Өрік ағашы гүлдегенде

Күн ерте шығатын болыпты. Шақырайып тұрған күннің көзі бетіме түскенінен ұйықтап қалып, сабақтан кеш қалып қойдым ба деп үстімдегі түйе жүннен тігілген жеңіл көрпені бір теуіп орынымнан атып тұрдым. Айтпақшы, осы түйе жүн көрпеден соңғы кездері аяғымның басы шығып тұратынын сезіп жүрмін. Бойым өсіп келе жатса керек. Самаурынның қышқыл түтініне араласқан әбден қайнаған шайдың жағымды иісі шыққан асбөлмеге қарай тұра шаптым. Папа мен мама шай ішіп отыр екен. Күндегіше майкі-трусимен тұр едім, мама ала көзімен қарап:
-Жау қуып келе ма, киінбейсің ба?-деді. Кері бұрылып бара жатып маманың “Осы қыз да ұят жоқ па, тіпті?” деген күңкілін естіп қалдым. Бір күннің ішінде бой жетіп қалмаған шығармын? Бойжетіп қалатындай нешінші клас оқисың дейсіз бе? Алтыншыны аяқтағалы жүрмін. Иә, бірақ, шынымен де алтыншы клас оқитын қыздың әкесінің көзінше майкі-трусимен, шашы жалбырап тұрғаны аздап ыңғайсыздау екен… Мүмкін папаның әлі күнге дейін түбі қатқылдау болып өсетін сақал-мұртымен бетімді ысқылап тұрып иіскеп, еркелететінін де есейе алмай жүрген шығармын. Кеше кластағы бір қыздар сыбырласып хат оқып жүргенін байқағанмын. Жігіттер жазған болуы керек. Маған неге жазбайды деген қызғаныш ойдың жетегіне еріп, апайға айтып қойып, қыздардың масқарасын шығарсам ба деп те ойлап қоямын.
Ұзақ ойланып кетсем керек, маманың “Әй, қыз, болсайшы, сабақтан қаласың!” деген сөзінен селк ете түстім де киініп алдым тездетіп. Шашымды мамаға өргізбей жүрмін, тым қатты етіп өреді. Жүрген сайын бұрым арқама соғылып ыңғайсыз болады, оның үстіне қатты өрілген бұрым қайыстай болып қақшиып онша әдемі емес көрінеді. Кекілімді әдемілегім келіп түкірігіммен жылтыратып бастырып қойдым (папаға айтпасам гель алып бер деп).
Сыртта өрік ағашы гүлдеген екен. Жұп-жұмсақ иісі де жағымды. Папа мотоциклін қыздырды. Бензиннің иісі жаңағы тәтті иісті шайып кетті. Мотоциклге папаның белінен құшақтап отырып алдым. Сұр бешпетіне бетімді тақап, тер сіңген таныс қышқыл иісті құшырлана иіскедім. Көшені көк түтінге бұқтырып мектепке кетіп барамыз. Жел алдан соғып тұр, кекіліме жаққан түкіріктің иісі өзім сезіліп келе жатыр. Бекер жаққан екенмін… Өрілген шашымды “Ешкінің құйрығы” деп күн сайын тартқылап жүрген жетінші кластағы “Н” түкірікпен жылтырағанын сезсе ұят болатын болды. Соңғы кезде сол “Н”-ны көріп қалсам жүрегім дүрсілдеп, денем мұздай болып кетеді. Қорқамын ба одан, әлде… Түсініксіз...

0 пікір

Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.