Неміс клубымен күш сынасады

Блог - Erkosh1995: Неміс клубымен күш сынасады
Германия боксшыларымен жартылай финалдың жолдамасын сарапқа салатын «Астана арландары» алғашқы жекпе-жегін 28 наурыз күні неміс жерінде өткізеді. Қарымта кездесу 5 сәуір күніне жоспарланған.
«Арландардың» ширек финалдағы қарсыластары А тобында үшінші орынға ие болды. Өткен аптаның соңында Аргентина боксшыларымен шаршы алаңға шыққан неміс боксшылары 2:3 есебімен ұтылғандарына қарамастан өз тобында үшінші орынға тұрақтап қалды. Немістердің басты қарсыластары саналған АҚШ боксшылары да өткен аптадағы жекпе-жектерін сәтсіз өткізді. Әзірге топтық кезеңнің кейбір жекпе-жектері аяқталған жоқ. Мәселен, «арландарға» қарсылас атанған немістер өз тобында тоғыз жекпе-жек қана өткізді. 8 наурыз күні олар «Украина атамандарын» қабылдайды. Бұл жекпе-жек немістер үшін маңызы жоқ десек болады. Өйткені, олар жеңгеннің өзінде үшінші орыннан жоғары көтерілмейді. Ал, украиндар үшін бұл кездесудің маңызы зор. Дәл қазір «атамандар» топтық кезеңде тек 8 жекпе-жек қана өткізіп, турнир кестесінің екінші сатысында келеді. Егер кейінге қалдырылған екі жекпе-жекте украиндар жеңіске жететін болса, онда олар итальяндықтардың алдын орауы бек мүмкін. Дегенмен, Италия боксшылары да осыған дейін тоғыз жекпе-жек өткізіп, 23 ұпай алды. А тобындағы бірінші орынды украиндарға бермес үшін Апенин түбегінің былғары қолғап шеберлері 12 наурыз күні сырт алаңда Алжир боксшыларын ұтуы керек.
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше