Панфилов ауылында 300 бала футболмен шұғылданбақ

Блог - asaubota: Панфилов ауылында 300 бала футболмен шұғылданбақ
18 қараша күні Қазақстан футбол федерациясының міндетін атқарушы Сейілда Байшақов Панфилов ауылындағы ҚР Қорғаныс Министрлігінің Орталық әскерилер спорт клубының оқу-жаттығу орталығының оқушыларымен кездесті. Жас футболшылар мәртебелі мейманның алдында өздерінің шеберліктерін көрсетті.
Сейілда Икрамұлы мектептің ғимараты мен жаттығу базасын қарап шығып, балалар футболына баса назар аударылатынын атап өтті:
— Футбол ауыл балалары үшін «әлеуметтік саты» болуы мүмкін екенін барлығы түсінуі қажет. Біздің міндетіміз ауылдарда футболды дамытып, бұқаралық футболдың деңгейін көтеру. Сол арқылы ғана осы тамаша ойында өзіміздің «жұлдыздарымызды» тәрбиелей аламыз. Балалар футболы — біздің басым бағыттарымыздың бірі. Федерация оны дамытуға көп көңіл бөледі.
Сонымен қатар, Сейілда Байшақов мектеп жетекшілерімен кездесу өткізіп, аудандағы футболды дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Айта кетейік, Асхат Қадырқұлов, Дмитрий Бяков, Евгений Тарасов, Данияр Кенжеханов, Асхат Борантаев және басқа да белгілі ойыншылар оқу-жаттығу орталығының түлектері саналалы.
Орталық жетекшісі Константин Муратидидің айтуынша, оқу-жаттығу орталығын Қорғаныс министрі Сәкен Жанұзақов пен ҚФФ президенті міндетін атқарушы Сейілда Байшақов аралағаннан кейін әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында біздің балалар және жасөспірімдер базасында спортты, оның ішінде ауыл футболын дамыту шешімі қабылданды. Біз қазір ауылдағы балаларды жинап, жұмысты бастауға дайынбыз. Болашақта орталықта 300-ге тарта бала дайындалмақ.
Кездесу соңында Сейілда Байшақов осындай кездесудің аудандар мен ауылдарда жиі өтетіне тоқталды.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше