Телеарнадағы кино дубляжы: қалай, қанша, кім?

  • Автор
Үйіңіздегі көк жәшіктен аптасына неше рет кино көресіз? Әйтеуір отандық телеарналардың біреуіндегі ұнағанын қарайсыз ғой. Сол фильмдердің дубляжы көңіліңізден шыға ма? Жалпы дубляжы, дыбысталуы туралы білетініңіз бар ма?

Телеарналар өздері көрсететін фильмнің түпнұсқасын сатып алып, қазақ, не орыс тіліне аударады. Арнайы дистрибьюторлық компанияларға алдын ала тапсырыс беріледі де, салыстырмалы түрде рейтингі жоғары, халыққа қызық болады-ау деген киноларды таңдайды. Мысалы, аптасына 2 фильм көрсетілу керек болса, шамамен, жылына 104 фильм сатып алады. Ол фильмдерді жыл бойына 2-ақ рет көрсетуге рұқсат бар. Тіпті, Хоббит сияқты жаңа, эксклюзив фильмдерді алғаш боп қай канал сатып алады, 2 жыл ішінде сол арнадан ғана көрсетіледі. Бұл — көрсетілімге эксклюзивті құқық деп аталады.
«Ал, өзіміздің… Қазақфильмнің...» деп күбірлегелі жатырсыз ғой, иә? Қазақфильмде эксклюзивті құқық деген жоқ екен, яғни бір фильмді бірнеше арна бір мезетте көрсете алады. Бұл шартына бағасы да сай келмейтін ұқсайды. Бейресми дерек көздерінің көрсетуінше, шетелдік фильмдер 2 000-20 000$ арасында алынса, отандық өнімдердің ескісі 100 мыңнан, 2000 жылдан бергісі 150 мың мен миллион теңгенің арасында сатылады. Ескі фильмдеріміздің қайта-қайта көрсетілетін себебі де осында шығар: жүз мың теңгенің бетіне қарамай, ала беретін болып тұр ғой  Негізі шетелдік фильмдердің орташа құны 6000-6500$ құрайды-мыс.

Блог - aikarakoz: Телеарнадағы кино дубляжы: қалай, қанша, кім?
Сатып алынған киноның қай тілге аударылатынын арнаның бас директоры бекітіп, оны дубляждауға жібереді. Қазақша дубляждалған фильмдерге қарағанда қазақша телебағдарламалардың рейтингі жоғары болғандықтан көбіне фильмдерді орыс тіліне аударады. Сондықтан қазақша аз, оған сұраныс та аз. Рас қой, қазақша дубляждалған фильм көргенше, қазақша бағдарлама көрген қызығырақ сияқты. Әлі қазақша аудармаларға сенбегендіктен бе, білмеймін…

Фильм сатып алынды. Енді ол қалай дубляждалады? Көрерменге ұсынылғанша қандай еңбектер атқарылады?
7 арнаның дубляждау бөліміне келіп, бәрін тәптіштеп сұрап алуға тырыстым. Дубляж жасау бөліміне келіп түскен фильм алдымен аудармашыларға бөліп беріледі. Бұл жерде он шақты аудармашы қызмет етеді. Мәтіннің күрделілігіне қарай аударманың қиындығы да арта түседі. Бір аудармаға орташа үш күн беріледі.

Блог - aikarakoz: Телеарнадағы кино дубляжы: қалай, қанша, кім?

Аударылған мәтінді редактор бір күндей тексереді. Сөздерді ауыз қимылына келтіріп, емеурінін жөндеп, көркемдік стилистика жағынан түзеп, дыбыс режиссеріне тапсырады. Дыбыс режиссері фильмнің дұрыс дыбысталуын, қимылдан сөздің қалып кетпеуін қадағалайды. 7 арнада осы саламен екі жас қыз айналысады. Әйнектің мына бетінде бәрін бақылап отырады.
Блог - aikarakoz: Телеарнадағы кино дубляжы: қалай, қанша, кім?

Мынау — дауыс жазылатын кабинет. Барлық рөлді дұрыс дыбыстап болмайынша актерлар осы кабинеттен шықпайды. Қолынан мүлде ештеңе келмей жатқан актерлар басқасымен алмастырылады.

Блог - aikarakoz: Телеарнадағы кино дубляжы: қалай, қанша, кім?

Актер мәтінді үйіне алып кетеді, киноны көреді, мәтінді оқиды, кейіпкердің мінезін сіңіреді, әбден дайындалады. Мұнда 1 фильмді дыбыстауға 2-3, көп дегенде 4 актер ғана қатысады. Баяғы «мұрнын кір қыстырғышпен қысып алып» сөйлейтін ағай жоқ сіздерге  

Блог - aikarakoz: Телеарнадағы кино дубляжы: қалай, қанша, кім?

Әрине, дубляждалып жатқан фильм актерлардың көз алдында тұру қажет.
Блог - aikarakoz: Телеарнадағы кино дубляжы: қалай, қанша, кім?

Міне, бізге бір фильмді көрсету үшін осынша еңбек етеді. Ал, біз өзімізше телеарнадан кино көрмейміз. Солай ғой, мойындаңызшы?

Блог - aikarakoz: Телеарнадағы кино дубляжы: қалай, қанша, кім?Кенжемұрат Көшеров, дубляж бөлімінің көркемдік жетекшісі
— Бес жылдан бері жұмыс істеп келеміз, мыңнан аса фильмді қазақ тіліне аудардық. Аудармамыз сапалы деп айта аламыз. Сөздің тігісін жатқызып, қисынын келтіруге тырысамыз. Орыстар боқтап сөйлейді екен деп, солай аудара салуға болмайды. Бірақ, уытты сөзді қажет етіп тұратын жерде қолданамыз, рөлді ашу керек. Стилистикасы да баса назар аударуды қажет етеді: жас жігіттің аузына шалдың сөзін салып қоя алмайсың, көрермен қабылдай алмайды.
Басқа арналардың аудармаларын міндетті түрде көріп, мониторинг жасап отырамын. Ол маңызды. Негізі барлық арнада бірдей аударма дегенмен, кем-кетіктер боп жатады. Кейбір сөздерді тура мағынасында аударып жіберіп жатады. Мысалы, «Жаужүрек мың бала» фильмінде«Сайтан алғыр» деген сөз жүр. Қазақта ондай сөз ешқашан болмаған, ол — орыстың «черт побери»-інің аудармасы. Актерлар да театрдағы пафостан түсе алмай, тым әсірелеп дыбыстайды, көрерменнің құлағына түрпідей тиеді. Қарапайым тұрмыстағы әңгімені көркемсөзге айналдырып жібермесе екен. Қазір қазақи сөз саптауды меңгерген мамандар аз, бірақ, бәрі түзелетініне сенем.

Блог - aikarakoz: Телеарнадағы кино дубляжы: қалай, қанша, кім?Елшібаева Саида, аудармашы
— Мен ағылшын тіліндегі фильмдерді қазақ тіліне аударамын. Қытай тіліндегі фильмдерде міндетті түрде ағылшынша титр болады, оны аудару да қиын емес.
Бізде аудармашылар штатан тыс жұмыс істейтіндіктен еңбекақымызды аударманың көлеміне қарай аламыз. Ол фильмнің хронометражына тікелей байланысты. Мысалы, 40 минуттық фильмді аудару бағасы — 20 мың теңге. 40 минуттан асып жатса, бағасы да 50-60 мыңға дейін баруы мүмкін.
Сөзбе сөз аудармай, мағынасын беруге тырысамыз. Өйткені, ағылшын тілінен аударатын фильмді алайықшы, олардың сөйлесу мәдениеті басқа, менталитеті басқа, тіпті, мақал-мәтел, тұрақты тіркестері басқа. Сондықтан сөзбе-сөз аудару мүмкін емес.
Боқтайтын жерлерінде «сұмырай», «жексұрын», сүмелек" дегеннен артық сөздер қолданылмайды. Өйткені, дубляждың көркемдік жетекшісі сондай талап қояды.
Фильмді аударғанда түпнұсқадағы мағынаның 30 пайызы өзгереді. Онымен барлық аудармашы келіседі деп ойлаймын.

Кино дубляждалып, халыққа ұсынылады. «Оны халық қалай қабылдайды екен» деген оймен көрермендер арасында кішігірім сауалнама жүргізіп көрдім.
Телеарналардағы қазақ тіліне дубляждалған фильмдердің аудармасы ұнай ма?
Қуат: — Шынымды айтсам, өзіміздің телеканалдардан кино көрмеймін.
Бота: — Сауатты аудармалар бар. Бірақ, ең сорақысы — әйелдің дауысын еркек оқитын аудармалар.
Әлімбек: — Отандық телеарналарда фильмдерді қазақша дыбыстауды орташа деңгейде деп айтуға болатын шығар. Кемшілігі — бірнеше кейіпкерді бір ғана актердің дыбыстауы.
Самат: — Әдепке сай емес, боқтайтын жерлерін аудармай, өткізіп жібереді. Ол қызық емес.
Жаннетта: — Бір арнаның дубляж бөлімінде 3 жыл жұмыс істедім. Сол ұжым ең креатив деп ойлаймын.
Қазына: — Аударманың болғаны жақсы. Бірақ, жасанды емес, кейіпкердің түр-сипатына сай дауыстармен аударса екен. Шетелдік 1-1,5 сағаттық фильмді қазақ тілінде көрген қызық емес.
Гүлнұр: — «Аударма жақсы. Бірақ, біздікілер тым әсірелеп, әдебилендіріп жібереді, ол сөздерді халық есітпеген болуы да мүмкін. Тұрмыстық қарапайым сөздермен аударса, бәрі көретін еді ол фильмдерді.

Ал, сіз ше? Телеарналардағы қазақша дубляждалған фильмдерді көресіз бе?

aikarakoz

Тағдырыма не жазулы, сол болар…

    Ұқсас посттар

    14 пікір

    zholantai
    Қазір телеарна қарамайтын болған соң, қалды ғо.
    Бірақ, «Хабардың» сенбі-жексенбі күндері көрсететін фильмдерінің дубляжы жақсы шығып жатады
    Кейде көзім түсіп, құлаққа іліне қалса, отырып қарайм
    Одан кейін кезінде Ұлттық арнадан корей сериалдары көптеп көрсетілді. Әр күні сағат 16:00-де басталатын сериалдар. Міне, сол сериалдарды көретін едім. Аудармасы тәп-тәуір.
    "Қыналы қардың" аудармасы ғана өзінің мықтылығымен есте қалыпты
    Сосын ара-тұра «Бірінші арна Еуразияның» дубляждалған өнімдері көзге түсіп, құлаққа іліне қалса, лезде ыршып кетемін. Ұнамайды ғой, ұнамайды
    Соңғы түзету:
    zholantai
    айтпақш, теледидар көретін күндерімнен жетінші арнаның бірде-бір дубляжы есімде жоқ,
    демек, жақсы болмағаны ма дейм
    қазір қандай екенін,
    дубляж студиядан авторлардың дыбыстап жатқан сәтінен видое болғанда, қатып кетер еді, берсейш, бар болса
    nurshat-alimkyzy
    маған Қазақстан телеарнасыныкі ұнайды. Әсіресе «Мың бір түн» телехикаясын аударғандары қатты есімде қалды. Сосын Еларнадан (қазір жоқ) болатын корей сериалдарының аудармалары қатты ұнайтын.
    adelet
    我认为在屏幕显示哈萨克语字幕就行,不需要在配音了。电影原声比配音好。
    edige
    Мен де солай ойлағам…
    MERmukhanov
    Қане, қане, кімнің балалығы Леонид Володарскийдің пиратский фильмдердегі мұрынмен сөйлейтін даусымен өтті?

    saken
    менің балалығым өтті.
    bizbike
    Кезіндегі корей телехикаяларының дубляжы жықсы болды, аудармасы да. Түрік, үнді телехикаялары да жақсы шығып жатыр ғой, әйтпесе «Келінді» сонша халық көріп, тіпті оның бас кейіпкері Қазақстанға келіп, оған апа-әжелеріміз әшекейлер сыйламайтын еді.
    bizbike
    Корейдің «Кәнизәк» пен түріктің «Сүлеймен сұлтанын» қарап бітірдім әйтеуір.
    ken
    Мысалы, «Жаужүрек мың бала» фильмінде«Сайтан алғыр» деген сөз жүр. Қазақта ондай сөз ешқашан болмаған, ол — орыстың «черт побери»-інің аудармасы
    "Қымбаттым" деген сөз де сондай орысшадан калькаланған сөз болса керек.
    Соңғы түзету:
    ken
    негізі қымбат затты "қымбат" дейміз ғой. «мен үшін қымбат», «бағасы қымбат екен», "қымбат машина", қыз есімі Қымбат — яғни дорогая.
    қымбатты деген қайдан шыққан?
    егер «моя дорогая» деп әйелге қаратпа сөз ретінде айтылса, ол "қымбатым" болады (бір «т»). дегенмен олай қазақ тілінде айтылмайды. оның басқа баламалары бар.
    Соңғы түзету:
    bsheraly
    Қазақфильм киностудиясының Қазақ тіліне дубляждаған кинолары неге интернетке жүктелмейді?
    Бала күнімізде тіпті Үнді фильмдерді де Қазақ тілінде көруші едік. Солардың бәрі шаңбасқан архивте жатыр ма? Неге жарыққа шығармасқа?!
    Қазақфильм Киностудиясының дубляждаған киноларының бәрін (ескісі болсын, қазіргісі болсын бәрін-бәрін) интернетке салу керек! Сол түбімен жоғалып кетпес пе екен деген уайым басым менде шыны керек.
    Барлығын жарыққа шығару керек!
    Интернеттен бірде-бір қазақша дубляждалған кино таппайсың осы.
    Өзбекше дубляждалған шетел кинолары өте көп. Қарап отырып қызғанып та, қызығып та қарайсың.
    Ал біздің Қазақ тіліне дубляждалған киноларды іздесең мүлдем жоқ.
    Тіпті, берідегі «Қазақстан» Ақ дубляждаған тарихи драмалар — Түрік, Корей телехикаяларын қайта көре қояйын десең, олар да жоқ. Кімнен қызғанады сонда, жүктеп қоя берсе болады ғой бәрін түгелімен…
    assar
    Ютубта әлемдік кинолар өзбек тілінде шығып жатыр бірінен соң бірі. Алдағы уақытта орыс тіліне жетіп қалатын түрлері бар. Әдепкі уақытта сапаға қатты мән бермеу керек сиақты. Орыстарда баяғыда мұрнымен сөйлейтін бір еркекпен ақш киноларын аударатын Соны көреміз, кейде қайыссы сөйлегенін айыра алмай қалсақта көреміз. БАсқа таңдау жоқ. ҚАзақ тіліне де көп аударма кинолар керек. Ауыз жыбырына емес мағынасына түсінсек болды. түрік кинолары ауыз жыбыры келмесе де жақсы жеткізіп жатады қазақша аудармалары. Солай аударса да болды қазақ тілділерге. Сосын үлкен кісілер отау тв-дан ақылы каналынан жануарлар туралы арнаны көреді. Ол арна ағылшын және орыс тілінде. Соларды да қазақшаға аударса көрермен жақсы жинайды. Жануарлар, аспан әлемін көрсетіп отыратын қазақша каналдар болса эх шіркін. Сонда өзге ұлттар қазақ тілін үйренер еді. Дым ақпараты жоқ, аудармасы жоқ тіл кімге қызық.
    пікір өшірілген
    Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.