EXPO дегеніміз не?

  • Автор
Блог - Pokemon: EXPO дегеніміз не?«EXPO дегеніміз не?» деген сұраққа көпшілігіміз тұтылып, лезде жауап қатуға жасқанамыз. Биыл Қазақстанда өткізілгелі жатқан дүниежүзілік көрменің тарихы терең, маңызы жоғары екенін білмедім дегенше, сауатсызбын десеңші. Осыған орай, ғылымға тікелей қатысы бар EXPO көрмесінің не екенін, қашан әм қайдан бастау алғаны жайлы аз-кем ақпар бере кеткеніміз орынды.

EXPO (ағыл. exposition) — индустрияландырудың нышаны және техникалық, технологиялық табыстарды көрсетуге арналған ашық алаң болып табылатын халықаралық көрме. 1844 жылы Парижден бастау алғанымен, алғаш рет EXPO деген атпен 1851 жылы со замандары Британ емпериясының ханзадасы болған Альберттің қолдауымен Лондонда өткізілді. Оның ұтымды, техникалық пайдасы ұшаң-теңіз екенін сезінгеннен кейін арасына 1-2 жыл салып Нью-Йорк, Париж, Порто сынды бақуатты қалалар іліп әкетті. Америка мен Еуропа құрылығынан аспаған көрме, 1970 жылы алғаш рет Азия құрлығына бет алып, жапониялық Осака қаласында өткізілгенін де біле жүріңіз. Азиядағы дамыған елдер Жапония, Қытай әм Оңтүстік Кореяда ғана өткен көрме төртінші болып Қазақстанға келгендігі де бір мақтаныш.

Әр ел, әр қала көрмеге арнап нышан ретінде ғимарат тұрғызу дәстүрге айналған. 1889 жылы Парижде өткен EXPO көрмесіне орай белді Эйфель мұнарасы, Лондонда хрустал сарайы тұрғызылған болатын. Сондай-ақ, EXPO тек қана ғылыми емес, саяси дәрежеге де ие. Британдықтардан бөлініп шығып өз бетінше дамуға бет алған АҚШ, тек 1893 жылы Чикагода EXPO көрмесін өткізіп, өзінің әлемдік деңгейге шыққандығын, экономикасының мықтылығын әм әлемде белді саяси рөлге ие болатындығын паш еткендігі бар.

Сонымен, биылғы Астанадағы EXPO көрмесінен күтеріміз көп. 115 ел қатысатын ірі көрмеде Нобель сыйлығының иегерлері экологиялық проблемаларды талқылап, жалпы бір ғана ел емес, күллі планетамыздың жағдайы нысанға алынары қуантпай қоймайды. Әйткенмен, біздің де өз көздеген мақсатымыз, көздеген жоспарларымыз бары да анық енді!

Ұқсас посттар

2 пікір

asaubota
бұрын күманмен қараған едім, кеше барып көргеннен кейін қуандым елімізде осындай нәрсе өткеніне. мықты ұйымдастырылған екен
Pokemon
Ия аға, біз өзімізді дəлелдей білдік8-)
Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.