Сарыарқа. «Протон» құлаған жыл

Еспейді самал таңменен,
Шалдыққан шартарабымда.
… Жазира Жаңаарқамменен
Қара орман Қарқаралымда.

Мұң емес, —
Мұқалмас қайғы,
Ғасырлардың қауіпті өткелі.
Жусаны жұпар шашпайды,
Ақбөкен ауып кеткелі.

Келгендей Арқаға құрдым,
Тажалға лағнет мейлі —
Жаңаарқа,
Қарқаралының
Базарда малы да өтпейді.

Кигенде алаңсыз кепті,
Қартым-ай,
ретің сынар:
«– Гептильді залалсыз депті,
Өкімет білетін шығар…

Қайтейін, асығыс бәрі,
Жөн еді қашық ұшқаны.
Ресейдің құламаса екен
Зымыран тасығыштары».

Арқам-ай,
арқаға батты,
Ауыл тұр шайқала…
жүдеп.
Құрдасым тартады арақты:
— Уды у қайтарады, — деп...
Ғалым Жайлыбай
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше