Домбыра Party: Мерекелік тарту

Әлқисса: өткен бейсенбіде Домбыра Party болмай қалды. Себебін бәріңіз білесіз. Астананың қыз мінез аспаны сол күні өкпелеп қалды. Бетін бері қарату қолдан келмегесін бір сыласы болар деп тыныш қалдық. Есесін сенбіде, шілденің алтысында, Астананың он бесінші туған күнінде қайтардық! Әлгі, «Абылайдың асында шаппағанда» дегеннің нағыз өзі болды.

Әдеттегідей емес, бастар кезде кеудеме қорқыныш ұялады. Енді қайтейін, дәл іргемізде концерт болып жатыр. Қыдырған халық көп болғанмен, айналада өзге де қызықтар жетіп артылады, ешкім бізге көз салмас деп ойладым. Бірақ, мұным бекер екен. Алмас Алтай екінші әнді бастай бергенде-ақ халық та шоғырланып қалды.

Бұл Party ұзаққа созылды. Домбыра да қолдан қолға көшіп тыным таппады, жарықтық. Өнерін көрсеткендердің ұзын санын ұмытып та қалдым. Бірақ, кемі жиырма адам ортаға шықты-ау деймін. Бәрін бірдей тізіп отыру қиын, көбісінің атын да есте жоқ (кешірім сұраймын). Дегенмен, ең есте қалғандарын атап өткен жөн.

Дәурия есімді мына қарындасым «Ойыл қайда, Жем қайда» деп басталатын, Ақтөбедегі аса бір танымал әнді нақышына келтіріп шырқап берді. Өзіміздің ауылдың қызы шығар десем, Тәшкеннен келген қонақ екен.

Қостанайлық Шерханды халық ортадан шығарғысы келмеді. Қадыр Мырзалиевтің «Қазақ осы» әнімен бастап, Жаяу Мұсаның «Ақ сисасымен» жалғап, «тағы-тағы» деген көпшіліктің қалауымен Абайдың «Сегіз аяғымен» бір тоқтады.

Жастар іркіліп қалған кезде Таңат есімді ағамыз белсеніп шықты. Майлықожадан тыңдап мәз болдық.

Нағыз кереметті Толқын деген ару көрсетті. Шын жүйрік екен, қамшы салдырмастан зулатты. Бірінен соң бірі үш ән мен терме айтып, жиылған жұртты азан-қазан қылды. Толқын емес Цунамидің нағыз өзі болды, бір сөзбен. Ендігі Party-ге өз домбыраммен келем дегеніне қарағанда, алдағы бейсенбіде нағыз концерт күтіп тұрған сияқты.

Айтып айтпай не керек, Астананың тойын біз өзімізше атап өттік. Басқаларды қайдам, жампозым екеуміз мықты әсер алдық. Өзгелер десе дей берсін, бірақ домбыра бар жерде қазақтың қарап қалмайтынына тағы куә болдық. Даланың домбырасы бұл.

Фото авторлары: Ербол Әлиасқарұлы, Көкбөрі
Бөлісу:

11 пікір

Marco
Эмоциялар басылмай тұрып, жазып тастайын деп)
sigma
Керемет пати өткен екен. Домбыра бар жерде халық жиналатынына жайдарманмен жарыса өткен домбыра патиде куә болдық, Каспий жағалауында.
sigma
Жұрт қалай десе де домбыра халықтікі болып тұр
Zilola
Осылай жазба берсеңдер, жақында пати үшін Қз қалаларын аралайытын сияқтымын.
Aya
Тамаша болған екенСәттілік.
aktobe_dsk
Айналайындар, өтe тамаша бастама екен. Бүкіл қазақ пен барлық домбыра алғыс айтатын болар! Апаларың.
Aya
Әйтеуір әкем керекинфолықтарға домбыра пати үшін қатты разы болып отыр ауылда)) Әкеме тағы да Сатыбалдының көөөп жазбаларын айтып бердім, мүмкін жақында ол да керекинфолық болатын шығар))
abzalsariyev
бара алмадым, осыған, бараааа алмадым…
aza
16 — тамыз күні де осындай мықты пати болады деп күтіп отырмыз, иншалла