Шәкәрім Университетіндегі шуақты шаралар

2014 жылғы 29 желтоқсанда Семей қаласы Шәкәрім атындағы мемлекеттік унииверситетінің Қамқорлық кеңесінің бірінші отырысы болды.

Жоғары оқу орнының Қамқорлық кеңесі Қазақстан Республикасы білім және ғылым Министрлігінің бұйрығына сәйкес ЖОО-дағы басқару жүйесін демократияландыру, олардың қызмет тиімділігін арттыру, білім беру қызметінің абырой-беделін күшейту, оның сапасын жақсарту мақсатында құрылған.

Қамқорлық кеңесі білім беру саясаты мен ЖОО-ны басқаруды анықтау, қабылданған шешімдердің орындалуын, бюджеттік қаржылардың пайдалануын қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мәселелерімен шұғылданатын болады.

Қамқорлық кеңестің құрамына еліміз бен аймақтың есімі белгілі тұлғалары кірді. Оның бел ортасында аталмыш жоғары оқу орнының әр жылдардағы түлектері – Мәжіліс депутаты Ә.М.Рақымжанов, Премьер-Министр Канцеляриясы Бастығының орынбасары С.Райымбеков, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының атқарушы директоры М.Ғ.Ескендіров сияқты адамдар бар. Қамқорлық кеңеске қоғамдық ұйымдардың атынан ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Н.Айтұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, білім беру саласының Құрметті қызметкері С.Әбішқызы, академик, қоғамдық қайраткер Ғарифолла Есім кіріп отыр. Қамқорлық кеңес құрамына сондай-ақ жергілікті атқарушы билік өкілдері, облыстық және қалалақ мәслихаттардың депутаттары, Ұлттық кәсіпкерлер Палатасының өкілдері, өңір бизнесмендері мен кәсіпкерлері кірді.

Қамқорлық кеңес өзінің алғашқы мәжілісінен бастап ашықтық пен демократия үлгісін көрсетті. Отырыста бірнеше мәселе талқыланды. Бірінші мәселе ретінде университеттің өткен жылдар ішіндегі жұмысы талқыланды. Қамқорлық кеңесінің мүшелері ректордың міндетін атқарушыға өткір сұрақтар жолдады. Шәкәрім атындағы унииверситеттің өңірдегі жетекші жоғары оқу орны ретіндегі өз позициясын жоғалтып алғанын айтып өту керек. Қазақстан Республикасы білім және ғылым Министрлігі әзірлеген ЖОО мамандықтар рейтингіне бұл ЖОО-ның бірде-бір мамандығы енбегендігі, ал университеттің өзінің елдегі жетекші оқу орындарының топ-отыздығына кіре алмауы соған айғақ. Қамқорлық кеңес мүшелері қойған қанағаттанғысыз баға ректордың қызметін талқылаудың заңды тұжырымы болды.

Отырыстың екінші сұрағы ретінде күн тақырыбына шығарылған мәселені талқылау нәтижесінде Қамқорлық кеңес мүшелерінің ашық дауыс беруімен оның Төрағасы болып т.ғ.д., профессор Мейір Ғариполлаұлы Ескендіров сайланды.

Қамқорлық кеңес өзінің құрамына «тойшыл генералдар» емес, ал университеттің алға басуына мүдделі адамдардың жиналғандығын көрсетті. Университеттің дамуын қолдау мақсатында Қамқорлық кеңес ЖОО-ның ең үздік оқытушылары мен қызметкерлеріне бір реткі үш грант бөлді.

Мысалы үшін, 180 000 теңге көлеміндегі бірінші грант дайындық бөлімінің оқытушысы Жазыбаева Дария Тұрсынбекқызына берілді. Дәл осындай көлемдегі келесі гранттық сертификат кітапхана қызметкері Шаймерденова Айгүл Жақсылыққызына тапсырылды. Үшінші грант аға лаборант Өтебаева Рыскүл Тохтарқызына ұсынылды.

Сол секілді Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің студенттеріне Қамқорлық кеңесінің әрқайсысы 5 стипендиядан тұратын 3 номинация бойынша ынталандыру шәкіртақыларын еншілеуге конкурс жарияланды.

Бірінші бес стипендия озық ойлы, дарынды жас ғалымдарға берілетін болады, оны ұсынған Мәжіліс депутаты Ә.М.Рақымжанов.

Көрнекі қазақ ақыны, қоғам қайраткері Несіпбек Айтұлының атындағы екінші бес стипендия шығармашылық жолдағы жас таланттарға тапсырылмақ.

Ал әйгілі балуан, қоғам қайраткері Дәулет Тұрлыханов атындағы үшінші стипендия университет қабырғасында білім алып жатқан үздік спортшы жастарды қолдау үшін тағайындалып отыр.

Кеңес отырысы жақсы ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Ендігі жерде іс алға бассын демекпіз.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше