Д.А.-ға (2-хат)

  • Автор
Тимати Ноаның «1876-2007» атты мақаласын оқыған едім. Телефон шалу дәуірінің соңы туралы. 2007 жылы америкалықтардың орташа айлық қоңырау шалуы 2013 рет болғанда, мәтін хабарламасын жіберу 2018 реттен асқанда телефон шалу дәуірі аяқталды дейді. Мен үшін бұл дәуір кейінірек аяқталды…
Есіңізде ме, телефоныңызда полифиония әуені болса дауысын айқайлатып қоюшы едік қой. Біреулер диктофонға жазып алып әуенге қоятын. Мобильді интернет дамығанда рингтондар да түрленді. Кейін телефонға қайта стандартты рингтон қою сәнге айналды. Мүмкін сән емес, адамдар жалыққан шығар. Сіз үнемі ренжисіз, телефон шалсам көтермейсіз деп.
Тұтқаны алмасаң өршелене қоңырау шалатындарды жек көрем. Менің мүлгіген тыныштық аймағыма баса-көктеп кіріп келе жатқан адамға ұқсатам. Есіңізде ме, айтып едім ғой сізге осы Тимати Ноаның телефон шалуға болатын «жалаңаш адам» принципі туралы. Яғни тек жалаңаш көрген (эротикалық мағынада емес) немесе көруің мүмкін адамдарға ғана ескертпей қоңырау шалуға болады. Егер ондай санатқа жатпаса, алдымен хабарлама жіберіп, қоңырау шалуға рұқсат сұраған жөн.
Шынын айтқанда соғылған қоңырау дауысын естігім келмейді. Мен қоңырауын асыға күтетін адам мүлдем жоқ бұл өмірде. Бейтаныс нөмірлерді көрсем тіпті қоңырау қабыл алмауым мүмкін. Түн ішінде жақындарым телефон шалса, зәре құтым кетеді суыт хабар ма деп. Суыт хабар тек түнде емес, тапа тал түсте келуі мүмкін екенін білсем де…
Кейде телефонымды авиа режимге қойып қоямын. Соңғы уақытта жиі. Бірақ үнемі онлайнмын. Тәулігіне 24 сағат. Маған жаза қойсаңыз, жауап бере қоямын)) Бұл әрине араласқым келетін немесе араласуға мәжбүр адамдарға қатысты))) Білесіз бе, қымбатты Д.А., соңғы уақытта бар ғой онлайн коммуникацияда да «тағылық» таныта бастадым. Әлеуметтік желідегі әңгімені жекеме сүйретіп әкелгенде, ортақ чатта отырған адам себепсіз жекеме шыққанда «біртүрлі» болып қаламын. Тіпті тіксініп қалам десем болар.
Жоқ, қоғамнан қашады, депрессияда деп ойлай көрмеңіз. Адамдармен сөйлесуге әрқашан әзірмін. Тек реал өмірде. Өтінемін, тек қоңырау шала көрмеңіз…
Ізетпен Б.

Ұқсас посттар

Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.