Arular.kz

Террафаг гуманус

Адам жайлы толғағанда лиризмге берілу керек депті бір ақын. Оттапты. Цинизмнен басқа қатынас тудырмай тұр сол тіршілік иелері.
Жә, басынан түсіндірейін. Осы біз қандай да бір мамандық иесі, ел алдындағы қандай да бір шебер туралы «болдыртты» деп жатамыз. «Дәурені өтті оның» дейміз. Ана бір футболшыдан қайыр жоқ, мына бір әнші түгесілді дейді біздің жұрт. Адам тағдырының аудиторлары, енесі о несі демеңіз…
Сол секілді, абсолют ұғым болмаса да… жалпы алғанда, адамзат өзін тауысып бітті. Немесе сол сәтке аса-аса жақын.
Адамзат — өзі мекен етіп отырған планетасы түгіл бірін-бірі аяламайтын, бағаламайтын, қанайтын, ашкөз, эгоист субъектілер. Құндылықтар сублимациясы кезеңін қолдан жасап алып, бір шағын қаскөй топтың дегені болып отырғандай. Құдайға тәуелді екеніне сенбейтіндер мұнайға тәуелді екенін біледі. Пайдалы қазбаны алудай-ақ аршып алады, қарын тойдыру үшін басқаны отап-өлтіруге құмар. Саяси пиғылдарын салиқалы сөзбен сырлап, ділда үшін ділмәрсиді, сайтанға сай сайқалданады. Эстетикалық рақаты үшін антропогендік факторды биотикалықтан басым қоя отырып, зәулім құрылыстар салады. Жоқ, әлде бұл позитив па? Тән ләззаты үшін де бәріне әзір: азғындықтың шегі моральдық табуларды өзгерте бастайды. Адам ата — әйеліне адал болған сирек еркек қой жалпы, оның өзі зоофил болмау бұйрығынан шығар. Әсіре ысырап, асыра асырап, бір түкпірде тамшы суға зар барын ұмытады. Бара-бара азық-түлік қоры да түгесіледі, мал түгілі адам баласына жетпейтін кезең жуық. Иә, малдың өзі — азық-түлік қоры екен ғой, айтпақшы...Блог - MERmukhanov: Террафаг гуманус
Жоқ, табиғатта бәрі қалпына келеді, жаңарады, қайта жаңғырады, фотосинтез аман болсын дейтіндердікі дұрыс. Бір жағынан, ұрпақ сапасы да жақсаруы мүмкін емес пе? Бірақ, шыны керек, адамзат заңдылықты бұзған үстінен бұза түсіп жатыр. "Қой" дейтін ешкім жоқ кезде есіре түсетін есер бала секілді.
Күпірлік демеңіздер, Құдай тағала шынымен ұлық. Мұндай төзім тек хақ жаратушыда бола алады. Әйтпесе, аз-мұздан емес, бір-ақ сәтте адамзатқа қасақ келтіруге толық моральдық құқығы бар. Сонан кейін галакикадағы бос құрдым кеңістікке, немесе, әрі кеткенде бөлшек-бөлшек астероидтанған қалдықтарға қарап отырып, "Қап, обал-ай, бекер істеппін!" деп өкінетін не ұялатын (кімнен???) реті жоқ.
Құдайға сенбейсіз бе? Жақсы, онда Жерге сеніңіз.
Біз тұратын планетаның тірі мақұлыққа алғаш ұқсатқан жазушы Артур Конан Дойль деседі. «Жер айқайлап жібергенде» атты ғылыми-фантастикалық романында Жердің үстінде қаулаған өсімдіктер — мақұлық денесіндегі түк пен жүнге, жанартаулар — дененің жылу нүктелерін білдірсе, судың көтерулі мен қайтуы да адам ағзасындағы процесстерге ұқсастай.
Ғалым Игорь Яницкий болса, Жер тек тірі емес, тіпті саналы да деп тұжырымдайды. Ақпарат алмасу тұрғысынан күн мен жалпы галактика орталығымен байланыста-мыс. Бопты.
Біздегі Адамоцентризм — табиғат заңдарын меңгеруде тұйыққа тірейтін ғылыми әфсана. Профессор Кузнецов секілді Жерге хат-хабар жіберіп, өтініш айтпай-ақ (кеңестік дәуір эксперименттері), адамның — жалпы Жердің бойындағы микроэлемент екенін ұғуға болады. Адамдар мен мақұлықтар, өсімдіктер мен саңырауқұлақтар — жасуша түрінде орын алатын теория ұсынған ғалымдар да бар. Жасуша болса, адам — залалды жасушаға айналғалы біраз болды. Мен адамзатты «Террафаг гуманус» («Жерді жеуші адам тектес») деп атар едім.
Блог - MERmukhanov: Террафаг гуманусҚұдайдың делік белгілері қазіргі ислам дінінің аясында жиі айтылып тұрады. Ал Жердің ескертулері кейде елеусіз қалып жатады. Жарайды, сенбей-ақ, қызық факті есебінде қарастырайық. Британияның Гэмпшир графтығында «Біз жалғыз емеспіз» деген жазу табылды. Оның ерекшелігі — әрбір әрпі 36 метрдей, егістік алқабында жазылған. Біреулер мұны бізге жолданған ақпарат дейді. Ал меніңше, бұл сонымен қатар бір ағзадағы символика.
Адамдар да татуировка жасап тұрады ғой, иә?
Жасушалар, немесе бактериялар делік — ағзаның құрамдас бөлігі. Пайдалы бактериялар көп-ақ. Өз қызметін атқаратын, белгілі бір аймақта шоғырланған тіршілік иелері. Анда-санда ондай бактериялар мутацияға ұшырайды. Олар зиянды бөлшектерге айнала бастайды. Рак жасушалары секілді, немесе одан жеңілдеу зарар болуы ды ықтимал. Физиология, биология ілімінде бұл процесс жиі кездеседі.
Жоқ, жігіттер, мойындайық. Ситуация: әйтеуір Аид спам жібермей тұрып алдын-ала біліп алдыңыз делік. Дәрігер шақырып алып: «бір белсенді бактерияларыңыз бар, олар мүшелеріңізді зақымдап, пайдалы ферменттер мен гормондарды өз пайдаларына жұмсап, басқа пайдалы, табиғи бактерияларды жойып жатыр. Вакцина түрлері бар, қабылдаңыз» десе? Арттарың бүрісіп, жедел таблетка сорып, не егіле бастар едіңіздер.
Тура сол сияқты: адамзат өзге тіршілік иелері мен табиғи орта компоненттерін зиянкестікпен құрта бастады. Өз қажеттілігінен артық, тіпті қисынға сай қажет емес төңіректі өз ләззаты үшін меңгере бастады. Өзге мақұлықты еріккеннен атып, арналарды бітеп, ағашты отады. Әлбетте, зиянкесті құрту үшін Жер шешей түрлі нәубет жіберіп жатыр. Жер сілкінісі, жанартау, су тасқыны… Бір жағынан, мына бір жебірлер бір-бірін де қырып тұрады: террор, соғыс, қастандық. Бар, бар ондай бактерия түрлері. Мутацияға ұшыраған түрлері.
Елестетіңіздерші, Жер ана адам кейпінде: «Ах, қаншық, ах, енесі» деп, вакцина салып, егіліп жатыр, зиянды бактериялар өлмейді, тыпырлап, бірдеңе қылып қорғанады. Тұтас ағзаны меңдеп алған. Террафагия ғылымының докторлары. Ақылдары өзімшілдігіне сай. Шығарып көр ондай дертті…

Біз өзіміз тұратын Үйімізге және Үйдің негізгі қожайынына лайық емеспіз. Мүмкін, Құдай тағала соңғы үмбеті, Жер ана соңғы демі мен соңғы саналы тұрғыны қалғанша шыдауға бар шығар. Білмеймін. Пандораның жәшігінің түбінде үміт қалған еді ғой.

" data-width="600" data-numposts="5">

5 пікір

avatar
Дүлей табиғи апаттар да адам тым көбейіп кеткен жерлерде болатын сияқты осы. Бүгінгі заманға дейін соғыстар, эпидемиялар адамдарды қырып салып, санды тұрақты ұстап келіп еді, енді бір отыз жылдан соң 9 млрд-қа жетеміз дейді. Уот, сол заманда мұнай емес, су үшін соғыс басталса жуть болмақ.
avatar
Фарго сериалының 2-маусымында 1 дүкендегі стикер
avatar
Жер бір күні жойылып, мұндағы тіршілік тоқтайды деген ой маған ұнайды) Ойнасақ та біраз жерге бардық қой. Ал күн сөнеді деген ой ұнамайды))
avatar
Әрқашан күн сөнбесін!
Аспаннан бұлт төнбесін!
Қасымда болсын мамам,
Болайын мен де аман.
%)

Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.