Туберкулез. Төртінші деңгейдегі күрес

Блог - Gastarbaiter: Туберкулез. Төртінші деңгейдегі күрес

Пролог


Асылында бұл әңгімені аурухана табалдырығынан аттамай тұрып, тіпті мүлде ауырмай тұрып оқығаның жақсы болар еді. Жыл сайын Шоқан мен Сұлтанмахмұт, Чехов пен Шопенге жұртта қалғандардың сәлемін жеткізетін 2 миллионнан астам адамға қарамастан, көбіміз бұл аурудың бізге еш қатысы жоқтығына және болашақта да қатысы болмайтынына күмән келтірмейміз.

Планетамыздың 100% халқының бойында бұл бәленің микроөкілдері бар. Қанша сақтанып, қымтанып жүргеніңізбен, кезекті бомж-бруевич сізге қарап, небары екі рет рахаттанып түшкірді ме? Вуаля! Енді бұл микроб сіздің бойыңызда. Ал ауру-ауырмауды сіздің иммунитетіңіздің деңгейі мен микробтың түрі шешеді. Міне, осы жерде қолыңыздан келетін нақты шаралар тізімі көбейе түседі.
Құрт ауруымен күресудің көпке белгілі 3 деңгейі бар: әлемдік, мемлекеттік және қоғамдық. Бұл үш деңгейдегі күрес стратегиясы жайлы ашық қолданыстағы егжей-тегжейлі ақпаратты мына жерден асықпай, оқып алсаңыз болады.

Алайда менің әңгімемнің миссиясы, бар мақсаты – туберкулезбен күресудің төртінші деңгейде де, яғни жеке адам өмірі, оның санасы мен рухының деңгейінде жүзеге асатынына назарыңызды аудару.


Әлем "әп" деп өзгерді

Блог - Gastarbaiter: Туберкулез. Төртінші деңгейдегі күрес
"Қойыңызшы, мүмкін емес, қайтадан қарап көріңізші?! Мүмкін… пневмония шығар?" — деген сияқты бірдеңе сандырақтап тұрған жерім есіме түсті-ау әйтеуір. Дереу диагнозды теріске шығаратын себептер іздеп, кеше ғана түкірген қанымды «жай тамағымдағы капилляр күшенгенде жарылып кеткен ғой», — деп, ауруымды мойындаудан барынша бас тартқаным да есіме түсті. «Бауырым-ау, оған тіпті өзің де сенбейсің ғой!» — дейді тізесі шыққан гамажының ауын түзеп-түзеп қойып, жазушыларды мезі қылған "ішкі арымның дауысы".
Ақ шашты фтизиатр диаметрі 2,5 сантиметрлік тесікті рентгенографиядан көзіме шұқып тұрып көрсеткенде де, не айтып тұрғанымды өзім білмей, сандалап жатырмын:
— Жарайды, бірақ жұмыс істеп жүріп те, дәрі қабылдай берсем болады ғой, иә? Қол-аяғым сау ғой!?
— Жоқ. Жатып емделу керек.
— Бірақ-бірақ мен… жұмыссыз… Ол қалай? Жоқ. Мен өйтіп жүре алмаймын ғой, мен табыс табуым керек қой!
Түйсігің 25 жасқа толар-толмас шағыңда алдағы жоспарларыңа еменнің қалың қара бұтағы тігілетіндігімен еш келіскісі келмейді. Ал дәрігер айтқан райынан қайтпақ емес.
— Балам, саған табыстан гөрі, өлмеудің қамын ойлау керек. Еш уайымдама — емің де, тамақтануың да мемлекет тарапынан тегін тағайындалған. Жұмыс істеуге қатаң тыйым салынған, ең болмаса, алғашқы ай толығымен жабық түріне ауысқаныңша жатып емделуге тиіссің.

Бұдан саған шығатын қорытынды, достым — жылына екі рет рентгенге түсудің еш зияны жоқ, тіпті Чернобыль құрбаны болсаң да.

Ал рентген негізінде диагноз қойылды екен, дәрігермен пікірталаспа. Сондай-ақ, "өзімді өзім емдейм", «иттің майын ішемін», «борсықтың майын жалаймын», «биоқоспалар жеп, бұзаубасты қуырып асқа қатам» деген далбаса ойларға бір минутыңды да шығындама. Әзірге мемлекет деңгейінде тамаша нәтиже көрсете алатын жалғыз мекеме — тубдиспансер. Дереу сонда тарт.


«Зомбилендке» қош келдің!

Блог - Gastarbaiter: Туберкулез. Төртінші деңгейдегі күрес

Алғаш тубдиспансер ауласына кіргенімде, осы жерді бала кезімде сыртынан айналып, біртүрлі қарғыс соққандар мекені санайтыным есіме түсті. Кілең маска киген зомбилер мекендейтін түнерген, қаһарлы мекен. Оларды сыртынан бақылап тұрғанда, біреуі кілт бұрылып, маскасының үстінен мұп-мұздай жанарымен қарағанда, тұла бойым тітіркеніп, селт етіп, дереу бұл маңайдан тайып тұруға тырысатынмын.

Бұл жолы да сондай болды. Өзіңнің науқас екеніңді санаң қабылдағанымен, жаның қабылдамай тұрғанының белгісі шығар. Қайткенде де, сені алда әлі бірталай тосын сыйлар күтеді.

Тубдиспансерге келгеніңде ішіндегі адам санын, қатынап емдеушілердің санын көріп, «ойпырмай ауданның жартысы мұнда жүр ғой» дейсің. Мен өзім алғашқы аптада қатынап емделетін бір және туысына тамақ тасыған екі танысымды кезіктірдім.

Біздің аудандық тубдиспансердің үш бөлімі болды. Жабық түріне, ашық түріне және бастапқы бірнеше дәріге көнбегендерге арналғаны. Үшеуіне де кіріп шыққандар бар. Бірақ әдетте адам алдымен екіншісіне, одан кейін жазылудың қалай өрбігеніне қарай біріншісіне не үшіншісіне көшеді. Біріншісіне түскен адам біраз уақыт емнен соң, үйінен қатынай алады, әрі қарай толық сенімді болу үшін санаторийге тағы екі айға жолдама алады.

Ал негізі, оның бәрі әр адамда әртүрлі жүреді. Біреуде тез, біреуде баяу. Тубдиспансерге келген соң, менсіз-ақ бұл жердің тәртібін жатқа білетін боласың.
Бірақ санаторий жайлы ойлауға бізге әлі ерте. Алдымен «зомбилердің» не жейтінін анықтайық


«Тубиктің» тамағы

Блог - Gastarbaiter: Туберкулез. Төртінші деңгейдегі күрес
Кішігірім болса да, маңызы бар мәселе — саған туыстардан, достардан келген тамақ. Егер оны ешкіммен бөліспей, өзім ғана жеймін десең, әрине ешкімнің тартып алуға хақы жоқ. Дегенмен, бір табақ етің мен қазыңды өзгеге қимай, палатаңнан шықпай, тыңқия тойып алып, ұйқтай алмай дөңбекшіп жатқаныңнан көрі, басқалармен бөлісіп, арқа-жарқа болып, ортақ асханада жеу — қарапайым ғана ізеттілік белгісі. Күнделікті бір сарынды тамақтан тек сен ғана шаршамайсың. Тек сен ғана жалықпайсың. Мейлің, басқаларға тамақ келгенде сенімен бөліспесін. Ол өздерінің мәселесі. Тіпті кейбіріне ешқашан сырттан тамақ келмейтінін ескер.
«Тамақ келмейді» демекші, диспансердегі күнделікті тамақ, бірсарындылығына қарамастан, өте құнарлы, көкөніс пен пайдалы астық тұқымдастарына және ақуызға бай. Күніне төрт рет беріледі. Арасында ішің пысса, үлкенді-кішілердің әңгімесін тыңдап шай ішесің. Тіпті фитнес әуесқойы ретінде, тубиктердің «баландасын» өте жоғары бағалар едім.


«Тубиктің» киімі

Блог - Gastarbaiter: Туберкулез. Төртінші деңгейдегі күрес
Жалпы әдемі, стильді киініп, жоғары сапасы менмұндалаған киім кигенге не жетсін. Бірақ қымбат джинсылар, әдемі принты бар стильді көйлектер мен футболкалар, жалпы жаңа киім туралы бірден ұмытқаның дұрыс. Біріншіден, жаңа киімді алу үшін ақша керек. Ал сенің отбасың сенің уақытша жұмыссыздығыңа орай, онсыз да ақшадан тарығуда. Екіншіден, мұндағы жамағатқа сенің талғамың да, әдемі киінгенің де бес тиын. Тіпті «арманилерің» ауырған адамның адал ашуын шақыруы мүмкін. Мақтанатын жер емес қой бұл, рас. Сол ескі киімдеріңді таза да ұқыпты етіп киюге тырыс. Босқа ақша шығындама. Айтпақшы, дәкеден жасалған респираторлық маска сенің ұйқыдан тұра сала іздейтін күнделікті атрибутыңа айналады. Сондықтан да оны тастамай киіп жүруге тырыс. Тіпті амбулаториялық емге көшсең де. Мен үйден қатынап емделу кезінде де, маскамды тастамай кидім. Кезіккенің бәріне «тубикпын» деп айту міндет емес, бірақ маскаңды тастамау азаматтық борышың.


Палата

Блог - Gastarbaiter: Туберкулез. Төртінші деңгейдегі күрес
Тубдиспансердің палатасымен салыстырғанда аграрлық университеттің студенттік жатақханасы Рахат Паластың люкс бөлмесіндей көрінері анық. Бірақ байқай білген науқасқа барлығы соншалықты түңілтерлік емес. Палаталар жарық, таза. Күніне екі рет дезинфекция жасалады. Медбикелер барынша сыпайы адамдар. Дегенмен, бәрібір көңіліңде бір қаяу болады.

Осы кезде ешкіммен араласпай апатияға түсіп, бұрышта бүк түсіп, күн ұзаққа тек өзіңнің телефоныңды ғана шұқылап, аутист болып кетуге де болады. Елде қалыптасқан стереотиптер әсерінен алғашында онда тек зектер, алқаштар, жезөкшелер мен нашақорлар ғана жүретініне сенуің мүмкін. Әрине, бұл жерде профессорлардан жер қайысқан қол жинауың күмәнділеу. Бірақ осы бір елден ерек өмір мектебінде маған ақындар да, сантехниктер де, бесаспап музыканттар да, мұғалімдер де, академиялық демалысқа шыққан студенттер де, тіпті дәрігерлердің өздері де кезікті. «Баламды медінстутқа бердім, енді әулетте ешкім ауырмайтын шығар» деп ойлайтын ақкөңіл жандар баласының өзі ауырып қалуы мүмкін екенін ойламаса керек.

Мен де бір-екі күн іштен тынып, дәрігер мен медбикеден басқа ешкіммен сөйлеспедім. Онда да бар әңгімем «Тәте, мен бұл жерде әлі қанша уақыт болам?» — деген сұрақтың әртүрлі нұсқасымен шектелді. Үшінші күні Төлеумен көбірек сөйлесе бастадым.
Төлеу — менің ең бірінші палаталасым болды. Ол екеуміз ұзақ әңгімелесіп, өткен өмірді парақтайтынбыз. Маған Төлеудің өмірі кілең өкінішке толы сияқты көрінді. «Мұнда түскенде шынымен де өкініштен басқа не туралы ойлауға болады?» — деп ойлай бергенім сол-ақ екен, кенет әр палатадан шыққан түнгі иттердің үргеніндей күрк-күрк еткен жөтелдердің үйреншікті ансамбілін бұзып, коридорда біреудің қарқылдаған күлкісі мен жарқын-жарқын сампылдап жатқан даусы естілді. Бұл кімнің мазағы?? Бір кезде тап сол дауыс Шәмші әндерінің әуенін бұза-мұза ыңыранып айта бастады. Түк те жақтырмадым. Шығып, «кім екен?» деп қарасам, сүлдесін сүйреткен «скелет» бейнелердің арасында зыр-зыр етіп шапшаң басып, тіпті медбикелерге қырындап жүрген бір науқас көзіме оттай басылды. Химиотерапия біраз науқастың шатырын шайқап жібергені жайлы естуші едім. «Есі ауған шығар, байғұс», — дедім. Ара-тұра қасымдағы Төлеу ағай коридорға шығып, дабырлап жатқан жігітке ұрсып та жүрді.

Иә, 1,5 жыл ішінде мен бұл жерде түрлі мінездер мен түрлі кейіпкерлерді көрдім. Кейбірімен сені де таныстырармын. Ал әзірге, мынаны түйіп ал: диагноз қойылған бетте санаңды ең ұзақ мерзімге дайында. Өзіңе жеңіл болады. Маған басында төрт ай дегенімен, 1,5-жыл дегенде дәріні тоқтатуға рұқсат алдым. Ал 2 жылдан соң тіркеуден толық шықтым. Бұл қайта менің жолымның болғаны екенін айтудың өзі артық шығар.


Төлеу

Блог - Gastarbaiter: Туберкулез. Төртінші деңгейдегі күрес
Алғаш менімен бір палатаға түскен жігіт 40-қа толар толмас сұңғақ бойлы Төлеу есімді жігіт ағасы туралы толығырақ айтқым келеді. Сөзіне сенсем, бұрын өте қарулы, ұрғанын ұшыратын жүк тасушы болған. Ал түріне қарасам, Төлеу әбден қаусап біткен, ет пен сүйегі ғана қалған Аушвиц құрбанына көбірек келетін. Жалпы кейін ондайларды жиі көрдім. Ол маған өмірге қаншалықты өкпелі екеніне меңзейтін түрлі реніш пен налаға толы оқиғаларды айтатын. "Қарашы, мысалы, мына палатаны, темір кереуеттер, бізге үкімет қыруар ақша бөледі, мына оңбаған дәрігерлер бәрін жеп қоятын,» — деп, 48 келілік сүлдесін сүйреткен күйі темекі тартуға дәлізге шығып кететін. Қайтып келіп, Төлеу тағдырды да, ата-анасын да, мемлекетті де, ішімдікке салынып кетуі себепті ажырасып кеткен әйелін де жазғыратын. Оған ештеңе де, ешкім де ұнамайтын.

Бір аптадан соң, диспансердің бас дәрігері әр палатаға кіріп, жеке-жеке сұрақтарын қойып, танысып, тексеріп өтті.
Менің қасымдағы жігіттің рентген парағына қарап отырды да, "Өмірді сүрдің бе от души?!" — деді. Анау басын изеді. "Әлі ішіп жүрсің бе?" — деді бас-дәрігер. Анау тағы басын изеді. «Мынау ішіп жүрген дәрілерің бауырыңа қандай күш түсіретінін білесің бе?» — деді. Жігіт үндемеді. Сосын маған қарады да, «Так, сен баланы басқа палатаға ауыстыру керек», — деді.

Үздіксіз депрессия, мұң, нала, өткен өмірдің реніштері, жоқ жағдайға жабырқау тепсе темір үзетін жігітті де біртіндеп көрге тығады. Ал осындай ауыр науқасқа шалдыққан адам, сары уайымға шалдықса, не болады?! Төлеу жан-жағындағылар барын салып, оны құтқаруға тырысып жатқанына қарамастан, бәріне лағынет айтып, қарғап-сілеп отырды. Өткен өмірдің өкініштерін ұмытып, өкпені босатса, жеңілдеп қалар ма еді?!

Екі айдан соң Төлеу қайтыс болды. Жоқ, туберкулезден емес. Ресми өлім себебі — бауыры іріп кеткен. Өте күшті химиялық дәрілер арзан арақтан шаршаған бауырдың түбіне жетіп тынды. Ал бауырдың ауруына, жан жарасы қосылғанда Төлеудің бойында тіршілікке де орын қалмаған екен.


Алтыншы ай дағдарысы

Блог - Gastarbaiter: Туберкулез. Төртінші деңгейдегі күрес
Иә, қасыңда жатқан, бір-екі ауыз болса да тілдескен адамдардың о дүниелік болуы, дос болып үлгерген адамың өкпе дертінің өмірлік тұтқынына айналуы саған да ешқандай жігер бермейді. Бірақ күйзелістің бұл түріне төтеп бере алсаң, біртіндеп бұл мекеннің тамағына, уыс-уыс дәрі ішуге, несебіңнің қанық сәбіз түсіне, қатаң күн тәртібіне ағзаң үйрене бастайды.

Дегенмен, алты айға жуық уақыт өткенде көп адамдардың жүйкесі сыр береді. Мұны мен алтыншы ай дағдарысы деп атадым.

Туберкулез адамның тек тынысын ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемін темір төсек, палата, коридор мен жазда күншуақта отыруға арналған есік алдындағы тапшанның шеңберіне дейін тарылтады. Саған көңіл сұрап келушілердің ең жанкештілері де біртіндеп сені "өлдіге" балап, сенің бар екендігіңді біржола ұмыта бастайды. Өйткені сенің онда жатқаныңа жарты жыл болды – бәрі әбден жалыққан. Тірі адам тіршілігін жасайды. Міне тап осы кезде, жаның, рухани қуатың екінші рет сынаққа түседі.

Жүйкесі сыр бергендер, дәрілерді ішуден бас тартады, ашушаң болады, адамның қарапайым ғана қызықтарынан айырған тағдырына өкпелей бастайды.

Отбасынан, жұмысынан, достарының рухани демеуінен айрылған науқастар енді ғана жазылу жолына түскенде, қолды бір сілтеп, өзін тірі сақтап тұрған жалғыз жіптей жігеріне балта шабады. Кейбірі өзінен-өзі безіп, диспансерден қашып шығып, өмірінің соңғы күндерін ес түсін білмей, мас күйінде өткізгісі келеді.

Бұл жағдайда заң да, мемлекет те науқастың емес, қоғамның құқығын қорғайды. Міне тап осы жерде, сен түрмеден қашқан баукеспе ұрының жағдайын басыңнан кешіресің. Индивидуализмнің қай жерде өзін сарқып, коллективизмнің қатаң машинасы қалай іске қосыла қоятынын өз басыңмен сезінесің. Одан да сорақысы, деніңнің де, жаныңның да саулығы үшін бұндай «Шоушенктен тайып тұрулар» еш опа бермейді. Керісінше, денсаулыққа жету жолын қиындата, ұзарта түседі не тіпті ақырғы нүкте қояды.


Жалғаспен танысу

Блог - Gastarbaiter: Туберкулез. Төртінші деңгейдегі күрес
Жә, өлім туралы жетер енді. Анау әлгі дабырлақ, коридорда ән салатын жігіт естеріңде ме? Сонымен қалай танысқанымды айтайын сендерге.

Диспансердегі алғашқы аптам ғой деймін, даусы алты қабат жердің астынан шығатын заржақ жігіт түнеріп отырған маған жымиған күйі: «Сен бала осы маған ұнамай жүрсің!» — деді. Мен қатулана: "Ұнауға міндетті ме едім?" — дедім. Ішімнен, «адам өзі ажалмен арпалысып жатса, бұныкі не?!» — деп ойладым, мойнымда жоқ галстукты түзеп. Ол мырс етті де, басын шайқап жөніне кетті.
Ертеңіне таңертеңгі егуден кейін тағы да коридорда кезіктік. «Ей, оқымысты! Қалай, есіңді жидың ба? Хе-хе, әлі-ақ бақытты боп кетесің..." — деді ол. «Жүр салмақ өлшейік!» — деді ол, жаттығу залындағы спортсмен жігіттердің дауыс ырғағымен. Салмағын өлшеп жатып, ол соңғы екі айда жеті келі қосқанын айтты. Емнің де өзіне керемет жағып жатқанын айтып, қарнын бір сипады да, "қой, бауырым, енді завтракқа шығайық" деді. Таңғы асты адам қызығарлық құлшыныспен қылғытып алған соң, ақыры атының Жалғас екенін айтты. Мен де қолымды создым.
— Асқар.
— Асеке, көрші ауылдың қыздарына қалайсың?
— Қандай көрші ауыл?
— Өй, ана атделенді айтам. Жаңадан бір әдемі қыз түсіпті. Ай, қайдам, бірақ бірінші бөлімнің қыздары бізді менсінбейді-ау. Әлде… анау хрониктегі сұлуларға ұрын барамыз ба, ыхха-ыххха-ха?!" — деп шалқая күлді ол. Маған бұл жігіт біртүрлі жалпы түнерген картинамен үйлеспей тұрған, осынау готикалық сұрқай атмосфераны өзінің ортаға оғаш жарқын бейнесімен, мүлде орынсыз шат көңілімен бұзып тұрғандай көрінді. Бұнда не істеп жүр бұл адам?!

Жалғас бөлімде жатқан әжелерді де, шалдарды да, жігіттерді де, қыздарды да күлкіге қарқ қылып, тиісіп-шымшып сөзге тартып, барлығын сыртқа түрлі ойындар ойнауға шығарып, ортақ бір әрекеттер ұйымдастырып, әрқайсысының өз қайғысымен жалғыз қалуына мүмкіндік бермеді. Сол үшін менің осы жігітке алғысым да, сый құрметім де есепсіз.
Жалғас өте жылдам жазылып шықты. Оның жымиысы мен күлкісі, әзілқойлығы мен жайдарылығын қимасақ та, оның бұл жерден тез шығуына бәріміз қуандық. Ол кетті. Бірақ оның осы мінезі мен сияқтыларға үлкен сабақ болды. Кейін мен де уайымның құшағынан шыға алмай жүрген жаңа түскен науқастарға рухани демеу көрсетуден ерекше ләззат алатын болдым.


Қайта шапқан жау жаман

Блог - Gastarbaiter: Туберкулез. Төртінші деңгейдегі күрес
Алтыншы ай дағдарысынан аман қалған адамның жанында ұзақ уақытқа дейін тұрақтылық орнауы мүмкін. Тіпті бұл тұрақтылық бірнеше жылға дейін созылады. Содан кейін адамның санасы тағы бір сынақтан өтеді.
Анализдерің, рентген көрсеткіштерің, салмақ қосуың, өзіңді керемет сезінуің аман жазылып келе жатқаныңа толық сендіргенде, өмірді тым қатты бағалай бастайсың. Әрбір түшкіргеніңнен, әрбір өтпе желден, әрбір жөтелден сезіктенесің. Күтінген дұрыс-ау, бірақ алаңдаушылықтың бір шегінен екінші шегіне секірмеген дұрыс.

Тубдиспансердің үшінші хрониктерге арналған бөлімінде денсаулық үшін шайқастың тым ұзап кеткеніне байланысты рухани ресурстары әбден таусылған адамдарды жиі көруге болады. Әйтсе де, бұдан да жеңімпаз болып шыққандар бар.

Мәселен, бала кезінен бұл дертпен күресіп өткен Поль Брегг кейін өзінің жаттығу жүйесін құрып, әлемге әйгілі бестселлер «Ашығу кереметін» жазып, 86-жасқа дейін өмір сүріп, ең танымал американдық фитнес-энтузиасттар қатарына енді. Жеті жыл бойы бұл дертпен күресіп, ақыры тек ауруын ғана емес, Қыстық Олимпиаданың бірнеше медалін жеңіп алған, әйгілі коньки тебуші Инга Артамонованың өмірбаяны да біраз адамға демеу болары анық. Бірақ менің жеке өзімді туберкулездің ең ауыр мултирезистентті түрін жеңіп шыққан Ақмарал мен Жеңістің хикаясы сүйсіндірді.


Ақмарал мен Жеңіс

Блог - Gastarbaiter: Туберкулез. Төртінші деңгейдегі күрес
Ақмаралды мен емделудің ең ақырғы сатысы — санаторийде көрдім. Үнемі бірнәрсе тоқып отыратын. Сөйтсем, жігітіне сыйлық тоқып отырады екен. Бір қарағанда дарақылау, ұр да жық мінезді қыздай көрінгенімен, жақынырақ танысқанымда Ақмарал өте нәзік адам екеніне көзім жетті. Ақмарал ауырмай тұрып, отбасының мақтанышы еді, үнемі алда болуға, үнемі ата-анасын қуантуға, бауыр-ағайындарына үлгі болуға барынша тырысып жүреді. Өзінің құнын тек жақындарының бағасымен ғана өлшеген ол өзінің шын қалауын барынша басып-жаншып жымын білдірмей жүрген еді.
Егер анасы оны «алтын қызым» деп басынан сипап, бетінен сүйетін болса, Ақмарал тау мен тасты қопарудан да күші сарқылмас еді. Анасынан көпті емес, жалғыз ғана жылы сөз дәметті. Бірақ денсаулығы сыр беріп, ауруханаға түскенде, тіпті ең жақын адамдары сырт айналғанын көріп, бар тырысқаны бекер әурешілік екенін түсінеді. Шегеді. Ішеді. Мақтаулы қыздың әрекетін жасайды. Тіпті сол кезде де анасының сынай қарап тұрған бейнесі көз алдынан кетпейді.
Ақмарал сырқатынан бірінші жылы да, екінші жылы да айыға алмайды. Біз диспансерде «мультик», «хроник» деп еркелетіп айтатын, туберкулездің аса қауіпті түрі шынашақтай қыздың төбесінен төнеді. Жан жарасы жазылмаған адамның, тәніне де ем тұрақтамауының тағы бір дәлелі осы болса керек. Бірақ ол саулардың арасынан таппаған жылуды тубдиспансерден табады. Екінші жылдан бастап, оған бөлімде бірге жатқан жігіт көңіл білдіре бастайды. Жеңіс Ақмаралдың айтуынша, оған қамқор болудан, үнемі жұбатып, көңілін көтеруден жалықпайтын. Құдды біреуге қарау арқылы, өз жарасын ұмытуға тырысатындай.
Үш жыл дегенде ғана Ақмарал жанында жүрген жақсы адамды қабылдайды. Өмірге қызығушылығы қайта оянып, денсаулығы да көп ұзамай оңала бастайды. Бір-бірін демеп, бірге ауыр сыннан өткен Жеңіс те Ақмарал да түбі өзінің бақыты мен денсаулығы үшін бірлесе күресудің маңызын түсінсе керек.


Дәрігер

Блог - Gastarbaiter: Туберкулез. Төртінші деңгейдегі күрес
Ой, сұмдық-ай. Біреулер бөлімге алғаш кіргенен айқаймен, жылап-еңіреп келеді екен. Біреулер палатада өзіне өзі қол жұмсайды, түнде жарты сағатқа сытылып шығып, араққа сылқия тойып келіп, медперсоналға жұдырық ала жүгіретіндер бар.

Туберкулезді емдеу – дәрігердің қара басы үшін де еш қайырымы жоқ тірлік. Жазылып кеткендердің көбі жұрт көзінше өзінің бір кездері осындай «абыройсыз» дертке шалдыққанын айтуға ұялады. Қоғамның көзқарасынан қорқады. Бұндай «ерекше» мекемелерге кілең тіс қаққан, ескі мектептен шынығып шыққан сақа дәрігерлер ғана барады. Олар бұл еңбегінен ешқандай престиж да, атақ-абырой да күтпейді. Біреуден ешқандай қайырым күтпей көмек көрсетуге келгенде осы кісілерден біраз үйренуге болады.
Бірақ құрмет дегенде де шектен шыққан жасанды құрметтің қажеті шамалы.
Әкем оташының кабинетінің есігінде "Құрметті науқастар! Дәрігермен қол алысып амандасу, оның хал-жағдайын сұрауға міндетті емессіз!" деген жазу тұратын. Бұл тілек тубдиспансер дәрігерлеріне де қатысты. Олардың алдынан жүгіріп шығып, қос-қолдап амандасу, хал-жағдайына алаңдаушылық білдіргенсымақ болу міндет емес. «Сәлеметсіз!» деп басыңды изесең де ізеттілігің азаймайды. Есіңде болсын, дәрігер тап сенің, яғни тубиктің, өзінің хал-жағдайына алаңдауын күтпейді. Сондықтан, оның шынайылығына да үлкен күмән келтіреді.


Медбикелер

Блог - Gastarbaiter: Туберкулез. Төртінші деңгейдегі күрес
«Мейірбикелер» деген де әдемі нұсқасы бар ғой. Екі қолы адамды өлімнен арашалап жатқанда, маңдайындағы борша-борша терін сүртіп, тиісті құралын әперіп тұратын әріптестерін әкем "қанды балақ достарым менің" деп ерекше құрметтейтін. Содан болар, менде тек дәрігерлерге ғана емес, оның көмекшілеріне де үлкен құрмет бала кезімнен қалыптасты. Қалай, неге екенін анық айта алмаймын, бірақ, медбикелермен жылы қатынаста болуың, ерегеспеуге тырысуың, кішігірім қателіктерін кешіре білуіңнің тез жазылуыңа тікелей қатысы бар. «Махаббат құр», "қалыңдық қыл" демеймін, ондай жағдайларға да талай куә болсам да. Табынбасаң да, ерікті-еріксіз өзінің денсаулығын бәске тігіп, саған әрі сен сияқты мыңдаған адамға күтім жасап жүрген маманға кем дегенде сыйластық білдірген заңды сияқты.


Диспансерде уақытты пайдалы өткізу


Блог - Gastarbaiter: Туберкулез. Төртінші деңгейдегі күрес
Диспансерде уақытты әркім әрқалай өткізеді. Мақсат деген бір жас жігіт «Шымкент Шоу», «Шаншар», «Бауыржан Шоу», «Нысана» сияқты әзіл-сықақ дискілерін көруден жалықпайтын. Әсіре талғамшылдық, сыншылдық пен міншілдігіңнің көк тиынға қажеті жоқ бұл жерде. Қанша «сноб» болсаң да, тек раритет тұтынып, арт-хаус киноның эксперті болсаң да, барып біреудің күлкісін көре алмай, оларға сөгіс айтудың қажеті жоқ. Тіпті ел мұқатқан Петросянды тыңдап отырса да. Одан да, өзіңе шын ұнайтын тірлікпен айналыс.
Ал сүйікті әрі өзіңе пайдасы бар хоббиіңнің болуы, байқағаным, ағзаңның сырқатқа қарсы тұру қабілетіне оң әсерін түбінде тигізбей қоймайды екен.

Биологиялық тұрғыда ғана тірі қалуды емес, аман қалуды емес, дамуды, бір дағдыларыңды жетілдіруді ойла.
Мысалы, маған зіл-батпандарды көтеруге дәрігердің салған тыйымы керісінше жігерімді қайрай түсті. Дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындасам да, дене шынықтыру, реабилитациялық фитнес туралы кітаптарды оқуға, темір кереуетте жатып, бас жағымдағы көлденең темірін штанга сияқты елестетіп, оны қос қолыммен қысып, көзімді жұмғанда: тер сасыған зал, айқайлап жатқан жігіттер мен бұрыңғы рекордымды жаңартып жатқан өзімді армандауға ешқандай кедергі болмады. Сондай қиялдардан қолым босағанда, қазақ тілді форумдарда қазақша жазу және пікірталас жүргізу қабілетімді барынша жетілдіріп, өз жазу мақамымды қалыптастырдым.

Жұмыстан тыс қалған, қоғамдағы өзінің тетігінен түсіп қалған адамға хобби ауадай қажет. Бұзылған дүниелерді жөндеу, тігінмен айналысу не тоқу, әлеуметтік желіде күнделік жүргізу, әлдебір шығармашылық түрімен айналысу, тіл үйрену, музыкалық аспапта ойнап үйрену, бір кәсіп бойынша кітаптар оқып, біліміңді жетілдіру, шектеулі кеңістік жағдайына ең нәтижелі уақыт өткізу түрлері дер едім.


«Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!»

Блог - Gastarbaiter: Туберкулез. Төртінші деңгейдегі күрес
Тап осы бөлімнің атауына шығып кеткен Ұлы Отан Соғысы кезіндегі кеңестік ұран сенің науқасқа қатысты көзқарасыңның тірегі мен жүрегіне айналуы керек.

Таңертеңгілік жеңіл-желпі жаттығулар, серуен, дене жаттығуларының минимумын тіпті палатаның ішінен шықпай да жасауға болады. Темекіні қой. Тіпті болмай жатса, өкпеге залалын тигізбейтін никотин қабылдау жолын қарастыр. Тубдиспансерлерде насыбай өте танымал өнім. Бірақ, әңгіме тек өкпе ғана емес, денсаулық туралы болғандықтан, бәрін бірден қойғаның жақсы. Қиын болса, Аллен Каррдың әдістемесіне негізделген «Легкий способ бросить курить» деген кітабын не видеосын қара.

Халықаралық DOTS -жүйесі бойынша өкпемізді емдеу нысанаға дөп тиіп, тиісті нәтижесін беруі үшін ағзаңа індетті жеңуге және дәрінің уына төтеп беруге барынша көмектесу керек. Жұғымды ас же. Қымыз іш. Витаминдер іш, иммуномодуляторларды қабылда. Сен күн санап, «жазылған соң өмір басталады» деп жатқанда, сырттағы өмір гүж-гүж қайнап жатады. Әлем өмірін сен үшін тоқтатпайды. Сен де тоқтама, шығар күніңе барынша дайындал. Диспансерден шыққанда, денең тек жазылып қана емес, барынша шынығып, ойың мен рухың шыңдалып шыққаны дұрыс. Онсыз сен сол беті орныңды таппай қаласың да, сырқатқа қайта жеңістік беруің тек уақыттың еншісінде қалады.

Көзге көрінбейтін Кох таяқшасының аярлығы мен сұмдығы қырық неміс танкісіне жүк болардай. Сондықтан онымен барлық майдан шептерінде аяусыз шайқасуың керек.

Ажалға оңай олжа болма, достым!
Бөлісу:

20 пікір

Gastarbaiter
Адам аттарының барлығы жеке бас құпиялығы мақсатында өзгертілген.
FaraOn1
қай жылы болып еді? Қазір вроде көптеген дәрінің орынына сәуле қолданады. Менің ағамды алты айда емдеп шығарған
Gastarbaiter
"Қойш", деп тағы тексеріп шықтым деректерді. Бәсе, әлі DOTS-пен емдеп жатыр мекемелердің басым бөлігі.
DOTS — салыстырмалы түрде жылдам нәтиже береді, әрине науқас өзі қарсылық танытпаса.
Соңғы түзету:
MickThatsMyNick
созылмалы бронхит туберкулезге айналып кете алады ма
Gastarbaiter
Жоқ, созылмалы бронхит туберкулезге айналып кете алмайды, бірақ микробтың өсіп-өніп, өкпеңде өзін қожайын сезінуіне әдемі жағдай жасап бере алады. Мысалы, «имүнтөтің» мықты болса, бойыңа тубердің шпиондары түскен бойда «ағзаны қорғау комитетінің» радарына түсіп, фагоциттер деген спецназға таланып, көтін қыса қояды.
Ал «имүнтөт» болмаса? Спецназдарың өлімсіреп қылмыс мекеніне жетем дегенше, қол жинайм дегенше… Очм, түсіндің.
Соңғы түзету:
zholantai
тубдиспансерлерге тарату керек, парақша ретінде
Соңғы түзету:
Gastarbaiter
Жазбаның екінші жақтағы баяндау формасын сол үшін таңдап едім. Бірақ, бір парақшаға сыймайды ау, кемінде 10 беттік әдістемелік-әңгіме болары анық.
Полиграфияға тапсырыс береміз, буклет сияқты бір формасын ұсынар, бұйырса.
Соңғы түзету:
asaubota
көбәріб болғасын бәрін оқымадым, бірақ техника жоғары! жюриден 10 алуға әдбен лайық жазба
zholantai
келісемін, басын бастап оқығанда «соңғы сөйлемі қалай болар екен» деп ойлағанмын. Әдетте жазбаны лепті сөйлеммен аяқтауды жаратпайтын едім. Бұл жазбада әдемі жапты.
Ажалға оңай олжа болма, достым!
«достым» деген сөз жазбаның барлық жүгін көтеріп тұр. Ырзамын, Гаста, жаза түс
bizbike
Бұл ауру тұқым қуалайтынын да ұмытпаған жөн, әке-шешеңіз бұрын ауырған болса, тексеріліп тұрған дұрыс.
Gastarbaiter
Bizbike, Әке-шешеңіз ауырған-ауырмағанына қатыссыз, жылына екі рет тексеріліп тұру керек.

***
Ауруды бұрын (Кох таяқшасы ашылғанға дейін) тұқым қуалайды деп келген, себебі, бұрын ауруды тудыратын микроб белгісіз болатын. Оны қоздырушы белгілі болған соң тұқымқуалаушылығы жоққа шығарылды. Бірақ отбасында ауырған адамды дереу оқшаулап емдемесе, ол үй ішіндегі ұзақ уақыт жиі қарым-қатынасқа түсетін туыстарына жұқтыруы мүмкін.
Ағзаның туберкулез микробына қарсылық көрсету деңгейі, яғни иммунитеті тұқым қуалайды. Аурудың өзі емес. Індет жағдайында, ол микробқа қарсы тұру қабілеті төмен отбасылар тұқым жұрағатымен бірінші болып құрбанға айналатындары содан.
Соңғы түзету:
sammita
мықты, өзгермегенсің.
Meyirim
menin kainagam jilina 3ai jatip emdelip turad. iagni ar jili 3 ai gana bolnisada bolad ta kalgan uakitta uinde juredi. sondaol kandai turi
Gastarbaiter
Хроник. Созылмалы.
MamaAya
))Былтыр жазда менде жөтел пайда болды, постоянно емес, кейде тамағым жыбырлайды-жөтелемін. И күзге қарай түнде арқам ауыратын болды.))) Бірақ жөтел қойып кеткен. Күйеуім диагноз қойды, арқаң ауырады, ұзақ уақыт жөтелдің, демек, туберкулездің признактары бар! Через не хочу флюрографияға жұма күні барғаныма байланысты, дүйсенбі күні шығатын результатқа дейін мен уайымнан дымым қалмады. Интернеттен әбден қарадым расында ұқсайды.(((
Дүйсенбі результатында өкпең таза, аллергологқа бар деп жіберді, аллерголог арқамның ауыратынын невропатологқа бар деп жіберді, невропатолог мануальный терапевтке жіберіп, қыста емделіп, арқам ауырмайтын боп қалдым))) (Мақтақыз ертегісіне ұқсап кетті ғой )Грудной остеохондроз деген диагноз қойылды. Ал аллергический жөтел жақында шығып қалатын кез келе жатыр((((
Соңғы түзету:
sammita
осы аллергия деген жаман екен, бұрын мән бермеуші ем, қазір онымен ауыратындар өте көп. былтыр бірінші рет менде шілде-қыркүйек кезінде болады, шөп-шаламға((( белгілері тұмау сияқты(((((((((
MamaAya
ия, таңертең -кешке көзің жасаурайды, түшкіре бересің, мұрын бітеледі, а жөтел тамағыңды жыбырлата береді.
Adiletshu
Тамыз-қыркүйек айларында бір түшкіргенде 30-40-ын бірден ұрып тастаймын