Менің де атам - батыр!


(фотода кішкентай мамам мен әкесі)

Менің нағашы атам — Сергебаев Барат 1919 жылы қаңтардың 15-де дүниеге келген. Есімде қалғаны: 4-5 жаста жаз сайын анам бізді (тәтем екеуімізді) ауылға апарып тастайтын. Атам мен әжемнің қасында 1-2 айдай аунап-қунап жүретінбіз. Бірақ шыны керек басында үйренісе алмай, (әсіресе мен) үйге қайтқым келіп жүретін. Оның үстінде атам қызу мінезді, әрдайым айқайлап, ұрысып жүретін.

Әлі де көз алдымда тамақ ішуге шақырғанда, дөңгелек үстелдің басында малдас құрып отырып: «Айжаааан, Баяяяян, Қасыыыым, Досыыыым» деп әндетіп айқайлап бәрімізді келмейінше шақыратын. Сонда бұрышта бір уыс, моп-момақан болып отыратын әжем: «Балаларды қорқытпасайшы, келесі жазда келмей қояды ғой» деп байсалды-ақ айтатын. Сонда атам: "Әкеңнін аузын...")) Иә, атамнан қорқатынбыз. Әсіресе, қорқақ мен) Сонда әжемнің жып-жылы қойнына тығылып алып, оның сипалағанына еркелеп жататынмын.


Тағы да көз алдымда тасқа қашалғандай қалып қойған көрініс — Барат атамның атта тіп-тік отыруы. Әрдайым ат үстінде жүретін, көршіге барса да, бақшада жұмыс істесе де аттың үстінен түспейтін. Атамның ол кезде соғыста болғанын, аяғы жараланғанын жетік білмейтінмін.

Атам 1939 жылы Румыниядағы Бессарабияны жаулау кезінде артиллерист болған. Соғыстан жеңіспен оралғаннан соң, ауылдағы абыройы асқақтап тұрған. Соның арқасында Қытайдан ауып келген әжемнің інілерін алысқа жібертпей, қастарында қалдыртқан. Алайда той-тойлап, шулап жүрген кезде өзінің бүкіл медальдерін, соғыстағы құжаттарын ұрлатып алады. Оны қайтыс болғанша дейін мамам талай жүгіріп, қайта жасата алмады. Сонда есімде, Мәскеудегі атамның жолдас жауынгеріне хат жіберіп, олар өз тарапынан жауап жазып, көмектесуге тырысқан.

Бірақ, ол дәлелдер еш көмектеспеді. Сонда кейбір адамдар «Мүмкін шал алжыған шығар, құжаттары болмаған да шығар» дегенде, біршама қартайған, бұрынғыдай қуаты жоқ атам күйіп: «Сонда бәрін ойдан шығардым ба? Мына аяқты өзім жараладым ба???» деп ашуланып кететін.

Жеңіс күндері жыл сайын гуілдеп тойлана басталған жылдары, ауылдағы мектеп, клубқа кейде медальдері де кем емес, тылда абыройлы жұмыс істеген әжеме құрмет көрсетіп, атамды шақыруға ұмытып кететін. Тек кейін барып, атам естеріне түскендей, атам үйде бүк түсіп қырсығып жатқанда, арнайы әкім келіп шақырту салатын.

Иә, мүмкін батыр шал «соғыстағы жеңісімді, балаларыма көрсете алмадым» деп күйінген шығар. Ал сол медальдерді ұрлаған ұрылар баяғыда-ақ «жеңісін» көріп отырған болар…

Атам 2006 жылы аурудан қайтыс болған жанындай сүйетін келінінің артынан қалғысы келмей, нәр татпай, төсек тартып жатып алып қайтыс болды…

Барат атам қазірде көз алдымда тік мінез, әзілқой, қызуқанды шал болып көрінгенімен, ешкімге көрсетпей бақшадан өрік-алма алып беріп, атқа отырғызған істерінен мейірім төгілген аяулы ата болып қалады.

(атамның оң жағындағы кішкентай мен)
2000-шы жылы (есейіп ауылға сирек баратын кез) 9-мамырда үйде таң ертең мамамның әкесіне толқып отырып өлең жазған кезінде қасында отырғанмын. Анамның әкесіне деген аянышы, махаббаты жүрекжарды еді.

«Халқың үшін, жан әке, ардагерсің
Ал, мен үшін, асыл әке, кемеңгерсің!
Халқың үшін сен — ақ ақсақалдайсың,
Ал мен үшін асқақ, асқар таудайсың!

Халқың үшін сен ақ көңіл, қалжыңбас шалдайсың,
Мен үшін сен тілекшім де, демеу боп жүрген жандайсың!
Әкежан, әлі де қартаймашы, мойымашы
Әлі көрер қызығың бар, жыламашы.

Ұлың да, қызың да бар, немерелерің
Көрінер әлі-ақ томпаңдаған шөберелерің
Ерке қызың сен бар кезде жылауды да білмейді
Сен бар кезде жоқшылықты, қиындықты сезбейді.

Әлі де алыстағы сағынышым, тірегім боп жүре бер
Құдай денсаулық беріп, ұзақ өмір сүре бер!»

(атам мен әжемнің 80-жылдық тойында)
Бөлісу:

4 пікір

a63a1
Керемет ата екен, айтпағым мен сенің дауысыңа ғашықпын
Gulistan
Айжан, күшті естелік!!!
Мен сені сол жағында тұр деп ойлаппын, сонда ол сіңлің бе?
aizhan
вообщем мен көйлектегі кішкентай қара қызбын сарылауы тәтем
Nurshat
оууууу, Айналайын аталар Кімдер үшін қан төктік? қара қағаз алдық?))