Arular.kz

Блогиада #3: Сүттің балама қасиеттері

Блог - patick: Блогиада #3: Сүттің балама қасиеттері
Кеңес заманынының оқулықтарында Лениннің келесі оқиғасы баяндалатын: Көсем түрмеде отырған кезінде, үзеңгілес жолдастарына құпия хат жолдайтын. Әрине оған қалам-сия берілген жоқ. Сондықтан ол сияның орнына сүт пайдаланған. Ақ қағазға сүтпен жазса — ештеңе көрінбейді. Оны оқу үшін қағазды сәл қыздыру керек.

Мен сүттің қоректік функциясынан бөлек, тағы қандай салаларда және қандай мақсатта қолданылатынын іздеп көрдім. Сөйтіп, төменде ұсынылған келесі қызықты деректерге тап болдым.

Тұрмыста

Блог - patick: Блогиада #3: Сүттің балама қасиеттері
Төркініңізден келген сүйікті фарфор тәрелкеңіз жарылып кетті ме? Бұны сүттің көмегімен қалпына келтіруге болады. Тәрелкені кәстрөлге салыңыз, оған сүт құйып, жай отпен 45 минуттай қайнатыңыз. Сүттің құрамындағы ақуыз — ұсақ жарықтарды бітеп тастайды.

Өңі кете бастаған күміс қасық-шанышқыларыңыз болса, оларды да «жаңалап» алыңыз. Ашыған сүтке батырып, жарты сағатқа қою керек. Сосын жылы суда сабындап жуып, жұмсақ шүберекпен мұқият сүрту қажет.

Сүтпен киім-кешекті де тазартуға болады. Лакталған былғарыдан жасалған бұйымның (аяқ киім, сөмке, әмиян) өңі кете бастаса, оған сүт жағып, кепкеннен кейін жұмсақ шүберекпен сүру керек.

Түсті киімге дақ түскенде, киімді бір түнге сүтке батырып қою қажет. Ертең шығарып, жуып аласыз — болды.

Халық емдері

Блог - patick: Блогиада #3: Сүттің балама қасиеттері
Ана сүті емдік мақсатта да пайдаланылады. Көз қызарғанда, ісігенде, көзге инфекция түскенде ана сүтімен шаю керек. Көзді тазалаудың екі жолы бар — мақтаны сүтке малып сүрту немесе тамызғышпен тамызу.

Сонымен қатар, құлақ ішіне түскен инфекцияны ана сүтін тамызу арқылы, тамақ ауырғанда ана сүтімен шаю арқылы жазуға болады екен.

Теріні жасарту, косметология

Блог - patick: Блогиада #3: Сүттің балама қасиеттері
Сүтпен жуылған шаш жұмсарып, оның қалыңдауына, қайызғақтың арылуына сеп болады. Әрине, бұл жерде жасартқыш сұйықтық дайындауда тек сүттің өзі ғана емес, оған жұмыртқа, бал, ұн қосылады. Нақты рецептісі пен оны қолданудың әдіс-амалдары қажет болса — іздеу жүйелеріне жүгініңіз.

Жануарлардың сүті тері үшін де пайдалы екен. Мысалы, ешкі сүті терінің қартаюын бәсеңдетіп, тіпті регенерациялық қасиетке ие дейді. Нардың (бір өркешті түйе) сүті теріні ылғалдандырып, жұмсартады.

Косметологтар аңыздарда айтылатын Клеопатраның сұлулық құпиясы — жылы сүтке шомылудан деп түсіндіреді. «Бір литр сүт пен бір қасық балдың қоспасымен аптасына 2 рет жуыныңыз. Таңғаларлық нәтижесін көп кешікпей көре бастайсыз», — дейді мамандар.

Ал теріні тазартуға сүзбеден, айраннан немесе қаймақтан жасалған маска пайдалануға болады. Сүтті косметологияда қолданудың осындай және басқа да тәсілдері жетерлік.

Сән әлемінде

Блог - patick: Блогиада #3: Сүттің балама қасиеттері
Неміс модельері және биологы Анке Домаске (Anke Domaske) кезекті киім үлгілерін сүттен жасап шығарды. Ол материал ретінде ашыған сүтті пайдаланған. Түрлі эксперименттердің нәтижесінде сүттен — казеин деген зат бөліп алды. Осы ақуыздар массасынан Анке талшық, ал талшықтан мата шығарды. Осылайша оның қолынан сүттен жасалған әйелдерге арналған жазғы киімдер коллекциясы жарық көріпті. Сүттен жасалған мата қолға ұстағанда жібекті еске түсіреді екен.

Былтыр Анке Домаскеден үлгі алған өзіміздің оралдық жігіттер Atameken Startup Weekend байқауында сүттен мата өндіру жобасын ұсынған болатын. Олар неміс модельерінің бастамасын Қазақстанда іске асырмақ.

Сүттің қасиетін ерекше бағалайтындардың бірі өзіміз — қазақтар. Үйге кірген жыланның басына ақ құю — жамандықтан аулақ болудың белгісі. Сол секілді Сенегал мен Гамбияда да ұқсас ритуал бар екен. Ерлер ұлттық күресу сайысына шығар алдында сүтке шомылады екен. Бұл оған күш-қуат береді-міс. Ендеше сүттің осындай энергетикалық һәм практикалық қасиеттері өмірімізде кеңінен қолданыла берсін.

Посттағы ақпараттарды жазуға uhodzavolosami.com, lady.novostiua.net, moloko.cc, bibliotekar.ru, kakun.ru, nevozmozhnogo.net секілді ресурстар көмек болды.
" data-width="600" data-numposts="5">

22 пікір

avatar
Хат жайлы білуші едім
қап, орап кеттің ай ә)
Соңғы түзету:
avatar
Сүтпен жазу
avatar
сүтпен жазу мен үшін жаңалық боллды
avatar
Ленин атасы туралы ештеңе білмейтін балалар) Ол еще, сүтті сия сияқты құйып қоятын сауытты наннан жасаған. Күзетші келсе, нанды сүтімен қоса жеп қойған.
avatar
Бір свиданкада айтып отыр дейді: «Бүгін жолым болмады, алты сиясауытты жеп қойдым», — деп
avatar
Түрмеде сүт беретін болған ғой сонда. Сүтке шомылу деген білмеймін, ақты ысырап қылу сияқты. Жаңалықтарда көрсетіп жатыр еді ғой бес орыс бала сүтке шомылып, сосын одан чечел жасап жіберген, ол чечелді кімге сатқан екен сосын?
avatar
Мені ойлантып отырғаны, түрлі-түсті киімнің дағын кетіру үшін сүтке малып қой дегені. Сүттің өзі де майлы емес пе? Оны жуу қиын болмай ма?
avatar
мүмкін ашыған сүтке малу керек шығар?
avatar
олардың сүтке шомылып жүргені кездейсоқтықпен белгілі боп қалды, фотоларын өздері әлеуметтік желіге салғанынан. өздерін фотоға түсірмей-ақ сүтке шомылып жүргендері қаншама екен?
Соңғы түзету:
avatar
Тамаша пост!
avatar
қысқа әрі нұсқа, танымдық.
avatar
Баяғыда қазақтың бір батырының бәйбішесін жоңғар ма қалмақпа біреу олжалап кетіпті өзі жоқта. Содан әлгі батыр біраз уақыттан соң шапқыншыларды қуып барып бәйбішесін қайтарып әкеп, боз биенің сүтіне шомылдырып қайтадан қасына алыпты дейді батырлар жыры.
avatar
«Жоңғар былғап» үлгерген шығар бәйбішесін, соны тазалаудың ритуалы болуы мүмкін.
avatar
Сүтке шомылу туралы өзіміздің тарихи деректермен әрленген бір пост сұранып тұр.
avatar
Пайдалы пост, автордың ізденісі байқалады
avatar
Сәбет заманының «ана тілі» оқулығында ма ,әйтеуір, бір кітапта бар еді Ленин атаның сүтпен хат жазатыны жайлы мәлімет. Кейінгі буынның таң қалып отырғаны жаңа оқулықпен оқығандықтарында шығар.
Құдайым біздің басымызға сүтпен хат жазуды жазбай-ақ қойсын.
Өзіме сүтен жасалған мата жаңалық болды
avatar
анау ше, анау ше, тұтқында отырған тұтқын қабырғаға Ленин деп жазып, оны қарауыл өшіре алмай, сосын соңында тұтқын «бұл мәңгі өшпес есім» деп қарқ-қарқ күлетіні есіңде ме?
avatar
Лібә, мен ол жайлы жазған ем. Қайда жазғаным есімде жоқ. Тұтқын «ЛЕНИН» деп ойып тұрып жазады ғой. Оны қарауыл келіп әктеп қояды. Әк кепкенсін қараса одан сайын жарқырап тұр, Очм, сырлайды, цементтейді. Өшпейді ғой атаңа нәлеттің есімі))
avatar
Плюстедім. Білім базамды толықтырған пайдалы пост болды.

Тек тіркелген және сайтқа логинімен кірген қолданушылар ғана пікір жаза алады.