МЕН көрген 5 КИНО

Блог - abzalsariyev: МЕН көрген 5 КИНОБлог - abzalsariyev: МЕН көрген 5 КИНОЖалпылай алғанда аса бір киноман емеспін.
Ақшаны оңды-солды шаша да бермеймін.
Алайда, аптаның күніне қарамай, алдын ала ниеттеніп ап, достарыммен жақсы кино көруден бас тартқан емеспін.
Киноның бірде қызықтысын, бірде күлкілісін көресің, кей фильмдердің сюжетін апта бойына қорытып, одан арыла алмай жүретін кездер болады. Дегенмен, сол кинотеатрдың есігінен қалай да бір тұйық ойдың түбіне түсіп, уақытша мұңың сейілгендей күйде, өмірлік жоспарыңа түртіп алар 2-3 ақыл-кеңес қосып алып шығарың анық.
Соңғы кезде, Голливудтың шығарған фильмдердің дерлігі: сапалы сюжетімен және көркемдік бай картинасымен ұнап жүр. Сөз жоқ, тартымды көріністер мен акустикалық сүйемелдің хас шеберлері болып алған. Кілең жауһар өнер туындысы(ей).
Ал, "ұтымды" деп, Ресейдің киностудиялары комедия жанрында «пытырлатып» түсіріп жатқан киноларды айтар едім. Әйгілі «Comedy club»тың майталмандары күллі елдің киноиндустрия тізгінін түгелдей өз қолдарына алғандай. Көршіміз түсірген фильмдердің дерлігінің: сюжеті ортақ, жеңілдеу әрі өтімділеу әзілдермен көмкеріледі, фильмнің ортасында оның логикалық қорытынтыдсын іштей біліп отырасың және біткенде «айттым ғой» дейсің. Сонда да "қызық болды" деп қайтасың...) Сонша сынаймын-ау, заманауи Ресей киноларының бір шындығы сол: жалпы кино түсіру саласы, оның сапасы, картина қойылымдары, профессионалды әртістер тағайындау жоғарғы бір деңгейге көтерілген.
Назарларыңызға, соңғы 1-2 ай көлемінде көрілген киноларға шолу һәм оларға Менің тарапымнан берілген бағамды қоса ұсынамын.
Ұсынып отырғаным 5 фильм, тиісінше бағалау радиусы 1 мен 5 аралығында болмақ.
Ал, кеттік:Блог - abzalsariyev: МЕН көрген 5 КИНОБлог - abzalsariyev: МЕН көрген 5 КИНО
1. Годзилла/Godzilla
Жанры:
фантастика, триллер, сәл-сәл драма
Рецензиям:
"Әлемді мейірімділік құтқарады..."
Таза фантастикалық туынды.
Жон арқасы бүдір-бүдір, ежелгі, алып кесірткенің Америка және Жапон аралдарын шарлап, жергілікті Үкімет, армия мен халықтың мазасын алып, қаласын қиратып кете беретін ілгерідегі 3-4 нұсқасын көріп тастаған Мен үшін, бұл жолғы қойылымын көруге деген алай-дүлей құлшыныс болмағаны рас. Алғашқы 20 минут бойы осы ойымды — бір қадам да "әрі" тастай алмай отырдым: мұхиттың түбіне жайғасқан белгісіз тіршілік иесі, ол жайлы аңыздар, бір ғалымның дәлелді зерттеуін қоғамның түсінбеуі, қабылдамауы… бәрі-бәрі құйып қойған бұрынғы нұсқа.
Бірақ-бірақ, одан кейінгі өрбіген фильмнің желісі Мені райымнан қайтара алды.
Жағымсыз кейіпкерлер рөліндегі әлгі «паразит-шіркейлер» — фильмнің ең қызығы (изюминкасы), басты деталі, көркі.
Міне, кино осы жерден басталады…
Орта тұсына келгенде Сіз көріп отырған фильмдегі, бұрын тек «нәшәр» рөлде ойнайтын зұлым Годзилланың — күллі адамзат қауіпсіздігін қорғауға мүдделі жанқияр жанкүйер екенін білесіз.
Әлемді құтқармақ болған, жаны адалдыққа құмар, пәк жүректі Годзилланың бұл жолғы «тірлігіне» тәнті боласыз, тіпті елжіреп кетесіз.
Сценарий бойынша, «уран кеміргіш» сұм монстарлардың жолын тұсамақ болған батыр Годзилла ауыр әрі жауапты жорыққа аттанады.
Сол жолда, тіпті оның бұл әрекетін түсінбеген армиядан «таяқ» та жеп алады. Жұртқа жақсылық жасасаң да жақпайсың.
Не керек, Годзилла мен әлгі паразиттер межелі жерде кездесіп, намысқа тырысып еркекше күреске түседі. Алайда, құбыжықтарға ондай шарттар жүрмейді, екіншісі көмекке келіп, жабылып кетеді…
Ғимараттар, көк тіреген көп қабатты үйлер бытыр-бытыр шашылып, көшедегі көліктер, адамдар бырт-бырт езілген көріністер тым ұзаққа созылады (енді).
Фильмнің бір минусы — әлемді санаулы секундтарда жойып жіберуге қауқарлы атом электро стансаларының (АЭС) тым әлсіз, қорғансыз кейіпте екендігі…
Ақыр соңында, Әлем үшін деп еміреніп, адамзат үшін жұмылған Годзилла жеңіске жетеді! Урра!
Әлем құтқарылды… Аспан шайдай ашылады… Бақта құстар сайрайды…
Бұрынғы нұсқаларында жоқ, тіпті басқа фильмдерде де кездесе бермейтін ерекше драмалық қойылым, айрықша экшн-сценарий, әдемі спецэффекттерге құрастырылған бұл фильм маған "ұнады".
Баға — 3.
Трейлер:
Блог - abzalsariyev: МЕН көрген 5 КИНОБлог - abzalsariyev: МЕН көрген 5 КИНО
Дұшпан/Враг/Enemy
Жанры: триллер, детектив, драма
Рецензиям:
«Бір күні өз-өзіңді кездестіріп қалудан сақтан!...»
Түсінгенім, сюжет былай:
«Тарих пәнінің мұғалімі Адам — депрессияны баспаққа, жұмыстан қайтарда үйіне жалға арнайы видеокассета ала келеді.
Адамға бұл көрген фильм мүлдем ұнамаса керек — оны көріп болып бірден жатып қалады…
Түн ортасына ауғанда Адамды қонақ бөлмеден шыққан дауыс оятады, қараса – бағанағы фильмді сөндіруді ұмытып кеткен екен, сол мезет пленка қосылып, фильм ойнай бастайды.
Еріксіз қайтадан қарап отырып кадрлар арасынан Адам өзінен аумайтын, судың екі тамшысындай ұқсас бір кейіпкерді байқап қалады. Әрине, Адамда ол кейіпкерді іздеп табуға деген құлшынысы артады. Міне, осы сәттен бастап бірсарынды, берекесіз, мардымсыз, зерікпе ғұмыр сүріп келген Адамның Өміріне — қызыққа толы мистикалық-философиялық реңк ене бастайды.
Біршама қиыншылықтардан өтіп, ақыры өзіне өте ұқсас жанды тапқан Адам аздап „қуа“ бастайды. Тура мағынасында қабылдаңыздар. Адамның өз келбетіне ұқсас екендігін білген (киноәртіс) Энтонидің де санасы біршама ауытқи бастайды. Екеуі екі жақта жүріп, түрлі еліктірме, лақпа әрекеттерге барады. „Егіздердің“ ендігі көздегені — күнделікті өмірлерін алмастырып сүріп көру еді, яғни Адамның үйіне Энтони және керісінше…
Фильмнің соңында* (соңы болғанын сезбей де қаласыз!) Адам — көрермендерді өте даулы әрі тартысты, қызу талқыға қалдыратын сәтпен аяқтайды… Энтонидің әйелі Адамның құшағынан, жатын бөлмеден шығып басқаға бөлмеге енеді. Артынша есікті ашып қараған Адам мүлде күтпеген картинаға тап болады: Әйел — алып өрмекшіге айналып кетеді...»

Мен Сіздерге айтайын, мүлдем-мүлдем түсініксіз фильм. 10 күн басымды қатырдым. Тіпті қазір де ойдамын, фильмнің мағынасы неде?
Кинода ешқандай атаулы жағдай орын алмайды, елеулі сәттер де жоқ. Бір жағдай болса да — оның еш түсінігі жоқ.
Көрерменін тек қана «сонымен не болды?» деген сауалмен бөлек бір өзін қалдыратын фильм.
Тар аудиторияның назарына ұсынылған арзан бюджетті, мәні тереңге жасырылған осынау «философиялық трактаттың», құрығыр атауының да мағынасын аша алмаған күйі, нәзіктігін, әсемдігін сезіне алмаған бойда кинотеатр есігін бірінші боп тартып ашып, үйімізге тарадық…
Фильмге қатты қапалымын…
Баға — 1.
Трейлер:

Блог - abzalsariyev: МЕН көрген 5 КИНОБлог - abzalsariyev: МЕН көрген 5 КИНО
Трансформерлер: қырып жою дәуірі/
Трансформеры: эпоха истребления/
Transformers: age of extinction

Жанры: фантастика, боевик
«Бәріміз — біріміз үшін, біріміз — бәріміз үшін...»
Жазғытұры көргенге таптырмайтын, попкорнды-блокбастерлердің ең биігінде тұрған фильм.
Автоботтар мен септикондардың жоқтығын пайдаланып бөгдепланеталық ежелгі трансформерлер Жерді басып алуға қамданады… Сюжет осы, логикалық қорытындысын өзіңіз жасап алыңыз…
Динамикалық, графикалық деңгейі тым жоғары, техниканың соңғы жетістігі қолданылған және картина сапасы бойынша шашасына шаң жұқтырмайтын керемет көркемделген фильм.
Бұрынғы 3 бөлігін де орап алып кете алатын мардымды эпизодтар бар, жалғасын тағатсыз күттіретін сюжет барысы, экшнге толы, үзік-үзік драма көрініс тапқан бұл фильм — шыны керек, Менің көңілімнің төрінен өзіндік орнын ала білді.
Айтпақшы, сюжет барысын талқылап жату аса маңызды емес, бастысы көзіңіз экраннан үзілмесін.
Фильмнің тып шапшаң көріністер мен орасан зор деңгейде монтаждалғаны соншалық — визуалды деликатестің ләззатын татып үлгермеуіңіз мүмкін. Бірінен соң бірі кететін қысқа метражды клип тектес кадрлардан құрастырылған бұл фильмді бір көргеннен меңгеру — қиынға соғады…
Дегенмен, бәрін айт та бірін айт кейіпкерлердің Гонгконгтағы қыран топалаң күресін тамашалау үшін киноны соңына дейін күтіп қарауға болады.
Баға — 4.
Трейлер:

Блог - abzalsariyev: МЕН көрген 5 КИНОБлог - abzalsariyev: МЕН көрген 5 КИНО
Мінезді сыйлық/Подарок с характером

Жанры: комедия, отбасылық кино, аз-маз драма
Рецензиям:
"Үмітіңді үзбе ешқашан..."
Панданың киімімен жас балаларды ойнатып нәпақа табатын 30 жасар «лузер» Мишаның өмір сүру образы бір-ақ күнде 180 градусқа күрт өзгереді.
Белгілі оллигархтың ұлы Артем, өмірдегі жалғыз, балалық арманын орындаушы жан — Мишаны, өзінің туылған күнінде кездестіреді.
Небәрі 9 жаста демесеңіз данышпан, бірбеткей Артем — Мишаны бұл жолы да дегеніне көндіреді.
Ә дегеннен, «панда мен бала» шытырман оқиғаға толы айшылық алыс сапарға бірге атанып кетеді.
Сюжеті тым жұмсақ, әсерлі эмоциялар сыйлайтын тұстары көп, драмалық көріністер де орын тапқан кино.
Фильмде — кейде тым жуас жандардың да ерен ерлікке бара алатындығы жайлы өмір шындығы көрсетілген.
«Ең үздік фильм» (Самый лучший фильм) болмаса да, аудиториясына үлкен құрметпен қарап, Галустянның боқауыз сөздер мен көріністерден мүлдем тыйылғанын «респекттедім».
Аудиторияның жас шамасы — 6-15 жас аралығындағы жас жеткіншектер болса керек.
Үмітіңізді үзбеңіз — армандар орындалады!
Баға — 2.
Трейлер:
Блог - abzalsariyev: МЕН көрген 5 КИНОБлог - abzalsariyev: МЕН көрген 5 КИНО
Пластик/Plastic
Жанры: криминал, экшн
Рецензиям:
«Төртеу түгел болса...»
Өмірден алынған хикая суреттелген (дейді).
Тепсе темір үзетін жап-жас 4 жігіттен құралған алаяқтар бандасы — қалталылардың пластик картасындағы ақшасын сапалы, салдарсыз жымқырумен әуестеніп жүреді. Алайда, ұрлық түбі — қорлық, жігіттер байқамаған жерден "үлкен" проблемаға тап болады. Мафия боссының басты шарты — екі аптаның ішінде 2 млн. АҚШ долларын табу, әйтпеген жағдайда жігіттерді байсалды баскесерлермен кездесу күтетін болады…
Жігіттер құрамды бір қызбен толықтырып Британ тарихында бұрын-соңды болмаған, әлемдегі ең үлкен кредит компаниясын тонамаққа бел буады.
Фильмде көрініс тапқан қызғаншақтық, көрсе қызарлық, іштарлық сияқты адами қасиеттер оның шырайын кіргізе түседі. Бастысы мәселе емес — оның қалай шешілуінде!
Банда қаншама жұдырықтай жұмылып, тер төгіп баққанымен, ортаға ойран түсіп топ ыдырай бастайды. Интригалы сюжеттер, адреналин сыйлайтын криминалдық акттер, романтикалық тыныштықпен баурайтын жағажай көріністері — бәрі-бәрі әдемі берілген.
«Оушеннің достарына» әуесқойлықпен түсрілген арзан фильм деуіңізге әбден болады, бірақ фильмнің детальдарын тыңғылықты сараптай келе ондай ойдан арыласыз! Жүйелі түрде қозғалудың, нағыз актерге лайық имидж ауыстырудағы ерекшеліктерді аша білген өте сәтте фильм, Меніңше. Үйіме көңіл күйім көтеріңікі қалыпта қайттым.
Баға 5.
Трейлер:

abzalsariyev

красафчик жігіт енді, айтып жеткізе алмайм…

Ұқсас посттар

2 пікір

zholantai
рецензияларды оқымадым, спойлерге тұнып тұр ғо, мен секілді кинотеатрдан кино қарамайтын, инетке сапалы релизі шыққанын күтетін жанды және жандарды азаптамасаңЧ, бро
Gastarbaiter
Мен Сіздерге айтайын, мүлдем-мүлдем түсініксіз фильм. 10 күн басымды қатырдым. Тіпті қазір де ойдамын, фильмнің мағынасы неде?
Кинода ешқандай атаулы жағдай орын алмайды, елеулі сәттер де жоқ. Бір жағдай болса да — оның еш түсінігі жоқ.
Көрерменін тек қана «сонымен не болды?» деген сауалмен бөлек бір өзін қалдыратын фильм.
Тар аудиторияның назарына ұсынылған арзан бюджетті, мәні тереңге жасырылған осынау «философиялық трактаттың», құрығыр атауының да мағынасын аша алмаған күйі, нәзіктігін, әсемдігін сезіне алмаған бойда кинотеатр есігін бірінші боп тартып ашып, үйімізге тарадық…


Быхахахах
Түріңді елестеттім.
Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.