Астанада ХХІ «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі өтеді

Астанада жыл сайынғы «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестиваліне қатысуға өтінімдер қабылдау басталды. Биыл байқауда бес номинация бойынша дарынды жастар бәсекеге түспек. Атап айтқанда, «Классикалық музыка», «Халық музыкасы», «Эстрадалық вокал», «Хореография» және «Журналистика».


Үстіміздегі жылы байқау 5-9 қараша аралығында Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Онда 16-35 жастағы үміткерлер күш сынасады. Ұйымдастыру комитетінің шешімімен «Классикалық музыка» номинациясында келесідей ішкі номинациялар болады: «Ағаш үрмелі аспаптар», «Мыс үрмелі аспаптар», «Соқпалы аспаптар», «Камералық ансамбль»; «Халық музыкасы» номинациясында «Қобыз», «Прима қобыз», «Шертер», «Бас шертер», «Прима домбыра»; «Хореогоафия» номинациясында тек халық биін орындаушылар ғана өнер көрсетеді. Ал «Журналистика» номинациясында екі бағыт қосылды – «Телевидение» және «Интернет ресурстар».


Айта кетейік, «Журналистика» «Шабыт» фестивалінің бағдарламасында соңғы рет 6 жыл бұрын болған. Биыл Астананың 20 жылдығын мерекелеуге орай аталған номинация қайта енгізілді. Байқауға мерейтойлық датаға және елордаға арналған телевизиялық бағдарламалар, деректі фильмдер (хронометражы 20 минуттан аспайды) және Интернет ресурстардағы жарияланымдар қатысады.


Әр номинация бойынша толық ереже ХХІ «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің www.shabyt.astana.kz сайтында және Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының www.madeniet-sport-astana.kz сайтында жарияланған. Байқауға қатысатын үміткерлер материалдарды Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасына (010000, Астана қ., Бейбітшілік көшесі, 11 мекен жайы бойынша) тапсырады. Сонымен қатар, байқауға қатысуға өтінімді www.shabyt.astana.kz сайты арқылы беруге мүмкіндік жасалған. Толық ақпаратты +7 (7172) 556771, +7 (7172) 557409 телефондары бойынша фестивальдің Ұйымдастыру комитетінен алуға болады. Өтінімдерді қабылдау 25 қазанға дейін жалғасады.


«Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі үстіміздегі жылы 21-ші рет өткізіледі. «Шабыт» өнер әлеміндегі маңызды оқиға және талантты жастарға үлкен сахнаға жол ашатын бірегей алаң болып табылады. Осы күнге дейін фестивальге өнердің түрлі жанрларында 10 мыңнан аса адам қатысты. Әр жылдары фестиваль гран-приі танымал әзілке Тұрсынбек Қабатовқа, ақын Қалқаман Саринге, балет артисі Әйгерім Бекетаеваға, опера әншісі Айгүл Ниязоваға, «Меломен» тобына, Аша Матайға, белгілі әнші әрі композитор Қайрат Баекеновке және басқа да атақты тұлғаларға табысталған болатын.


Еске салайық, өткен жылы ХХ «Шабыт» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінде Қазақстан Республикасы Президентінің кубогын скрипкашы Жібек Мусургалиева жеңіп алды.


 

Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше