Адам құқығы туралы не білеміз?

Таяуда Астана қаласында «Құқықтық медиа орталық» қоғамдық қоры Ұлыбритания елшілігінің қолдауымен адам құқықтарының ақпарат құралдары арқылы насихатталуына байланысты семинар ұйымдастырған болатын. Республикамыздың барлық аймақтарынан келген журналистердің осынау алқалы жиынына журналистика бөлімінің де студенттері мен оқытушылары қатысқан еді. Адам құқықтарына қатысты мәселенің қазақ тілді ортада аз қамтылып, бұқаралық ақпарат құралдарында мардымсыз көтерілетінін анықтай келе, тұрақты айдар аясында мақалалар жариялап тұрмақшымыз.
«Менің құқығым бұзылды» деп адвокаттық мекемелерге немесе құқық қорғау органдарына барып дауын айтатын адамдар саны күн өткен сайын көбеюде. Олар туралы халық арасында қазіргі пікір әртүрлі. Бірі «арызқой» деп күстаналаса, екіншісі «жарайсың, солай болуы керек!» деп қолпаштап, арқасынан қағады. Бұрын «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда» адам құқықтары бұзылмады ма десек, онда оған біржақты жауап беру қиын. Ол уақытта мемлекет өз азаматтарының қауіпсіздігін жіті бақылады. Және де бұл тақырып үкіметтің назарында болды.

Қазір тәуелсіз мемлекеттер жағдайында адам құқықтарының сақталуы туралы мәліметтерді жариялау барысында бұқаралық ақпарат құралдары ұжымдарына тереңнен ойлануға тура келетіні рас.

Негізінен, адам құқығы дегеніміз не? Ата заңымыз, басқа да заңнамалық актілер тұрғанда оның неге керегі бар?

1948 жылы желтоқсанның 10-жұлдызында Біріккен Ұлттар Бас Ассамблеясы 3-ші сессиясында 217 А (III) жарғысымен қабылданған және жарияланған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында, адам құқығы дегеніміз- «Адам баласы үйелменінің барлық мүшелеріне тән қадір-қасиетін, құқықтарының теңдігі мен тартып алынбайтындығын тану, бостандық пен әділдіктің және жалпыға бірдей бейбітшіліктің негізі» деп көрсетілген.

Ал, Қазақстан Республикасының Конституциясының бірінші бөлімі, бірінші бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп белгіленген. (Жалғасы келесі санда)

Шынар Сейдіғазимова, Гүлсаян Ыбраева, Мейрамхан Жәпек
Бөлісу:

1 пікір