Ресей - Түркия шиеленісінің туризмге әсері қандай болмақ?

Блог - asaubota: Ресей - Түркия шиеленісінің туризмге әсері қандай болмақ?

Көршіміз Ресей және бауырлас түрік елінің арасындағы салқын соғыстың туризмге әсері қандай болмақ? Ресейдің санкциялары Түркия туризмін қаншалықты қинайды? Жалпы болжамдар қандай?

Осы сұрақтарға университетте бірге оқыған достарыммен талқылап, жауап іздеп көрген едім. Жоғары білімді Түркияның Эскишехир қаласындағы Анадолу Университетінде алдым, туризм факультетінде. Түркия туризмін іштен көрген, сол аймақта аз болса да еңбек өтілі бар адам ретінде мені де алаңдатпай қоймайды әрине бұл мәселе. Оқу бітіргеннен кейін жан жаққа шашылып кеткен курстастарымнан осы мәселе бойынша сөйлескенімде әр қайсысы түрлі пікір айтты.

Нилюфер Сэтревик (Норвегия)
Сырттан бақылаушы ретінде айтар болсам, ақша үшін сапаны түсіргендері соншалық Еуропада нашар демалыс деп Түркиядағы оллинклюзив (all inclusive — бәрі тегін) демалысты айтады. Негізінде тек Ресей емес, бірнеше ел қазір Түркияны демалыс тізімінен шығарды, қауіпсіздігі нашар ел ретінде. Соңғы жылдары Испания мен Грекияда арзан демалуға болады. Хорватия мен Болгарияда да демалыс танымалдық ала бастады. Менің ойымша бұл жағдай Болгарияның пайдасына шешіліп кетуі ықтимал. Ал, Түркияда ішкі туризм дамуы мүмкін, егер өз адамдарына демалыс үшін қолайлы жағдай жасалса әрине.

Ялкун Ахметов (Қырғызстан / Түркия)
Түркияның ЖІӨ-нің (жалпы ішкі өнім) 4-5%-ын туризм құрайды. Ресейлік туристер жалпы турист санының 12%. Яғни, ЖІӨ-нің 0,4-0,5% ресейлік туристерден түседі. Бірақ, Анталья аймағында жазғы маусымда (01.04 — 30.10) туристердің 25-30% ресейліктер. Әр үш туристің біреуі орыс десек те болады. Санкция жазға дейін жалғасатын болса көптеген қонақүйлер және турфирмалар зиянға ұшырайды. Тек орыс нарығымен жұмыс істейтін отельдер бар. Біразы жабылып қалуы мүмкін. Туризмнен басқа салаларға да эмбарго бар. Бірақ, ең ауыры туризм әрине.
Мәселенің бұлай ушығуы Түркияның Грекия, Хорватия, Черногория, Испания, Болгария, Франция, Италия, Кипр сияқты қарсыластарына пайдалы болайын деп тұр.

Ескендер Ганиев (Қырым / Мальта)
Түркияға тыйым әрі қарай жалғасатын болса туризм қатты зардап шегеді деп ойламаймын. Бұл үшін Еуропа нарығы бар, бұрынғы КСРО-ның басқа елдері бар, ішкі туризм бар. Бұның бәрі сыртқы жауларды іздеу арқылы ішкі мәселелерден алаңдату үшін қолдан жасалып жатқан амалдар деп ойлаймын. Ресей көп нәрсе бойынша Түркияға тәуелді. Тек туризм мен көкөніс емес, ауыр өнеркәсіп, текстиль, құрылыс саласы, көлік қатынасы бойынша да тәуелді.

Нихаль Каялы (Түркия)
Ресей мұндай шешім қабылдаса да туристік кешендер бос қалмайды деп ойлаймын. Ішкі туризм үшін ыңғайлы бағалар жасай бастайды. Бірақ, зергерлік бұйымдар, киім, тон және т.б сататын жергілікті кәсіпкерлер зиян шегеді.

Салават Зайнуллин (Ресей)
Егер түрік басшылығы жағдайды осылай шиеленістіре беретін болса халық та түрік жағалауларына суи бастайды. Бастапқыда мәселе шешіледі, күрделенбейді, жұрт Түркияға бәрібір барады деп ойлағанбыз. Қазір олай айта алмаймыз.
Қырым бар, Сочи бар, Қара теңіз бар. Бұл аймақта да Түркиядағыдай оллинклюзив енгізбекші. Партия айтқан болса — демек солай болады.
Кей достарым Жаңа Жылды Бурсада шаңғы теуіп қарсы алатын еді жыл сайын. Биыл Таиландқа барғалы жатыр. Бұл жазда да осылай болмақ. Жұрт бағыттарын өзгертеді енді Қытай, Бали, Таиландқа қарай. Шетелге шығуға мүмкіндіктері жоқтар КСРО кезіндегідей жеңіл көлік, пойыздармен Ресей курорттарына ағылады.
Әлбетте басқа жолдармен Түркияға демалысқа баратындар да болады. Бірақ, олардың саны аз бәрібір. Ресейлік туристердің жетіспеушілігінен түрік туризмі зардап шегетіні анық. 1 жылдағы бос орынды тур операторлары еуропалық туристермен толтыра алмайды. Жабылып қалатын турфирмалар мен отельдер көп болады.

Жалпы курстастарымның пікірлері Түркия туризмі үшін пессимистік көзқараста. Мамандардың пікірі де осыған жақын. Түркия туризмі ауыр шығынға бататыны анық. Ішкі туризмді дамытудан басқа амалдары жоқ, шетелдіктерге арзан болғанымен өз халқы үшін қымбат болатын бұрын. Сондай-ақ «no russians» деп аталатын демалыс түрін іздейтін еуропалықтардың санын арттыру үшін қимылдаулары қажет. Біздің қазақстандық турфирмалар да бұл мәселені өз пайдасына асыра алады, егер Ресейге жақын орналасқан аймақтардағы фирмалар Ресейден Қазақстан арқылы ұшқысы келетін туристерге арнайы кампаниялар ұйымдастырып, қолайлы тарифтер ұсына алса.
Бөлісу:

7 пікір

MERmukhanov
Аһа, Ресейліктерге арзан ұсыныс жасауға болар еді біздікілерге...
Гүлнар тур сияқты боп кетпесе :D :D :D :D
asaubota
бірақ турист түгіл футбол командаларымыздың ешқайсысы биыл қыста Түркияға жаттығуға бармауы мүмкін
Marco
Мақтарал жүр дейді ғо уже? Әлде жаңсақ естідім бе екен? Бірінші лиганың командасына сонша ақша шашып не керек деп ойлап едім) өтірік шығар)))
asaubota
1-лига ЖЖдан кейін жиналады. Ордабасы точно бармайды деп жатыр Түркияға. Эмират немесе Кипр

На УТС за пределы Казахстана южане собираются отправиться 5 января. В настоящее время руководство «Ордабасы» стоит перед выбором, где провести эти сборы — в ОАЭ или на Кипре.
Nurgisa
All inclusive пакеті бойынша басқа провайдерлер қанша тыраштанса да, Түркия ұсынғанның 50 пайызын ұсына алмай ма деп ойлап қоям. Анталья әзірше нашарлай қоймады. Қандай да бір төтенше жағдай орын ала қалса, вот сонда үрей күшейеді. А так, бір ғана ұшақтың атып түсірілуі мен кемелердің түсініспеушілігі турист нөпіріне кедергі болмау керек сияқты.
Marco
Стамбұлдағы жарылыстар ше?
Rafaello
Түріктерге кеңес: Түркия сұмдық арзандапты деп вирус роликтер жіберу мамыр айында. Роликке украиндарды жалдап түсіру Тагил стилінде киіндіріп қойып