Жеріну-2

Жағалығына жазығы беймәлім қызыл түлкіні өңгеріп алған ана әртіс жігіт нағыз өнердің киесін ұққан майталман екен. «Балқадишаны» зарлана айтып, көмейінен өксік толы әуенді әуелеткенде тойда отырған кейбір қатындар сүйегі қурап кеткен Балқадишаны қарғады-ай келіп, «Осындай жігіттің төресін еңіретіп қойған Балқадиша бетбақ екен» десті. Ән аяқталысымен ду-ду соғылған шапалақ пен қошеметке мас болған әртіс жігіт күлімдеп, самайынан тамшылай аққан терін иығындағы түлкінің құйрығымен бір сүртіп тастап, қолын кеудесіне қойып еңкейіп жұртшылыққа ілтипатын білдіруді ұмытқан жоқ. Өнерің үстем болсын деп нағашылар, құдалар, достар, жұмыстастар атынан беріліп жатқан шашуларды түлкі шапанының қалтасына сүңгітіп жатты. Шапан қалтасы әдейілеп терең етіп тігілсе керек.
Той қауымына қызмет етіп жүрген даяшы Әсемгүл аққұман ұстаған білегі дір-дір етіп әртіс жігіттен көзін ала алмады. Жасы елуді еңсеріп қалса да ашық-шашық иығына қоса омырауын ақырып кеткен қамырдай төгілтіп қойған сары шашты әйелдің жалаңаш етіне шай құйып алды. «Ах, ты, саплячка!» деп басталған айқай әртіс жігітке көрсетіліп жатқан қошеметтен асып түсті.
Дәретханадағы айнаның алдына келіп еңкілдеп жылады Әсемгүл. Табанынан таусылып жүріп табатыны екі мың теңге, оның үстіне долы әйелдердің айқайы мен сылқым қыздардың еркелігі жүйкесін жұқартатынын қосыңыз. Әнші болып туылса жаңағы әртіс жігіттей бұның да қалтасы қампаяр еді, гүлді көйлек киіп бұл да тойдың гүліне айналар еді. Жылап тұрып айнаға қарады. Домбығып ісіп кеткен сығыр көзі мен әлсін-әлсін су ағып пышылдап тұрған тәмпіш танауы әншіліктің ауылы алыс екенін айтып-ақ тастады.
«Сексен қыз серуенге шықса дағы...»
Жаңағы қоңыр әдемі дауыс дәл қасынан шықты. Шапанын шешіп тастап, ақ көйлек, ақ шалбар киген әртіс жігіт дәл жанына келіп тұр.
-Жылама, атың кім?
-Әсемгүл.
-Әсемгүл… Әсемгүл… – қапелімде бұнымен аттас қызға шығарылған әндер ойына келмеген соң басын қиқаң еткізіп бір қозғады да, — той біткенше кетіп қалма,-деп қалтасына қолын салып жіберіп, әркімнің алақанының тері мен кіріне тойып тұрған үш-төрт қағаз ақшаны уыстап алды Әсемгүлдің алақанына тастай сала асығыс шығып кетті.
Торғайға тұзақты қалай құрушы еді? Жем тастайтын алдына алдаусыратып… Әсемгүлдің жем, торғай, тұзақ туралы ойлауына әлі ерте, ақыл-ойы пісіп жетілмеген педагогикалық колледждің екінші курс студенті еді бар болғаны…

Той аяқталды. Өнер көрсеткен әртістер өзара даурығып алған.
-Сен бүгін Сәкеннен көп тапқан сияқтысын ақшаны.
— Сәкенге жете алмадым.
-Сәкенге оң мың жетпей қалды, — деп тапқан табыстарын Сәкеннің межесімен салыстыруларына қарағанда орталарындағы мерейі үстемі де, беделі биігі де Сәкен болса керек.
Жаңағы маңғаз, асқар таудай биік өнер иелері той тарқасымен пәс болып қалған. Әр үстелден артылып қалған орта шөлмек арақтарды бір-біріне араластырып ішіп, шеті тістелген тауықтың бұттарын ұрттары бұлтыңдап кеміріп отыр.
Тойхананың кіреберісінде тұрған Әсемгүлді көп күттірмей Сәкен де шықты сыртқа.
Іші толған домбыра, гитара, микрофон, темір-терсек, тіпті үкілі сәукелеге дейін тиелген машина отырып Әсемгүл Сәкенмен бірге келе жатыр. Қайда барамыз деп сұрау да ойына келмеді Әсемгүлдің.
Құрқылдайдың ұясындай бір уыс жатақхананың бөлмесіне ертіп алып келді.
-Ән айтып беремін,-деді Сәкен ішке кірерінде. Ән айтудың соңы Әсемгүлдің жігіт атаулымен алғаш рет сүйісуіне ұласты.
«Апам біліп қалса ше, апам біліп қалса ше? Өлтіреді мені» деп тұншыға сыбырлағаны Сәкеннің жағымсыз ыңыранған дауысынан асып кете алмады, өзінен басқа ешкім де естімеді. Қызығушылық пен қорқыныш алма кезек ауысқан сезімнің еркіне еріп есі кіресілі-шығасылы Әсемгүл жағдайды пайымдап та үлгермеді.
Сәкеннің салмағына езіліп, мыжғыланып, жансызданып қалған екі санын сипалап отырып:
-Біз үйленеміз ғой, иә?-деді Әсемгүл.
Сәкен жуап қайтармады. Орынынан тұра беріп, аяқ астына шалқасынан жатқан домбыраға сүрініп қала жаздады да, теуіп жіберді. Дыңғыр-дыңғыр етіп түсініксіз әуен шығарған домбыра өкпелеп қалғандай бір бұрышқа сарт етіп барып құлады.
Әсемгүл де темір кереуетті сақыр-сұқыр еткізіп жалп етіп етпетінен сұлқ құлады да, сыңсып жылап қоя берді.
-Тағы да ақша берем, үстіңе күшті көйлек сатып аласың,- деген Сәкеннің сөзін естімеді де.

3 пікір

merekeee
Неге ұнамағанын жазуға ерініп қалдым
Rozatai
Бұған дейін де көп жерде жазылып келген сюжет. Бірақ, баяндалуы мен кей сипаттаулары ұнады. Жазуы атышулы Жуканың жазуына ұқсап тұр
asaubota
сценарийін алдын ала білгесін қызығемес боп қалды
Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.