БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫҢ РИЯСЫЗ КҮЛКІСІ!

(2-ші бөлім)
1875 жылдың 2-ші маусымында Бостон университетінің Шешендік өнер мектебінің профессоры Грехем Белл ең алғаш рет байланыстырушы сымдардың көмегімен өз көмекшісінің дауысын естиді… Өнертапқыш шотландықтың бұл жаңалығы тарих бетінде «телефон» (қаз.сымтетік) деген атпен қалады… Осылайша телефон байланыс құралы ретінде қолданысқа ене бастады… Одан бері қанша уақыт өтті… Телефонның түр-түрі шықты…
2004 жылы біз де телефон кіргізіп, қолданысқа қостық… Ол кезде менің жасым 10 жас шамасында болатын… Əлі баламын… Қуанышымда шек жоқ… Сағат сайын барып пернелерін басып, дыбысын тыңдап қоямын… Ешкіммен сөйлеспесем де тыңылдаған дауысын естудің өзі бақыт еді… Телефон жалғыз туысымыздың үйінде бар еді… Ол нағашы апамның үйі болатын… Бірде анамнан нағашы апамның телефонын сұрап, жазып алдым… Осылайша хабарласып, сөйлесетін адамды да таптым… Апам Түлкібас ауданында тұрады, ал біз ол кезде Шым қалада тұратынбыз… Бұрын телефон болмаған, қайдан білейін, қала аралық, аудан аралық төлемдердің болатынын… Сөйтіп телефонды қолға алып, тықырлатып нөмірін тере бастадым… Тың-тың-тың деген дыбыс ғана естілді… Сөйтті де ар жағынан бір жанның дауысы шықты;
— Аллоо…
— Алло, кім бұл? Мен, Балнұрмын ғой, Аида, сенбісің...? — дедім…
Сондағы мақсатым нақ нағашы апамның үй телефонына қоңырау шалғанымды нақтылап алу еді… Күдігім сейілді… Себебі сымтетіктің арғы жағынан шыққан дауыс;
— Ия, Балнұр əпке мен ғой Аида, — деді…
Қуанғанымды айтып жеткізе алмаймын… Хал-жағдай сұрасып болғаннан соң, телефонды апама беруін өтіндім… Сіңілім күте тұруымды сұрады… Сөйтіп күтіп отырмын. Ары күтемін, бері күтемін келер емес… Арада 5-10 минуттай уақыт өтті… Əлі жоқ… Сөйтіп отырғанымда анам жұмысынан келіп қалды… Мені көрген анам, бастапқыда ойнап отыр екен десе керек-ті… Кейіннен барып, «Сен əлі отырсың ғой, қой енді тұтқаны… » деген сөзіне: "Қазір апамды күтіп отырмын, келер емес" — деген жауабымнан барып ойын еместігін аңғарды… Қасыма келіп, «ақымақ қыз, алыыс жақтарға қоңырау шалғанда көп ақша төлетеді. Мұның не?.. » — деді… Сөйтіп қолымдағы телефон тұтқасын алып қойды… Апаммен сөйлесе алмасам да, телефон тұтқасының ар жағынан жан баласының дауысын естігеніме мəзбін… Құдды телефонның тілін білетін өзім ғана секілді сезімдемін… Бала көңіл ғой… Міне сол кезден бақандай 11 жыл өтіпті… Қазір бұрыңғыдай емес… Сымсыз телефонның заманы… Əр үйде бір телефон емес жеке бастарында бір-бір телефоннан бар… Керек десең қос-қостан… Технологияның заманы ғой шіркін...!

P.s. Қолымыз жеткенге қуана білейік..!
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше