Блогиада #5: Алматыдағы "шабашниктер"

Әңгіме оңай жолмен ақша табатындар немесе табуға тырысып жүргендер туралы болады. Әдетте олардың қызметтері стихиялы формада ұйымдастырылған және барынша ештеңе істемей (әлде аз іс-қимылмен) көбірек ақшалы болуға бағытталған. Оларды жұрт біледі және солардың қызметтеріне жүгінеді. Олардың «жұмыс орындарын» көпшілік біліп алған. Алматыда өзім байқаған осындай «нүктелерді» бір шолып шықтым.

Паркингшілер

Блог - patick: Блогиада #5: Алматыдағы шабашниктер
Әдетте бұл жігіттер — «Алматыпаркинг» мекемесінің жұмыскерлері. Базардан ұқсас арнайы киім сатып алып, бос территорияларды жаулап алатын «самозванецтер» де болады деп естідім. Мекеме оларға бір күнге 4-7 мың теңге көлемінде жоспар қояды. Артылғаны — қалтаға. Паркингшілер табысы күніне 9-13 мың теңгені (мекемеге өткізілетін жоспар соманы қоса есептегенде) құрайтын көрінеді.

Қалтафон саудагерлері

Блог - patick: Блогиада #5: Алматыдағы шабашниктер
«Көк базар» маңында жиналып алып, өткен-кеткеннің бәрінен «Телефон сатасың ба?», «Телефон аласың ба?» деп сұрап тұратын жастарды бәрі дерлік біледі. Бұл алып-сатарларды тауармен қамтамасыз етушілер — ұрылар және ескі аппаратынан құтылғысы келген тұрғындар.

Естуімше, бұлар сауда жүрмеді дегеннің өзінде 2000-3000 теңге көлемінде табыс түсіреді. Кейбір ептілер бір күнде 10-12 мыңға дейін пайда көреді екен.

Жұмысқа орналастыру агенттері

Блог - patick: Блогиада #5: Алматыдағы шабашниктер
Өз басым осындай агенттіктің көмегімен жұмыс таптым деген адамды көрмеппін. Агенттердің жұмыс істеу тәсілі былай: жұмыс тапқысы келген адам олардың базасына ену үшін 1500 теңгелік келісімшартқа отырады. Қажетті жұмыстың табылатынына ешкім кепілдік бермейді. Табылған күннің өзінде бастапқы 1-3 ай бойына әр еңбекақыңның белгілі бір пайызын (көп жағдайда 50%) орналасуыңа көмектескен агентіңе (агенттікке) беріп отырасың.

Білгіштердің айтуынша, осындай жұмысқа орналастырушының әрбірі күніне 5-12 адаммен келісімге келеді.

«Жетім бұрыштың» риэлторсымақтары

Блог - patick: Блогиада #5: Алматыдағы шабашниктер
Бұларды толыққанды риэлторлар деп атау қиын. Пәтер саудасымен айналысатын делдалдар әдетте пәтерді көрсету, саудаласу, келісімшарт жасау секілді процедуралар кезінде басы-қасыңда жүреді. Ал бұл пысықтар базардағы саудагерлер секілді — үстел үстіне «базасындағы» пәтерлер тізімін жайып тастап, клиенттерін күтіп отырады. Егер белгілі бір пәтер ұнаса — 3 мың теңгесін төлеп, мекен-жайын алуға болады. Бұл кепілдік емес, сондықтан берілген 3 мың кері қайтарылмайды. Делдалдар күніне шамамен 7-15 мың теңге көлемінде табыс табады екен.

Жоғарыда аталған «шабашниктерден» белгілі бір деңгейде пайда бар шығар. Бірақ олар болмаған күннің өзінде қоғам уайымсыз өмір сүре берер еді. Менің түсінігімде бұндай кәсіп иелері — «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» деген ұстанымдағы, аз еңбекпен көбірек ақша тапқысы келетін, ыңғайы келсе — өзгелердің аңқаулығы мен жомарттығын пайдаланып қалуды ар көрмейтін адамдар.
Бөлісу:

3 пікір

zholantai
«Жетім бұрыштың» риэлторсымақтарын жаратпаймын, жалпы риэлторларға жыным ұстайд, оларды жоюдың жалғыз жолы жетілдірілген жарнама орналастыру сайттары ғана болмақ
Ereimen
Оларды жою мүмкін емес, қандай мықты сайт жасасаңызда дәнекерлеуші мен барып кел шауып келгеге жұмыс іздеген интернеттен қабары жоқ жұмысшы сіздің сайтыңызға кірмейді.
SaryQazaQ
Осылардың ішінде риэлторларға жыным келеді (жоғарыдағы басқалардың қызметіне жүгініп көрмедім)