Әнді онлайн тыңдауға, жүктеуге және сақтауға арналған сервистер

Музыка тыңдауға, сақтауға, жүктеуге, таратуға және сатуға арналған сервистер мен түрлі девайстарға арналған қосымшалардың тізімін ұсынып отырмын. Тізімге енгізілген сервистер мен қосымшалардың дені легальды музыка таратады. Қолданушылар тарапынан жүктелетін әндердің заңдылығына мән бермейтіндері де бар.
Бұл сервистерді «Авторлық құқық» деген ұғымды басына теуіп — тегін, «не дегенмен шығармашылық адамының еңбегі ғой» деп — шартты-ақылы немесе «тегін жатқан дүние жоқ» дегенге көндігіп — ақылы түрде пайдалануға болады.

Сонымен:

1. SoundCloud
Әлеуметтік желінің функцияларын бойына жинақтаған музыкалық сервис. Музыкалық контентті орындаушының аты-жөні, әннің немесе альбом атауы бойынша іздеуге болады.
Музыкалық композициялардан бөлек, подкаст пен аудиокітаптардың кішірігім таңдауы бар.
Әрбір тіркелген қолданушы өзінің жеке плейлистін құрады. Тізімініе саундклоудта бар әндердің ұнағанын қосып, не өзі де жүктей алады.
Қызығы сол, қолданушының тізіміндегі әндерді әлеуметтік желідегі достары тыңдап ғана қоймай, пікір қалдыруына «рұқсат етілген». Тағы бір ерекшелігі: тек әнді ғана емес, әннің қысқа үзіндісін екшелеп алып, пікір қалдыруға болады.
Саундклоудтағы әндерді тыңдау тегін. Сервиске жүктелетін әндердің санына емес, уақытына шектеу қойылған. Барлығы 2 сағат уақыттан аспайтын тегін лимит берілген. Жүктелген контенттің тұтас уақыты 2 сағаттан асса, ақы төлеуге тура келеді. Жүктелетін контентке лицензиялық шектеулер қойылмайды.
iOS және Android ОЖ-іне арналған тегін қосымшалары бар. Мобильді қосымшалары өзінің ыңғайлылығымен «жатып та, тұрып та мақтана алады».
"Әндеткен Youtube" атты жұрт қойған атауы да бар. Сервистің 40 млн қолданушысы болса, соның тек 5% ғана ақылы аккаунтқа ие. Қызмет ақысы: айына — 4 $. 12 $ «лақтырып» лимитсіздік мәртебесін иеленуге болады.
Легальдылығы сол: саундклоудта танымал әншілер, ірі-ірі мейджор лейблдар өздерінің ресми аккаунттарын ашқан. Өнімдерін сол аккаунттары арқылы таратып отырады.

2. «Яндекс.Музыка»
Ресейлік сервис. Әзірге 10 млн композия бар. Ән қоржыны үнемі жаңарып, толығып отырады. Контенті «ойдан-қырдан қашқан» емес, легальды. «Яндекс.Музыканың» кереметі сол, қайдан тауып алатыны белгісіз, сирек кездесетін әндерді осындан кезігеді.
Тіркелуді қажетсінбейді, сайтқа кір де тыңдай бер.
«Вконтактедегі» заңсыз әндерді тыңдап-тыңдап, ақырында ұяты бетіне шыққан жан үшін таптырмас мекен.
«Вконтактідегі» плейлистті сүзіп шығып, өзінде бар сәйкес орижинал аудиожазбаларға алмастырады. Автоматты түрде сәйкес плейлист жасап береді. Онлайн-радиосы да бар.
Дербис компьютерден браузер арқылы тегін тыңдалады. iOS, Android басқаруындағы смартфондар арқылы браузерден тыңдау ақысы — айына 149 рубль, мобильді қосымшасы — айына 199 рубль. Неге қымбат десеңіз, төлемнің 30%-ын Google Play және App Store дүкендері ұстап қалады.
199 рубль төлеген жағдайда: әндіжүктеп алуға, осылайша онлайн тыңдауға болады. Сондай-ақ, «Яндекс.Музыканың» мобильді қосымшасы әндерді микрофон арқылы «тыңдап», қай ән екенін «танып-біледі».
Айтпақшы, алғашқы айда пайдалану — тегін.

3. TuneIn
Менің «сүйіктім». Әлемнің түкпір-түкпіріндегі 70 мыңнан астам радионың басын құраған. Радиостанциялар жиілігі, аймағы мен стилі бойынша жіктелген.
Қолданушы 70мың радиостанцияның ішінен не тыңдарын білмей, абдырап қалса, не тыңдауға болатынын TuneInнің өзі ұсынады. Ұнаған радиостанцияларды таңдаулылар қатарына қосуға, тәнті еткен әнді «лайктап», қажет болса Amozon дүкенін сатып алуға болады.
TuneInнің мақтанашы сол, ыңғайлы мобильді қосымшалары. Android, iOS, Windows Phone, Blackberryге арналған TuneIn атты тегін және TuneIn Pro атты ақылы қосымшалары бар.
Pro-нұсқаның артықшылығы, эфирді жазып алу мүмкіндігі. Тыңдау кезінде ұнаған тұстарын ерекшелеп, қайта тыңдай аласыз.

4. Deezer
Француздық өнім. Мұрағатында 25 млн музыкалық композиция бар. Ән, не альбом атауы, әншінің аты-жөні бойынша ізделінеді. Әндеріне көңіл толмаса, 30 мың радиостанцияның кез-келгенін таңдау ұсынылады.
Бір ай бойына тегін. Одан кейін айына тек екі сағат ғана тыңдау шектеуі қойылады. Шектеуді алып тастау үшін, айына 4 доллар төлеп тұру жеткілікті. Ал 8 доллар төлеп, әндерді оффлайнда да тыңдау рахаты беріледі.
Мобильді платформалардың барлық түріне арналған қосымшалары бар. Қосымшаларының браузерлік нұсқасынан еш айырмасы жоқ.

5. Google Play Music
Алпауыт компанияның сервисі. Өзім қолданбағандықтан ештеңе айта алмаймын. Білетінім: айына 9,99 доллар төлеу керек. Сонда лицензиясы бар әндерді онлайнда-оффлайнда тыңдауға, жүктеп алуға рұқсат етіледі. Таңдау мол.
Өз тарапыңыздан 20 000 әнге дейін жүктеуге болады.
Білетіндер: «Веб-интерфейсі керемет ыңғайлы. Нағыз меломандарға арналған»,- дейді. Рас-өтірігін қайдам… Меломан емеспін. Сол себепті де бұл сервиске ұшыраспаған болармын.
Universal Music, Sony Entertainment Group, Warner Music Group және тағы да басқа мыңдаған тәуелсіз музыкалық студиялармен келісім-шартқа отырған сервисте 22 жанр бойынша миллиондаған әндер бар.

6. iTunes
Appleдің мақтанышы. Музыка индустриясының астан-кестеңін шығарған сервис. Қолданбағанмын. Өйткені, Apple гаджеттерін ұстамаймын.
Тұтас бір альбомды, не жеке әндерді сатып алуға болады. Бір әннің орташа бағасы 0,99 АҚШ доллары тұрады. Бір айға жазылу — 20$. Ән қоры бойынша әзірге әлемде бірінші.
Легальды киноның да үлкен қоры бар. Ақысын төлеп, кинотеатрға бармай, жоғары сапада iOS платформалы кез-келген гаджеттен көруге болады.
Айтпақшы, бұл сервис Қазақстанда іске қосылмаған. Ресейдің өзінде ресми түрде өткен жылы ашылды.

7. Bandcamp
Музыка әлеміндегі жолын тәй-тәйлап бастаған әншілердің арасында өте танымал сервис. Әншілер өздерінің альбомдарын сайтқа жүктейді. Қолданушылар тыңдайды. Қаласа, сатып алады.
Бағаны әншінің өзі қояды. «Сатпаймын, тегін жүктеп ала берсін» десе де өзі біледі. Қолданушының да жомарттығына шектеу қойылмаған. «Осыдан бірдеңе шығады. Дауысы жақсы. Қолдап жіберейінші» деп, қалағанынша ақша құюына да ұлықсат.
Ән форматын әншінің өзі түрлендіре алады. Ең төменгі битрейт сападағы mp3 форматтан бастап ең жоғары битрейттегі flac форматқа дейін таңдау бар.
Бөлісу:

4 пікір

Gastarbaiter
Бір тәулікке жетпей 10 жазбаға жүк боларлық пікір жазып тастадың, Неге блогиадаға қатыспай кеттің Жәнібек? Қол тимейді дейін десем, кейбіреулердің оқта-текте жазып құтылатын бір жазбасына татитын пікірлерді қалдырып жүрсің. Дисциплина жетіспеушілігі ме әлде Ерекеңнің соңғы сыны өтіп кетті ме? Тез мойында!
AKY
Сол соңғы сыннан беті қайтып қалған сияқты.
zholantai
жазған соң, мықты, мықты болғанда да өте мықты, міні жоқ, міні болған күнде де мейлінше аз, арада біршама уақыт өткенде «мынау менің постым» деп ұялмай көрсетуге болатын пост ұсыну керек екенін, ал оған шама жетпей ме, ештеңе жарияламау керектігін түсіндім, Гаста!

оқырманды сыйлау деген сол екен,
пост конкурсқа арналған болса, ал жюрилікте өзің сыйлайтын адамдар отырған болса, онда постыңа деген қойылатын талап тіпті жоғары,
өзіңнің түкке тұрғысыз шимай-шатпағыңмен жюрилердің уақытын жеу өте ұят екен,
блогосфераға жаңа келген балапан болсам мейлі: әлі-ақ түзелемін дейтін,
ал блогосфераға келгеніне 2 жылдан асқан адам үшін, бұлай пост жазу ету — ұят
Ispek92
Сен бұлай десең басқалары қайтеді, жаза бер оқырманың табылады, жалғыз өзім оқимын…