Екі тағдыр – бір сезім

— Қалайсың жаным, жақсы барып қайттың ба? — деп күйеуім мені есіктен күлімдей қарсы алды. Көңіл-күйім төмен болса да, мен оны білдіртпеуге тырыстым. Алғашқы жүктілігім болғасын ба, кейде тез шаршап, кейде өзімнен өзім жылағым келіп тұратыны бар. Бүгін де көңілім құлазып, жүрегім әлденені сезгендей шаншып, мазамды ала бергені. Мен аяқ киімімді шешіп, күйеуіме қарап, езу тарттым.
— Бәрі жақсы! Дәрігер «папасына айтыңыз, балапаны бұзық болмасын» деп ескерту жасады.
Бұны естіген отағасы мәз, ішімді алақанымен сипап, «біздің бала бұзақы емес, әшейін маған тартқан белсенді жігіт қой» деп, мені қолымнан ұстап, асүйге қарай жүрді.
— Үйде қонақ бар! Дастархан басында отырып, біраз нәрселерді талқылап тастадық. Жүр, мен сені таныстырайын! – деді.
Мен ас үйдің табалдырығын аттай беріп, талып қалуға шақ қалдым. Үстел басына жайғасқан қонақ маған жат адам емес. Енді өмірімде оны жолықтырамын деп ойламаппын. Қонақтың да түрі бірден өзгерді. Сірә, оның да мені көретіні жоспарда болмаса керек.
— Танысып қойыңыз, Жәке, Перизат келініңіз осы кісі! Жомарт — менің көмекшім, менің бизнес жолымдағы алғашқы демеушім, қолдаушым, Жалғас Маратұлының кенжесі. Енді менімен бірге жұмыс атқарады, — деп отағасы біздің кейпімізді аңдымай бір бірімізді таныстырып әлек.
Таныстық ишаратын жасап, қолын созса да, Жомарт орынан тұрмады. Енді ғана байқадым, ол үстелді бойлай қойған орындықта емес, мүгедектерге арналған креслода отыр екен. Жүрегім біртүрлі болып шаншып кетті. Мен жауап ретінде басымды изеп, киімімді ауыстырып келейін деп, ас үйден шығып кеттім. Көз алдым бұлдырап барады. Шағын дәліз ұзақ болып, мен жатын бөлмеге әрең жеттім.
Біліп болмайтын жұмбағың көп, тағдыр, неткен сұм едің?! Бір болуды жазбапсың, не үшін жолықтырдың?
— Сенсіз өмір — мәнсіз екенін түсіндім, жаным! Маған мәңгі жар болуға келісесің бе? — деп әдемі сақинасы бар қобдишаны ұсынған Жомарт күлімдей қарады. Әрине, оған жар болу арманым еді, бірақ бір жағынан кешқұрым саябақта машина ішінде мұндай ұсыныс жасайды деп ойламағандықтан сасып қалсам да, қуанышымды жасыра алмай басымды шұлғи бердім.
— Әрине, әрине келісемін!
Ол мені құшақтай алды.
— Мен ертең ата-анама жетіп, саған құда түсірткіземін, сосын сені өзіммен Алматыға алып кетемін, деп ол мені ұзақ сүйді. Сол кеш өмірімдегі ерекше кештердің бірі болатын.
Жомарт алматылық жігіт еді. Екеуіміздің таныстығымыз да қызық — вокзалда Алматы — Астана пойызын күтіп отырғанда, «танысайық» деп жанымнан айналышықтап кетпей қойған еді, одан кейін жолсеріктермен келісіп, пойызға отырып алыпты. Бейтаныс қыз үшін осыншама әбігерге түскен жігіттің әрекеттері тұрпайы көрінгенімен, сол таныстық үлкен махаббатқа ұласқан болатын. Ол Алматыдан әдейілеп, апта сайынғы демалыстарда көлігімен Астанаға келіп тұратын. «Шаршайсың ғой осы апта келмей-ақ қойсаңшы» деген кездерімде, «сен мені сағынбаймысың?» деп жас балаша ренжіп қалатын.
Таңалакеуімде ол Алматыға жол жүріп кетті. Оның хабарын тағатсыздана күтіп мен қалдым. Бірақ ол хабарласпады. Шыдамым таусылып, телефон шалып едім, абонент байланыс аясынан тыс жерде дегеннен басқа жауап алмадым. Дей тұра, үмітімді үзбей телефонды бір сәтке де жанымнан алыстатпай ұзақ тосып жүрдім. Бірақ, арада бір ай өтсе де, Жомартымнан хабар ала алмадым. Тәуекелге бел буып, Алматыға өзім аттандым. Бір-бірімізді бір жылдан бері білсек те, ата-анасын, достарын танымағаныма өкіндім. Үйінің мекен-жайын арадағы әңгімеміз арқылы білетін едім, ұшақтан түскен бетте тұспалдап сол жерге бардым.
Жомарттың тұрмысы жақсы, бай-қуатты жанұяның перзенті болатын. Дарбаза алдында мені күзетші күтіп алды. Келген жайымды, аты-жөнімді сұрап алғаннан кейін «күте тұрыңыз» деп өзі ішке хабар берді. Жарты сағаттай уақыт өткен соң күтуші әйел келіп, соңымнан ер деген ишарамен мені үйге кіргізді де, өзі қайта шығып кетті. Екі қабатты үлкен үйдің кіреберіс дәлізінің ортасына аппақ диван қойылған екен. Мен зарығып күтіп жүрген Жомарт сонда отыр. Осыдан бір ай бұрын ғана бәрінен де ыстық, жаныма жақын жанның бүгінде түсі суық. Мені көріп, ол қабағын түйді. Мен әрі қарай аттай алмай орнымда тұрып қалдым.
— Айта бер! — деді ол бейне күнде көріп жүрген адамындай.
Аузыма сөз түспей, мен ұзақ тұрып қалдым. Үнсіздікті Жомарттың өзі бұзды.
— Перизат, сен мені текке іздеп келдің! Хабарласқым келсе, өзім ақ хабарласар едім… Яғни зауқым соқпағаны. Уақытыңды босқа кетірудің қажеті жоқ еді.
Көңілімде, жүрегімде орын алған үміт пен үрей аралас сол бір сезімді сөзбен жеткізу тіптен қиын болатын. Аман-есен көргеніме бір қуансам, мына сөзіне, әрекетіне ызаландым. Мен не дерімді білмей, оң қолымдағы сақинаны шешіп, жанына бардым да, диван алдында тұрған кішкентай үстелдің үстіне қойып, бар болғаны «мынаның қажеті қанша еді?» дедім.
Ол күлді. Бұрын оның күлкісін ұнататын едім, қазір мына орынсыз күлкі бетіме түкіргенмен бірдей көрінді.
— Мен айныдым. Қателік жасаппын! — деп ол мырс етті. — Бар айтарың осы болса, Қалима сені шығарып салсын,- деді ол бұрынғысынша суық қалпында.
— Қажеті жоқ. Өзім кете беремін, -деп кілт бұрылып, артыма қарамай шығып кеттім. Ол да орнынан тұрмады. Қош та демеді. Мен құсалықпен күн кешіп, ұзақ қайғырдым. Кейде екеуміздің кездескен күнімізге лағынет айтқан кездерім де болды. Кейіннен Медетті кездестірдім. Мен оны Жомартты сүйгендей сүйе алмадым, бірақ ол мені құлай сүйетін еді. Екеуміз шаңырақ көтердік. Екі айдан соң тұңғышымыз өмірге келмек. Бақытты едік, тағдыр тағы оны не үшін жолықтырды? Мен көзімнің жасын сүртіп, төсектің шетіне енді отырған едім, бөлмеге Медет кірді.
— Жаным, саған не болды? — деп, ол мені құшақтай алды.
— Ештеме! Әшейін, көңілім біртүрлі құлазып тұрғаны, — деп мен күйеуімді қатты құшақтадым. Оның шексіз махаббаты үшін құрметтейтін едім. — Айтпақшы қонағың қайда?
— А, Жомарт па? Асығыс бір істері шығып қалып, сонымен кетті. Негізі ол өте жақсы жігіт! — деп жолдасым арқама көрпе жапты.
— Жақсы?!
— Ия, өте тамаша жігіт! Папасы да алтын адам. Кейін таныстырамын ғой, — деді де күйеуім менің жаныма отырды, қолымды алды.
— Бұл жігіттің де кешпегені жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл бір қызға ғашық болған екен. Айтпақшы, сенің жерлесің, астаналық. Сөйтіп екеуі үйленбекші болады.
Күйеуім маған таныс әңгімені бастай жөнелді.
— Жаңағы қызға сақинасын сыйлап, құда түсемін деп кеткен кезінде, бұл бейбақ жол апатына ұрынады. Содан осылай екі аяқтан қалады, — деп Медет бір тоқтады. Жүрегім зу ете қалды. Басында басты кейіпкері мен ұқсаған әңгіме, енді мен білмейтін арнаға бұрылған тәрізді.
— Ал қыз ше? — дедім мен жолдасымның көзіне тіке қарай алмай.
— Қызда да, әрине, кінә жоқ. Ол сорлы бұны Астанадан іздеп келсе керек. Бірақ бұл қыздың тағдырын байлағысы келмей, мүгедек екенін білдіртпейді. Ебін тауып, қызды қуып шыққан көрінеді.
Тамағыма бірдеңке келіп, тіреліп қалғандай болды, көзімнен аққан жасты жолдасыма түсіндіре алмасымды біліп, мен оның құшағына тығылдым.
— Жаным, жаным сол! Көңілің онсызда құлазып тұрғанда бекер айттым ғой саған. Уайымдамашы, жақында сол қыздың тұрмыс құрғанын естіп, бұл да ес жинаған көрінеді. Әйтуір сол бақытты болып кетсе, мен де өмірімді өз өзіме кінә артпай жалғастыра беремін, деп шешіпті. Содан міне жұмысқа тұрды. Мен де оған барынша көмектесуге тырысамын, — деп ол алақанымен менің көз жасымды сүртті.
— Сен одан да айтшы, дәрігер біздің балапан туралы тағы не айтты?
Мен үндей алмадым.
Өйткені, енді ештеңе айта алмастай күйге түскен едім…
20.05.2014

Ұқсас посттар

24 пікір

Daniar-Alan
Кәріс фильмдеріндей екен :)
klara_yermagambetova
комплимент деп қабылдап отырмын, Дәке?!)
MERmukhanov
ава қайда, Клара?
klara_yermagambetova
қазір қоямын. Енді меңгеріп жатырмын Керекті)
Daniar-Alan
Комп алдында көп отырып, құрғап кеткен линзаны суландырып алуға болады екен. жЪләдім.
Basic
жо былай жжаман емес. Кеше көбәріп сияқты еді. бүгін тіпті көзімді бір сығып алдым :D
MERmukhanov
но минус не вернуть дейс)))
klara_yermagambetova
:Q
MERmukhanov
противовес плюстедім ал — аванспен бірақ))
Basic
бәлкім ұқсастық шығар. Дәл осындай сюжетті клип көргем. Таппай қойдым сілтемесін сосын салам.
Айтпақшы Мақта қыз қайда осы? Оның жазбаларын да ұнатпайтынмын. Бірақ бірін қалдырмай оқитын едім *lol**lol**lol*
klara_yermagambetova
мен тіпті инопланетянин туралы жазсам да, біреудің туындысына ұқсап кетуі мүмкін. Себебі, өмір ғой)
Basic
әрине. тігіп кетті деген ой жоқ. Просто уже все гениальное до нас придумали деуші ма еді 8-)
klara_yermagambetova
все равно не буду сдаваться)
asaubota
мынау шығар деп ойлаймын
AKY
Не дейміз, керекинфоға жан кіріп қапты)
Сол үшін плюс.
MeihuaZheng
былай… жылауық оқиғалар оқығанды жек көрем. но для определенной аудитории весьма неплохо.
логикалық ауытқу, стилистикалық, лексикалық, грамматикалық қателер жоқ.
DinaAbdigalieva
өзгелерді білмейм, бірақ мен жыыыыладым;( Тым сезімтал шығармын)
merekeee
«Азапқа толы қыз ғұмыры»
Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.