың бәрін жасаған Аллаһ) өліктерді қайта тірілтуге шамасы жетпей ме?!» (Қиямет сүресі, 26-40-аят)

Соңында, әлемдердің Раббысы – Аллаһқа, мақтаулар мен мадақтар болсын!
Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына, сахабаларына және Қияметке дейін оған ілескендердің барлығына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!

Дерек көзі: www.al-hanifiya.kz
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше