Домбыра Party: Жаңа маусым

Кең даламыздың бір жерінде көктем енді туып жатса, бір бұрышында жаз шыққалы қай заман. Алматы мен Шымкентке рахат. Тойды солар бастамақ. Біз, астаналықтар, қыңыр мінез құданы әупірімдер шығарып салғанымыз сол еді, аты жоқ бес қонағымыз жетіп келіп, атой салып жатыр. «Әттең» деп бармақ тістеп отырмыз. Жә, мұң айта бергенше, қуанатын жағына тоқталайын.

Сонымен, 2013-жылдың 16-сәуірінде, жаңағы бақытты деп отырған алматылықтар мен шымкенттіктер Домбыра Party өткізбек. Интернет жағалап, қазақы сайт аралап жүрген қауымның дені мұның не екенінен хабардар шығар-ау, бірақ, тағы бір айта кеткенді жөн санап отырмын.
Домбыра Party-дың саяси астары жоқ. Астанадағы бір топ блоггерлер жиналып алып, ет жеп, ән салып отырғанда туған идея. «Мынау отырған жеріміз дархан даланың кіндігі Сарарқа болса және ол елордасы Астана болса, оның аспанын неге күмбірге толтырмасқа», — деген ой келді. Айтылды, жоспарланды, жасалды. Екі аптадан соң Астанада алғашқы Домбыра Party өтті. Қысылмадық, қымтырылмадық. Өткен-кеткен халық ана тілін түсінбесе де, бабасының ары мен ұяты, тірлігі мен тынысы, құралы мен қаруы болған домбыраның күмбіріне елең етіп, елітіп-ақ келетініне сендік. Үміт ақталды. Әрбір бейсенбі сайын өткізілген шараның бара-бара тұрақты көрермендері де пайда болды. Мақсат та осы еді, өзімізді мәз қылу емес, былайғы жұртты тәнті ету.

Домбыра Party-дың жұлдызы жарқырайтын тұсқа енді келді. Көшке қосылған қалалар саны төртеу болды: Астана, Өскемен, Алматы, Шымкент. Жүре бара түзелетіні рас болса, бұл көш баянды болатынына сенім кәміл. Бұйырса, мамырда, күн жылынған бойда Астана төрін тағы да шулатамыз. Сіз де қосылыңыз. Қалаңыздағы жастардың басын біріктіріп, өткізіңіз Домбыра Party-ды. Сөзден іске!

Астанадағы кештерді қарап шығам десеңіз, мына қырдың астына барып келіңіз.
Бөлісу:

11 пікір

Daniar-Alan
бастаймыз бұйыртса
Janasil
баннерлер дайындап жіберсейш.
rakisheva
Бұгін Алматыда домбыра пати өтті. Өзім бара алмадым. Бірақ онлайн-трансляция көріп «Марко сиақты жүргізуші жетпейді екен» деп жатырмыз  Daniar-Alan kokbori
satibaldi
Иә, жүргізуші жетпей тұрды кәдімгідей.
VKM
қай жерден көруге болады, Саке?)))
satibaldi
Пати кеше болғандықтан, алдымен мына кісілерді тауып алсаңыз екен: paranormal-news.ru/news/v_irane_objavili_o_sozdanii_mashiny_vremeni/2013-04-13-6641 Естуімше, олардың Тәжікстанмен қарым-қатынасы мықты; ендеше Парвиз Назаров арқылы сұратып көрсеңз болад.
Aidakonya
мен де келем бұйыртса кобызыммен или кобыз пати болек пе?
Marco
Кел, міндетті түрде кел! Домбыра деген аты ғана, қазақтың қай аспабын да тыңдауға дайынбыз)