Блогиада #15. Айнұр Ракишева: "Мақсатым лайк жинау емес"

  • Автор
Блог - patick: Блогиада #15. Айнұр Ракишева: Мақсатым лайк жинау емес
Айнұр Ракишева, қаншалықты қарабайыр естілмесін — ерекше жан. Оны жұрт селфишіл, түрлі қоғамдық-мәдени шаралардың бел ортасында жүретін, фотоны жақсы түсіретін, қашан көрсең де көңілді блогер ретінде біледі. Оның дауысын созып: «Cәлееееем», — деп амандасатын әдетін білмейтін жан жоқ шығар. Ал мен тіпті Айнұрдың: «Сәлеееем», — деп хат жазғанын да көргенмін (ол солай деп жазғанда дауысы құлағыма келе қалатынын қайтерсіз).

Неге екенін білмеймін, осы бір жайдары, мінезі ашық-жарқын қызға үнемі тиіскім келіп тұратынын да жасырмаймын. Ішкі ойларын білгім келеді, жасырған құпияларын ашқым келеді (ең болмаса өзім үшін). Маған қаншалықты ашылғанын қайдам, ойларын қорытып назарларыңызға ұсынып отырмын.



Жеке қасиеттері, мінез-құлқы туралы:
  • Мен өте көңілшекпін. Кез-келген нәрсені көңіліме алып, тез ренжіп қаламын. Алайда қайтуым да тез.
  • Соңғы кездері тым жылауықпын. Өмірімдегі орын алған белгілі бір жағдайларға байланысты болса керек — тез жылап қаламын.
  • Білмеймін, сырт көзге қандай болып көрінетінімді, негізі көбіне өз-өзіммен, өз ойларыммен, тып-тыныш жүремін.
  • Ең жақын құрбым — анам! Алайда бәрін де анама айта алмаймын. Өйткені мен үшін қатты уайымдайтын адам да анам ғой.
  • Мені ерке деп есептейді. Әкем мені әлі күнге дейін қатты еркелетеді.
  • Өнерімнің бəрі мектепте қалып кеткен сияқты. Мектеп кезінде аздап биші, аздап ақын, аздап домбырашы, жап-жақсы əнші едім… Алдағы уақытта қайтадан биге барсам ба деп ойлап жүрмін.
  • Актриса болсам — ананың рөлін, романтикалық образдарды сомдар едім. Ал әнші болсам — нәзік, романтикалық, ұлттық нақыштағы әндерді орындар едім. Маған Қарақат Әбілдақызы, Тамара Асардың әндері, образдары ұнайды.
Блог - patick: Блогиада #15. Айнұр Ракишева: Мақсатым лайк жинау емес
Селфи, жариялайтын фотосуреттері туралы:
  • Суретке өзім түсіргенді ұнатамын. Ең алғашқы селфиімді 116 апта бұрын, сабақта ішім пысып отырып жасаппын. Ол кезде оның селфи екенін білмегенмін.
  • Ең көп селфи салған уақытым «Егемен Қазақстан» сайтының ұйымдастырған селфи-байқауы кезінде болған. Қаншасын салғаным есімде жоқ, бірақ қызығына қатты түсіп кеттім. Сөйтіп бір ай жүрген жерлерімді селфиге түсіріп-түсіріп, оның артын видео-селфиге жалғастырып, бір айдай селфи аурумен ауырғанмын.
  • Қазір селфи десе жыным келеді. Қазіргі уақытта селфи ғана емес, сурет түсіріп соны интернетке жариялаудан шығып қалыппын. Бір тамақты да көп жеп жіберсең қарай алмай қаласың ғой, дәл сондай сезім...
  • Негізінен Instagram — менің онлайн альбомым және өмірімнің бір бөлшегі. Сондықтан қай жерде жүрсем де осы кезді ұмытып кетпейінші деп суретке түсіріп, салып қоямын. Ондағы мақсатым лайк жинау емес.
  • Кейбір адамдардың: «Осы қыздың телефоннан басын көтеріп отырған суретін көрмеппін», — деген сынды пікірлерін көріп, ұялып та қаламын. Мен дәл сол кезде түсіріп алған фотомды өңдеп отырамын ғой.
  • Кейде суретті әлеуметтік желілірге жарияламауым мүмкін, бірақ әдемі етіп өңдеп қоямын, кейін бір сәті түсіп жатса #архивтен деген хэштег қойып жариялап жіберіп жатамын.
  • Менің Instagram-дағы суреттерімнің тең жартысы жұмыс барысында жасалады. Күніне ең аз дегенде екі шараға шығып келесің, жұмыстан соң достармен кездесіп бірнеше селфи жасап дегендей… Альбомым осылайша толады.

Фотографияға әуестік туралы
  • Мен өзімді жақсы суретке түсіремін деп айта алмаймын. Бірақ мен әдемілікті көре аламын. Реалда көріп тұрған дүниемді суретте сол қалпында жеткізе алатынымды түсінсем «сол бір» сәтті" ұстап алмайынша 20-30, тіпті одан көп кадрды ерінбей түсіре беремін.
  • «Фотографиямен кәсіби айналысқым келмейді», — деп айтсам өтірік болып кетер еді. Қолынан әдемілік шығара алатын кез-келген адам, сол ісін кәсіби түрде жалғастырғысы келеді ғой.
  • Менің бір арманым бар… Мүмкін күндердің бір күнінде қолыма кәсіби фотоаппарат пен қаражат түсіп жатса… Дәрия, Рысгүл, Абзал, Асаубектермен бірігіп алып фотостудия да ашып жіберуіміз ғажап емес. Сонда мен селфи түсіруден шеберлік-сыныбын өткізетін тренер болар едім.
  • Мен фоторепортаждар бергенді жақсы көремін. Фоторепортаж адамды, белгілі бір оқиғаны ашып көрсетеді.
  • Менің ұстанымым — адамдарға әсер ететін сурет түсіру, әдемілік басты бағытым.

Блогиада туралы
  • Негізі менде Блогиадаға қатысу ойымда да болмады. Блогиада туралы теледидардан айтқан болса керек, бір күні анашым телефон соғып: «Cен блогер емес пе едің, блогерлердің байқауы болайын деп жатыр екен, ғой қатыспайсың ба?», — деді. Мен қатысқым келмейтіндігін айттым, ол жақсы деп қоя салды. Бір күні Аршат Оразовтың бір жазбасынан Блогиаданың баспасөз мәслихаты өткелі жатыр дегенін көрдім де, іріктеу кезеңі аяқталғалы жатқанда тіркеліп көруге шешім қабылдадым.
  • Блогиадаға қатысушылардың негізгі тізіміне бастапқыда ілінбей қалыппын. Бұйырмаған болды ғой деп ойладым. Алайда кейін қатысушылар құрамына резервпен тағы адамдар өткізетіндігі белгілі болды. Солардың бірі мен едім. Кеш болса да, өткенкедігіме қатты қуандым.
  • Бес әділқазы бес түрлі критерий бойынша бағалағанын қалаймын. Сол кезде әр турдың қорытындысында қатысушы өзінің қай жағынан мүлт кеткенін бірден аңғарар еді деп ойлаймын.
  • Блогиада мен үшін Әлия Сембайдың («Екпін» жобасы) мектебінен кейін өте жақсы мектеп болды. Біраз тәжірибе жинадым. Қазылар алқасының әр материалыңды жілік-жілігіне бөліп, қатеңді көрсетіп отыратыны ұнайды.
  • Келесі Блогиадаға қатысам ба, жоқ па оны әлі нақты айта алмаймын. Мүмкін бір жылды өткізіп, демалып қайта қатысармын, мүмкін келесі жылы тағы өзімді ұсынып көрермін.

Блог - patick: Блогиада #15. Айнұр Ракишева: Мақсатым лайк жинау емес
Блогерлік туралы
  • Екінші сыныптан тоғызыншы сыныпқа дейін тұрақты түрде күнделік жүргізгенмін. Сол күнделік жазудан басталған жазба кейінінен блогқа ұласты.
  • 2010 жылдары Асхат Еркімбайдан сабақ алып, Вордпресстен блог ашып, оны күнделік сияқты жүргізіп жүрдім. Ол кездері оны біреу оқиды-ау деп ойламайды екенмін. Ойыма келген ойларды жазып, тіпті көрген түстеріме дейін жазып қоюшы едім.
  • Қазақ блогосферасында жазбасы оқылатын блогер екенімді 2011 жылы алғашқы Блогкемпте блогерлермен кездескеннен кейін түсіндім.

Журналистік туралы
  • Журналист болғым келетінін бесінші сыныпта түсіндім. Осы мамандықты таңдауыма қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Есенқұл Жақыпбеков деген айтыскер-ақын ағаймыз себеп болды.
  • "Екпін" онлайн журналы менің нағыз шыңдалған ортам болды. Екінші курстан бастап өзіме ұстаз тұтқан Әлия Сембайдың арқасында бүгінгі дәрежеме жетіп отырмын деп айта аламын.
  • Адамда қанша талант, қанша білім болғанымен оған бағытын көрсетіп, қалыбына, бабына келтіретін ұстазы болмаса бәрі бекер деп ойлаймын. Менің жазуға деген қабілетімді Алла берсе, оны жаздыртқан — Есенқұл Жақыпбек. Бағытымды көрсетіп берген Асхат Еркімбай болса, соның барлығын қайрап, күзеп бір қалыпқа салған — Әлия Сембай.

Айнұр бос уақытында азпаздықпен айналысқанды ұнатады екен. Болашақта жылдам, дəмді, пайдалы əрі арзан тұратын тағамдар туралы кітапша шығарып қалуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар, тәттісін өзі пісіретін кофехана ашуды армандайды екен. Ендеше, мақсаттарың орындала берсін, Ерке қыз!

Ұқсас посттар

10 пікір

qonyrbai
Айнұрды білмейтін қазақ жоқ.
asaubota
бәрін өзі жазып беріпті ғой
MERmukhanov
аРМаншыл  
AKY
Жұрт армандары туралы жазыпты. Менің арманымды сұрамады да ғо (((((((((((
Daniar-Alan
Жазба намад. Ашылмаған
rakisheva
Рахмееет Патик
AidaKali
авторғада кейіпкергеде
sammita
тани түстік
соңғы суретте Тамараға ұқсайды.
zholantai
Айнұрдың мұңлы кейпін елестете алмайд екенмін
aza
Әдемі! Аж башжвергім келед осы қызды.
Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.