Жауапсыз xаттар

Блог - Aygaya: Жауапсыз xаттар

Фб-ны ақтарып отырып, бір жас келіншектің парақшасына жолықтым. Келіншек те емес, кішкентай қыз дерлік. Жанұясы бар еді. Күйеуі мен қызы. Күйеуі — әскер. Мемлекеттің шығысында басталған оқиғалар барысында, ол да, әрине, соғысқа аттанды. Ал 2014 жылдың жаздық шайқастарынан кейін ол тіпті жоқ болып кетті. Өлілердің арасында — жоқ. Тірілердің арасында — жоқ. Тұтқындалғандардың арасында — жоқ.

Соның желідегі парақшасын оқып отырмын. Ал ол парақшасы арқылы күйеуімен сөйлеседі. "Қызымыз үшке де толды. Әңгімені керемет айтады. Сен жайлы жиі сұрайды. Қайдасың, жаным?" дейді. «Бүгін сенің туған күнің. Мен торт пісіріп қойдым. Сен жақсы көретіндей етіп. Оралшы бізге. Біз сені қатты жақсы көреміз ғой» дейді. «Саған ұнайтындай борщты пісіруді үйрендім-ау, әйтеуір. Келші бізге. Сенсіз өмір сүре алмаймыз» дейді.

Осылайша, бітпестей ұзақ тоғыз ай бойы. Онымен сөйлесіп, онымен ақылдасып, оған сауал да қойды. Еш қысылмастан, еш қорықпастан, еш тығылмастан.

Оның аккаунты — біртұтас, бітпес, жібермес жан ауыруындай. Оқып отырған менің жаным осынша қиналса, ол қалай шыдап жүр екен?

Әсіресе, мен бәрінің біткенін біліп тұрсам, ал, әріптерді тізіп, жазып отырған ол — әлі де білмесе…

Сүйек қалдықтарын тексере отырып, жеке басы анықталды. Тоғыз айдан кейін. Қыздың парақшасында жалғыз сөз: «жерледік».

Және көптеген бақытқа толы суреттер. Ол, күйеуі, қызы. Осындай, өзгеше адамдар болады ғой, өзі. Суретте болсын, кафеде болсын, далада болса да — жанарына қарап — бақытты екендігін түсінесің.

Дәл қазір, жесір-қыз өз қызын әлдилеп, ұйықтатып отырған шығар. Мүмкін, өзі де ұйықтап қалған шығар. Мүмкін, ұйықтамаған да шығар.

Ал, мемлекеттің орталығында, біреулер портфель бөлісе алар емес. Бастарының амандығы осындай кіп-кішкентай қыздардың, жігіттердің, балалардың, әйелдердің, еркектердің періштенікіндей сабырларының арқасында екенін түсінбейді. Мемлекеттің жағдайын өзгертуге, аз ғана болса да, уақыт беру үшін өз өмірлерін пида еткен, ысырып қойған адамдардың арқасында екендігін түсінбейді.

© Зоя Казанжи. Украина. 2016 ж.
Бөлісу:

11 пікір

Basic
Ұнады. Әсерлі. Жазбаларыңызды күтемін.
Sebastian
Соғыс — ойын. Адамдар — ойыншықтар :(
asaubota
қош келдіңіз!

мықты авторлар келе бастады сайтқа
Marco
"Әскер" деген жалпы есім емес пе?
Aygaya
Дұрыс айтасыз. Расында да солай. Қолымнан келгенінше аударған едім. Келесіде мұқият болармын.
merekeee
Зоя деген автор ма, әлде сол қыз ба? Әсерлі жазылыпты!
shota2030
Зоя Казанжы блоггер ау деймін. Фыбыда іздеп тауып алдым, 22 мыңдай оқырманы бар. Автор. Ана қыз басқа адам