"Бесік" туралы сіз білмейтін сырлар

Бесік- көшпелі ата-бабамыздан қалған мұра.
Бесік қайдан пайда болды?
Блог - MyrzahanUbaydaev: Бесік туралы сіз білмейтін сырлар
Аңызға сүйенсек, ең алғашқы бесік Жетісу мен Алтайдың бойын мекен еткен Айдархан бидің кезінде пайда болған. Айдархан бидің әкесі, төңірекке белгілі Мизам баба, қазақ даласына ағаш отырғызумен, орманды көбейтумен айналысса керек. Елге сыйлы Мизам баба 150 жыл өмір сүріпті. Өзі сүрген ғұмырында еккен көшет-талдардан үлкен бау-бақшалар өсіп шығыпты.
Мизам бабаның о дүниеге сапар шеккенінен хабардар қытайлар, бақилық бабаның еңбегін көреалмаушылықпен өртеп жіберіпті. Сол уақытта Мизам бабаның баласы, Айдархан би, алыс ауылға сапар шегіп кеткен екен. Би түсінде әкесін көреді, лезде бір сұмдықтың болғанын сезген ол, үйге қарай аттың басын бұрады. Ауылға асығыс жетіп, ну орманның орнында шөл далаға айналған ауылын көріп қатты қапаланады…
Бірақ жылдар өте береді… Айдархан би үйленіп, ең тұңғышы туылады. Бірақ туыла сап, сәби тоқтамай жылай береді. Оған шартарапқа аты шыққан емшілер де көмектесе алмайды. Бір күні бала жылауын тоқтатады. Әкесі қуанып кетіп, жүгіріп үйге кірсе, оны ақ шапан киген бір қария өрттен аман қалған сынық бұтақтарға жатқызып, сәбиді тербетіп отырады. Айдархан би жақын келгенде, ақсақал ғайып болады. Оның орнында қалған ағаш бұтағымен Айдархан, қазіргі «бесік» деп айтылып жүрген бұйымды жасайды.
Осылайша, «бесік» көшпелі қазақ халқының ажырамастай мұрасына айналады.

Бесіктің сәби денсаулығына пайдасы
Бесіктің құрылымы алып жүруге жеңіл, ықшам және берік. Ол баланың таза жатуына көмектеседі, өйткені арнайы қойылатын түбек пен шүмек баланың кіші дәретін жаймай, таза және ұзақ ұйықтауына септігін тигізеді. Бұл үй шаруашылығымен айналысып жүретін анаға қалай қолайлы болса, көшіп-қонып жүргенде, баланың өзінің де денінің сау болып өсуіне де тиімді.

Бесіктің жабдықтары – түбек, шүмек, құс төсек, жастық, жөргек, қолбау, тізебау, тізе жастық, екі тартпасы.

Бесіктің тал бесіктен басқа «аспалы бесік» деп аталатын түрі де болған. Жалпы ата-бабамыз бесікті қасиетті, құтты мүлік деп есептеген. Мұны бабамыз Төле бидің мына бір әңгімесінен байқауға болады: Жоңғарлар шапқыншылығынан тоз-тоз болған ел таулы жаққа қарай босып, көшіп келе жатқанда, екіқабат жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі: «Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай», — дегенде, Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой», — деген екен.

Бесікке бөлеу
Бесік туралы айтқанда, баланы бесікке салу ырымы жайлы айтып кетуіміз керек. Өйткені ата-бабамызда қалған қайсыбір дәстүрді алып қарасаң да, белгілі бір маңызы әрі пайдасы бар. Бесікке салу рәсіміне ауыл-үйдің әйелдері шақырылады, олар өздерінің шашуға деген заттарын ала келеді. Ал бесікке салу жолы ауылдағы ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, өнегелі әжелерге, әйелдерге тапсырылады. Бір-екі келіншек бесікті жақсылап жабдықтаған соң, алдымен, бесікті отпен аластап алады, сосын «тыштырма» жасайды (бесіктің түбек салынатын тесігінен балаларға тәтті үлестіріп беру осылай аталады). Бұдан соң нәрестені айнала отырып, бесікке бөлеп, оның үстіне, баланы әруақтар қорғап жүрсін деп, ата-бабадан қалған сырт киім, ел тізгінін ұстар азамат болсын деп, аттың тізгінін, ел арасында айбынды болсын деп, қамшы қояды.
Блог - MyrzahanUbaydaev: Бесік туралы сіз білмейтін сырлар
Бөлісу:

5 пікір

AinurSeitinbetova
Жаңа мәліметтер алдым, рахмет. Енді сол әңгімелерге сілтеме де қойсаңыз нұр үстіне нұр болар еді.
qonyrbai
Бе сік деген қазақта болмаған ешқашан. Бе сіктің балаға зияны көп.