Серікғани Көшеров: "Тума таланттарды тегін жаттықтырамын"

Ал сол кезде...: Серікғани Көшеров: Тума таланттарды тегін жаттықтырамынсуретте: ортада — Серікғани Көшеров

Серікғани Көшеров - үлкен теннистен 
ұлттық санаттағы бапкер, 
кәсіби теннисші.


Бізде тенниске мамандық ретінде қарау жоқ. Кәсіби деңгейде дайындалу ғана үлкен жетістіктерге жеткізеді. Ал теннисте кәсіби әзірлік үшін көп ақша қажет.

Теннисте бәрі қымбат. Ракеткадан бастап кортқа дейін… Жай ракетка бағасының өзі 50 доллардан басталып, 300 долларға дейін барады. Красовканың өзі қымбат. Жаттығудың әр түріне, корттың түріне арналған жеке-жеке красовкалар болады. Кортты жалға алу бар. Шетелге барғанда да мұның барлығын ешкім тегін бермейді.

Теннис — қымбат спорт түрі. Кәсіби деңгейде айналысу үшін теннисшінің қалтасынан мол шығын жұмсалады. Бәлкім, осы себепті де үлкен теннис — бұқаралық спорт түріне айналып кете қойған жоқ.

Теннисте үш түрлі бағыт бойынша жағдай жасап алуға болады. Біреулер теннис арқылы мол қаражат тауып, карьера құрғысы келеді. Енді біреулер сол теннис ойыны арқылы шетелде білім алғысы келеді. Тағы біреулері осында тенниске жаттықтыратын спорт академиясын ашып, балаларды жинап, сабақ береді.

Қаламыздағы (Шымкент қаласы) халықаралық теннис орталығында жылына 11 халықаралық турнир өтеді. Бұл өз балаларымыздың ұпай жинауы үшін өте жақсы мүмкіндік. Жүлде қоры 10 мың долларлық турнирде 1-орын алған теннисшіге 1500 АҚШ долларын береді. Ұтса, 1500 доллар. Сондай 11 турнир болады, бізде. Ұту үшін соған сәйкес дайындық болуы керек.

Ата-аналар тарапынан бұл спортқа өз балаларын алып келетіндері аз. Бұған насихаттау жұмыстарының әлсіздігі де себеп.

Қазақ теннисінде жеті түйткіл бар. Осы минустарды жойса, кәсіби деңгейдегі дайындық та болады.
Біріншіден, ата-ананың үлкен теннис жөнінде таным-түсінігі нашар. Баланың іс-қимылдарына сәйкес келмейтінді айтып, соны талап етеді. Аз шығынмен көп нәрсе алуды қалайды.
Екіншіден, спортшының денсаулығын қадағалаудың дұрыс жолға қойылмауы.
Үшіншіден, жеке бапкерден бөлек теннис бапкерін де жалдау керек.
Төртіншіден, жеке дене дайындығына жауапты бапкері болу қажет. Бізде ол жоқ. Жеке дене дайындығы бойынша мамандары тенниске жеңіл атлетика, күрес сияқты басқа спорт түрлерінен келеді. Теннисшінің дене дайындығына маманданған бапкердің болмауы.
Бесіншіден, жеке спарринг партнер болуы қажет. Спортшы деңгейін көтеру үшін әр күні бір сағаттай спарринг-партнермен ойнайды.
Алтыншыдан, турнирлік жоспарлар орындалуы керек. Қазақстан ішіндегі, шет елдердегі жарыстарға барып тұру үшін де әрдайым қаражат болу қажет. Бұл шеберлікті шыңдайды, ұпай жинайды.
Жетіншіден, бапкерлердің арасында ауызбіршіліктің жоқтығы. Әркім өз бетінше жұмыс істегісі келеді.

Бір теннисшіні кәсіби тұрғыдан дайындауға кететін шығын жас мөлшеріне байланысты өзгеріп отырады. 13 жасқа дейінгі бала үшін бір жылға 50-60 мың доллар, 14-18 жастан асса одан да екі-үш есе көп қаржы керек. 5-10 жаста 20-25 мың доллар жетеді. Қазіргі үлкен теннис өте агрессивті. Барлық ойыншылар 3-4 бапкерден жалдап алған.

Тума талантты анықтауда арнайы қабылданған сынақтар бар. 5 — 8 жас аралығындағы балалар түрлі сынақтар тапсырады. Мысалы, бір орыннан алға ыршып секіру; 18 метрді жүгіріп өту уақыт көрсеткіші; Бір орыннан жоғары секіру;
Жаттығудың түрлері бар: сегіздік; икемділікке арналған жаттығу. шыдамдылыққа арналған жаттығу; сезімталдығын дамытуға арналған жаттығу;

Тума таланттарды тегін жаттықтырамын. Орта дәрежедегі спортшы ақысын төлеп жаттығады. Сағатына 2 мың теңге. Дәрежесі орта теннисшіні талантқа апарып қосып қоюға әсте болмайды. Өйткені, ол талантты төмен қарай тартып кетеді.
Бөлісу:

1 пікір