Домбыра party. Ұлылық - қарапайымдылықта

Блог - Daniar-Alan: Домбыра party. Ұлылық - қарапайымдылықта

Алдымен қысқаша тарихына тоқталып өтсек. Пати осыдан дәл бір жыл бұрын 2012-нің жазында Астанада аралас-құралас жүретін жақын достардың кездесуінен бастау алды. Алғашында kerekinfo.kz блогтұғырына баннерлер іліп, оны әлеуметтік желілер арқылы жарнамалап, таныстарымызды, достарымызды шақырып өткізіп жүрдік. Ол кезде қазіргідей нөпір халық емес, қызығушылар аз-тын. Қыдырыстап жүрген адамдардың көбісі аз-кем аялдап, тек ара-арасындағылар ғана аяғына дейін тыңдап кететін. Күн жаңбырлы болса да өткізуге тырысатынбыз. Негізгі тыңдаушылар сол kerekinfo.kz сайтының қолданушылары болса, негізгі орындаушылары да сол керектіктер-тін. 2-3 сағаттап дауыстары қарлыққанша ән айтатын Нұрғиса Асылбек, Алдан Жылгелді, Алмас Алтайдың бұл шараға сіңген еңбегі ұшан теңіз. Жүргізуші Маралбек Сағынғановтың еңбегі де кем соқпайды олардан.

Неге Party?

Атты таңдауда бірнеше ұстанымдарды ұстандық. Ол ең алдымен қарапайым болуы шарт. Жастар атына қызығу керек. Ал, «party» сөзі бұл талаптарға дәл келіп тұрған сөз болды. Өзіңіз ойланып көріңізші, мысалы, Сізге шақырту қағазы келді делік. Қағазда «Сізді салтанатты кешімізге шақырамыз»,-деп жазылған. Сіз не киіп барар едіңіз?!.. Әрине, смокинг, кешкі көйлек. Қара және ақ түстерден таңдалған киімдерді. Ал егер шақырту қағазы жоқ болса, оның орнына «Досым, кешке вечер бар еді, кел»,-деп шақырса Сіз не киіп барасыз? Әрине өзіңізге ыңғайлы киімдерді. Ол спорттық киім болсын, мойны ашық жейде болсын, ең бастысы өзіңізге жайлы. Және де смокингпен жүрген кездердегі этикет ұстанымдарын ұстамай-ақ қоюға болады. Міне, домбыра пати де осылай естілу керек болды. Яғни адамдар концертке келгендей емес, жәй көңіл көтеруге келуі тиіс еді.
Барынша қарапайымдылық барлық жерден көрініс табуы тиіс-тін. Ол жұлдыздар мен қарапайым мектеп мұғалімінің қатар тұрып ән айтуы, депутат пен шахтердің оны тыңдап тұруынан көрініс табуы керек болатын. Бұл ұстанымдар өз кезегінде бірнеше мыңдаған жыл бұрын ойлап табылған қарапайым форма дөңгелектің қазірге дейін пайдаланылуы секілді «Домбыра патидің» өміршеңдігіне жауап беруі тиіс болатын. Осы мақсаттарды орындауда (және жастарды көптеп тарту үшін) «party» сөзі таптырмас заманауи сөз болды.
Рас, былтыр атын Домбыра-тарту деп өзгерткіміз келді. Бірақ ауызекі тілде бәрібір сол «пати» сөзі қалды. Онан соң биыл фейсбук әлеуметтік желісінде қауымдастық ашқан соң де осы мәселе көтеріліп дауысқа салынды. «Домбыра тарту», «Домбыра думан», «Домбыра пати» секілді бірнеше варианттар жалпы дауысқа салынып, басым дауыспен осы «пати» сөзі қабылданды. Яғни, оны ұйымдастырушылар емес, былайша айтқанда қатысушылар өздері таңдады. Өздері таратып алып кетті. Мүмкін, уақыт өте келе ат өзгеріп, түрленетін шығар. Бірақ дәл қазір оны ауыстырудың еш қажеттілігін көріп отырғанымыз жоқ.

Шпаналық деңгейге түсіру қажет

Дәп осы сөзді «Домбыра патидің» негізгі шарттарында оқыған кейбір адамдар оны дәл сол күйінше қабылдап, ал патишілердің «полициядан қашып бара жатқан бұзықтардың артында домбыра кетіп бара жатуы тиіс» деген сөздерін көздеріне дәл сол күйінше елестеткен адамдар көп болды басында. Бұл жердегі негізгі ой оны жалпыхалықтық ету. Орган секілді тек концерт залдарында емес, гитара секілді көпшілік жүретін жерлерде тартып отыруын қаладық. Оны жастар арасында «моды» қылуға ұмтылдық. Егер дәл қазіргі қарқынмен жүре берсе ол межені аздаған жылда-ақ еңсеріп тастайтын секілдіміз.
Өзім куә, Астанада өткен патилердің бірінде менен 2-3 метр қашықтықта орта жастағы әйел кісі қызымен орысша сөйлесіп тұрды. Қазақшасы тым тәуір, бірақ қызының тілі орысша шыққан. Пати соңында әлгі кішкене қыз қазақша әнге қосылып тұрды.
Тағы бір оқиға, орысша қауқылдасқан үлкен жастағы ата мен апа келді. Аяғына дейін қатысты. Тыңдады. Оларға қарап тұрып ойландым. Мүмкін сонан кейін олар немерелерін домбыра сыныптарына беру туралы оймен кеткен шығар?!..
Егер біз домбыра патиді шын мәніндегі жалпыхалықтық шараға айналдыра алсақ, егер жоғарыда айтылған кішкене қыз осыдан соң қазақша ән айтып, қазақша сөйлеуге ұмтылса… егер әлгі ата мен апа немерелерін домбыра сыныбына берсе… Онда домбыра пати өз мақсатына жетті деген сөз. Онда домбыра, қазақ жеңіске жетті деген сөз.

Домбыра — жәй ғана құрал

Менің түсінігімде солай. Қасық тек суырмада тұрса, оны тамақ ішуге қолданбасаң, орындық отыруға емес бөлменің сәнін ғана келтіретін элементтер қатарында болса, олар өз функцияларын дұрыс атқармай отыр деген сөз. Домбырамен де солай. Егер домбыра үйіңіздің төрінде ілініп тұрған жәй ғана этноәшекей рөлін атқарса, ол тартылмаса, оның құлақ күйі келтірілмесе онда домбыра домбыра емес, жәй ағаш. Домбыра дегеніміз — қазақ, қазақ дегеніміз — тіл, дін, діл, РУХ! Осы құрал арқылы осының барлығын көтеруге болады.
Ұлттық брендтер қатарына кіргізу қажет. Өзіміз ғана білетін дәл қазіргі күйіндегі бренд емес, басқалардың есіне қазақ десе ең алдымен Борат емес домбыра түсуі шарт. Оны белгілі бір бағдарламадағы белгілі бір апайдың айтқанындай музыка мамандары емес, жалпы халық орындай алуы тиіс. Құрығанда бір күй тарта алуы тиіс. Өткенде бір жігіт айтты: «Америкада бір үйде қонақта болдық. Американдық азаматтың үйінде домбыра бар екен (!). Оған Қазақстаннан келген достары сыйлапты. „Ойнай аласың ба?“,-деп сын көзбен қарап тұрған оған өзімнің білетін жалғыз-ақ күйімді тартып бердім»,-дейді. Американдықтар "Әр қазақ домбырада ойнай алады екен" дегенді айтты дейді. Сонан соң үйрене бастады, үйреніп те жүр.

Құлағымызға сіңіп қалған

Түркіліктен қалған бір сарқыншақ бар. Ұлығанды естісе тұра қалып тыңдаймыз. Домбыра да тура солай. Домбыра дауысын естісек құлағымызды түре қаламыз.
Анам айтады: «Бұрын кішкентай күнімізде кино берер алдында Төлегеннің күйлерін беретін. Киноны күтіп жүріп күй тыңдайтынбыз. Құлағымызға сіңісті болып кетті»,-деп. Кішкентайынан құлағына сіңісті болған соң жүрекке де жақын тиеді. Тартып тұрады. Жібермейді. Айтпаса да, тартпаса да құлаққа сіңісті қылу шарт.
Шет елдерде өтті. Нұрғиса Асылбек Түркияда, Англияда өткізіп қайтты, Сәния Қуанқызы Португалияда өткізді. Сонда байқағаным, шет елде оқып жүрген, тұратын қазақтардың домбыраға дәп бір көптен жемеген асқа қарағандай, дәмі ауызда ғана сақталған сүрленген қазыны көргендей болып отырады. Рухани азық. Тыңдап отырып рахатқа батады. Қан жібермейді.

P.S: Жоғарыда жазылған шарттарды, амалдарды орындасақ қазақ тіпті де жұтылмайды ойымша. Іргелі елге айналамыз. Оған домбыра патидің де септігі тиері сөзсіз. Оған кез-келгеніңіз үлес қоса аласыз. Оны ұйымдастыру үшін өзіңіздің домбыра тартуыңыз шарт емес. Тартатындарды алып барыңыз. Тыңдаушы болып қана қатысыңыз. Кішкентай балаларыңызды алып барыңыз, немерелеріңізге тыңдатқызыңыз. Сіз осы ісіңізбен ақ қазаққа пайда келтіріп жатырсыз. Домбыраны тыңдап өскен жас өркен өз балаларын домбыра сыныбына береді өйткені..
Бөлісу:

10 пікір

Aidakonya
Daniar-Alan жақсы мен домбыра үйренуге кеттім)
Marco
Қорс-қорс етіп алдым
torgai
Түк қалдырмапсың
Nurgisa
Данияр, әкеш бесті!
asaubota
«Егемендік» мақала
nurziya
Ғибратты әңгіме болыпты, Пати діттеген мақсатына жетіп келеді!
abzalsariyev
ақыл-есіміз, ой-өрісіміз бір деңгейдде екен, өз сөзімді өзім оқып отқандай болдым. Расымен түгін қалдырмапсың. Жарайсың Дәке-идеолог!
zholantai
бір жыл өте шығыпт ғо,