Дауыс беруден шет қалма!



Достар, блогтар байқауына өтініш қабылдау мерзімі аяқталса да, оған қатысуға ниет білдірушілер саны толастар емес. Айтайын дегенім, біріншіден, байқау ережесі бойынша байқауға тіркелу наурыздың 8-і күні аяқталып қойды.
Екіншіден, біз байқауды бекерден-бекер үш кезеңге бөлген жоқпыз ғой. 1-ші кезеңде байқауға қатысуға ниет танытқан блогшылардың тізімі анықталса, 2-ші кезеңде қатысушыларға олармен танысуына мүмкіндік беруге тиіспіз. Егер блогтар тізімі толықтырыла берсе, қазіргідей қарбалас уақытта олармен барлығы да танысып үлгермеуі мүмкін. Сондықтан тізім сол қалпынша қалатын болды. Бұл сонымен қатар байқау ережесін сыйлағандық болады. Оның үстіне блогтар байқауы соңғы рет өтейін деп тұрған жоқ қой. Наурыздың 9-ынан бері қарай өтініш берген блогшылардың блогын асықпай «күтіп-баптап», бәйгеге келесі жылы қосуына толық мүмкіндігі бар.

Үшіншіден, дауыс беретін күні яғни, наурыздың 19-ы күні сізге ұсынылатын арнайы анкетада әрбір номинация бойынша ұсынылған блогтардан бөлек, «осы номинация бойынша өз вариантыңызды ұсыныңыз» деген жазуы бар қосымша графа болады. Соған байқауға түрлі себептерден қатыса алмай қалған өз «үздігіңізді» жазсаңыз болады. Ол мейлі, өз блогыңыз болсын, өзгенің блогы болсын, бәрібір. Бірақ бір номинация бойынша бір ғана блогты белгілеу шарт екенін де ұмытпаңыз.

Сосын тағы бір өте-мөте маңызды бір нәрсені айта кеткім келеді.

Блогтарға дауыс беру наурыздың 19-і күні таңертең блогкэмпке тіркелумен қатар жүреді.

Сіз Ақзереге қатысушы ретінде келгеніңізді дәлелдегеннен кейін сізге арнайы анкета ұсынылады. Соны толтырып, үздік блогтарға дауыс бере аласыз. (Әйтпесе, рюкзак бермейміз деп қорқытқан ба))))

Сұрақтар өте оңай. Әлгінде көрсетілген тізім бойынша өз «үздіктеріңізді» белгілеп шығасыздар. «Бұл қайдан шыққан тізім?» деп шошып жүрмеңіздер. Бұл байқауға өзін-өзі және өзгелер ұсынған блогтар.
Сосын, Дауыс беруге немқұрайлы қарамауларыңызды сұраймыз. Дауыс бермей, сосын нәтижесі белгілі болғанда «Неге мына блогшы жеңбеген? Үздік еді ғой...» деп жүрмеңіздер. Байқаудың нәтижесі тек өздеріңізге байланысты екенін ұмытпаңыздар! Әрбір номинация бойынша неше адамның дауыс бергені, байқауға қанша адам қатысқаны т.с.с бәрі-бәрі арнайы таблицада көрсетіледі.

Егер қандай да бір себептермен «дауыс бере» алмасаңыз, бірден хабарласыңыз: 8 701 83 99 276;
Ең дұрысы, наурыздың 19-ы күні таңертең 9 жарымнан қалмай тіркеліп, дауыс беру;

Алматыдан бөлек қалада тұратындар, жолға ақырындап дайындала бастаған шығарсыздар. Алматыда ауа-райы құбылмалы боп түр. Сәрсенбі күні қар жауды. Жылы киім ұмытпаңыздар. Волейболл ойнағысы келетіндер спорт киімін де ұмытпасын. Мерекелік көңіл-күймен Алматыға аман-есен жетіңіздер! Олай болса, блогкэмпте жолыққанша!!!

Қосымша ақпараттар: байқау ережесі туралы ақпарат;
Байқауға ұсынылған блогтардың тізімі

Қандай да бір сұрақтар болса, міндетті түрде хабарласыңыздар!
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше