Махаббат деген...

  • Автор
Әркім әрқалай қабылдайтын дүние ғой негізі. Бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, анықтауышпен тәпіштеп жазатын дүние емес. Кейбір адам өмірінің соңғы деміне дейін сезініп, кейбір бейбақ оның не екенін білмей өтеді екен…
Жақында демалуға теңіз жағасына бардық. Бір шағын аралда тұрақтап, үй жалдадық. Тұрақтағанда заттарымыз үйде, өзіміз таң атпай шағын моторлы қайыққа отырып алып аралдарды кеземіз. Кейде буырқанған толқындарға тап болып, кеменің ішінде отырып-ақ тұзды суға шомылып аламыз. Сапарға шыққан оншақты туристің ішінде алпыстан асқан шал мен кемпір бар (нақты жасын білмедім, еуропалықтар бізден жас көрінеді негізі). Жағажайы аппақ ұндай майда, суы Крис Хемсворттың көзіндей көгілдір әрі мөлдір аралда сәл аялдаймыз. Шомылып күнге қыздырынамыз. Ал әлгі жұп сөмкелерінен ас-суын алып, жағадан саялы жер тауып, бір-біріне сүйеніп отырады. Бір сағаттан соң жартасты аралға барып, тау-тасқа өрмелейміз. Әлгі жұп қайықта бір-бірімен шүйіркелесіп, мәз болып отырғаны. Ендігі қызық — сноркелинг. Маска мен түтігімізді тағып алып, су астын қызықтаймыз. Әлгі екеуі тағы қайықта. Апаның қызыл шляпасын киіп алып, суды тізесіне дейін кешіп жүргенін бір-ақ рет көрдім. Оның өзінде қайықтан алыс кетпей, шалына қолын бұлғады да жүрді. Әбден шаршап, үстіміз малмандай су болып, тоңып-дірдектеп, күнді теңізде батырып, қас қарая үйге оралдық. Апамыз бен атамыз бұл турдың мұндай екенін білмей қалған-ау деп ойладым. Біраз күн өткен соң таң ата ертелетіп жағажайға бардым. Бұл кезде су тап-таза, күн әлі шыға қоймаған. Жағада да ешкім жоқ. Тек аралдарға қыдыруға шыққан туристер ғана жиналуда. Қайыққа бара жатқан адамдардың арасынан сол баяғы қызыл шляпалы апа мен жолдорбасын арқасына асып алып, ілбіп басып кетіп бара жатқан атаны бірден таныдым. Тағы да асау толқынмен алысқан шағын моторлы қайыққа мініп кетіп барады…
Мен осы уақытқа дейін түрлі жұптарды көрдім. Бикеші сылқым сұлу, жігіті қалталы, сымбатты жұпты, келіншегі ерке мінезді, күйеуі сабырлы жұпты, бір-біріне құштарлығы асып-тасқан жұптарды да. Бірақ қызыққаным сол егде жұп екен…
Сонымен махаббат деген не? Иә, оның нақты анықтамасы жоқ. Тек белгілері бар. Бір-бірін сүйетін жұптар ешқашан ұрыспайды, бір-біріне өмір бойы құштар болады деген бос әңгіме, меніңше. Кейде басқаға көрсетпейті сасық мінезіңді тек оған паш етесің. Кейде құштарлық туыстық сезімге ұласып кете барады. Бірақ,…
Өміріңнің соңғы минуттарын сүріп жатсың десе, жаныңда оның болғанын қалар едің.
Таңертең терезеңнен теңіз сығалап жатқан бес жұлдызды отельде немесе жалға алған пәтердің ауасы жоқ, қапырық тар бөлмесінде ме маңызды емес, тек оның құшағында оянуды қалар едің.
Жұмыс жасайтын жалғыз ноутбугыңның жанып кеткен батареясынан аяған 200 долларға сатып алған Dior Addict-іңнің иісінен де артық көрер едің оның «бал қосылған сүт» иісін.
Өз мансап, бедел-абыройың, табыс пен жетістігіңді ойланбастан айырбастар едің ғой оның қас-қағым сәтті шағы үшін.
Сервантес, Гюго, Данте, Камю томдарын құрбан етерсің оның шай үстіндегі әншейін әңгімесіне бола.
Оған, әлбетте, алып ұшып бармайсың асығып, бірақ бара жатып, бар дұға тілегіңді арқалап алтарьге бара жатқандай сезімде боларсың.
Оның дүниедегі ең сұлу емес екеніне шүбә келтірерсің, бірақ рухани сұлулығына тең келмейтініне күмәнің жоқ қой.
Шіркін, ғашық болған, сүйген, махаббатты сезінген ғажап бақыт қой. Егер ол екеуге ортақ болса…

Ұқсас посттар

0 пікір

Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.