Әкенің өлімі

Алдымен жеңіл көлік. Артынан ұшақ. Сосын тағы жеңіл көлік. Бір сөзбен айтқанда бір-ақ күнге созылатын, бірақ ұшы да, қиыры да жоқ бітпейтін бір сапар.

Бала күннен қорқатын жалғыз хабары бар-ды. Ол — "Әкең я шешең өлді" деген суық сөз болатын.

Кешкі алтыда шығуы тиіс жұмысынан он бірде босап, төсегіне жетіп, сүріне құлаған. Ұйықтап кетсе керек, салдыр-гүлдір етіп музыкасын ойнатқан телефон дауысы оятты. Көзін ашпастан аллоу дегеніне ар жақтан сытыр-сытыр екен дыбыс, «Сөйлеңіз! Ата, сөйлеңіз» деп алыстан шыққан дауыс жауап қатты. Әлден уақыттан кейін «Нұржақан!? Сенбісің, айналайын?» деген кәрі дауыс естілді.

Ұйқысы ізім-қайымға жоғалған Нұржақан «Алло, әллеу, кім, кім, алло» деп сасқанынан жұмыс үстеліне жүгіріп барып, еш мақсатсыз бір бет қағазды алып шиыршықтап орай бастады.

— Нұржақан!? Нұржақанбысың?
— Ия, ата, ия!!!

(ар жақтан «Ия деп жатыр, айтсаңызшы!» деген әлде жасөспірімнің әлде келіншектің жіңішке дауысы естілді)

— Е-е-е… Нұржақан, айналайын… Бұл мен ғой, Кермен шал, әкеңнің құрдасы… Е-е-ее…
— А, ия, ассалаумағалейкүм, ата! Қалайсыз, бармысыз? Дені-қарныңыз сау ма?

Кішкентайынан Кермен шалдың қолынан біресе кәмпит, біресе тоқай алып өскен Нұржақан жалпақтап шала бүлінді де қалды. Дәл осы сәтте дамбалшаң тұрған бала мінезді жігітті әжептеуір ірі мұнай компаниясының бөлімдерінің бірінде бастық болып қызмет істейді деп айтпас едің.

— Ие, уағалейкүм, балам. Балам! Бұл шал жарым түнде есінен ауысқан ба деме…
— Жоқ, ата, жоқ, о не дегеніңіз…
— Е-е-е… Бекем бол, құлыным. Әлгінде ғана сендердікінен келдім. Тумақ барда, өлмек бар. Ешкім әкесін алтын сандыққа салып, өзімен бірге өмір бойы арқалап жүрмейді. Бәріміздін мәңгіге аялдайтын тұсымыз бір, бәрімізге бұйыратыны екі метр ақ мата, екі қарыс жер. Кеше ғана «Нүкәнім артымда қалса, арманым жоқ» деуші, сол қалағаны орындалды. Марқұм…
— Ата… ата… әкем...ә-ә-кем…

«Нүкен» кекештеніп кетті.

— Марқұм Құдайдың сүйген пендесі екен, бір қиналмай кетті. Алла өзі берген пендесін өзі алды. Берік бол. Мықты бол. Мұнда зар жылап шешең отыр, "әкелеп" бауырың жүр. Соларға арқа сүйер, медет болар адам керек, балам. Ол сенсің. Әкеңнің енді арманы жоқ. Біз балаларды қойға жібергенде, сендер кітап кеміруші едіңдер. Әні, азамат болдың, алдың жарық, артың берік, аяғың нық. Е-е-е… Марқұмның соңғы сөзі «Нүкәніма өзің естірт» болып еді. Сол аманатын орындадым. Енді тездеткейсің. Жер аяғы қашық, әйткенмен, қара жаяу емессің. Келе ғой, айналайын. Келе ғой…

Сытыр-сытыр дыбыс қайта шықты да, желі кілт үзілді.

Алғашқы бес минуттың ішінде ештеңе ойламады. Ойлағысы келмеді. Мәңгірген күйі еденде отыра берер ме еді, кім білсін, бірақ есіне ертеңгі жұмысы түсті. "Әкем өлгенде… жұмысы несі" деп өзіне ыза болды.

Әлем-тапырақ ойларының ордасынан сол күйі шыға алмай орнынан тұрған Нұржақан ет қызуымен автоматты түрде көмекшісінің нөмірін теріп, жағдайды түсіндірді, билетке тапсырыс берді, такси шақыртты, мең-зең болып сыртқа шықты, не салып, не қойғанын білмеген сөмкесін артқы орындыққа лақтырды.

Содан ал кеп жыла… Жол бойы тамағын тырнаған өксік шығар жол таппаған соң, жүрегін қысты, миын солқылдатты, қатпар-қатпарда, қалтарыста елеусіз қалған, бірақ, жоғалмаған әке бейнесін бірінен соң бірін шығарып жатты.

Адам деген қызық қой, жұдырығын тістелеп, үнсіз жылап отырып «Еркек адамда да осыншама көз жасы болады-ау екен» деп ойлағаны бар. Әйтеуір, әуежайға дейінгі бір сағаттық жол Нұржақанның басына бұрын болмаған алапат күйді төге салды.

Әне әкесі бұған араның жүзін қалай қайрауды үйретіп отыр. Міне, мына жерде бесінші сыныпты үздік бітіріп, жалтыр маңдайын әкесінің күн қаққан сақал-мұртына үйкелеуде. Анау бір кездері алғаш рет лауазымды жерге басшылыққа барып әкесінің батасын алған кезі… Мынау бір тұста қарындасының құдалығындағы шалқайып бірге төрде отырғандары…

Нұржақан тағы жылады…

* * *

Ағзаның сақтану шарасы шығар, бас-аяғы бір күнге ұзаған жол есінде қалмапты. Әйтеуір, ұшақ күтіп отырғаны, ұшақ ішінде бір стақан су сұрап ішкені, қасындағы көршісінің бұған қипақтап, қабағын түсіріп қайта-қайта қарағаны, сыртқа шыққанда мұнымен бірге ауылға шықпақшы болған кластасы Бақтиярдың қарсы алғаны және оның жаңадан алған көлігіне көз алмай тоқтап тұрып қарап қалғаны секілді үзік-үзік кадрлар ғана жатталыпты…

* * *

Міне ауылы. Тау жағалай келіп, кілт бұрылып сайға түсіп кететін жол осы елдімекеннің маңдайына келіп тіреледі. Ауылдың солтүстігі мен шығысы бетін шырша жапқан бұйра-бұйра тау, батысы мидай жазық дала.

Нұржақан бар ой-күйін ішіне тартып, сұрланып алған. «Тезірек өтсе» деген күнәһар ой шаршаған жаны мен тәнін шырмауықша орап барады.

Әне үйінің қақпасы көрінді. Сол баяғы жасыл қақпа. Екі жағындағы қоршауы құлап жатқан ырым-қақпа.

Көше де өзгермеген. Өзі су алатын колонканың суы да сол қалпы, сарылдап ағып, айдалаға кетіп жатыр.

Бахтияр көлігін бір үй бері қойды. Екеулеп түсіп, үйге беттеді. «Не істеу керек екен? Әкелеп жылап, жүгірсем бе екен? Аздап жақындайын» деген еріксіз бала ойдан басқаны миы қаламай келе жатыр.

Кенет топырақ жолдың бойындағы огородтан "Ә! Нүкен! Әй, сенсіңбей!? Ә? Оу, нағып жүрсің?" деген тым таныс дауыс естілді. Аяқ астынан өзін тозақтан бір-ақ шыққандай сезінген Нұржақан жалт қарады да, оқтау жұтқандай қалшиды да қалды.

Салмақты кейіппен келе жатқан Бахтияр әп сәтте апалақтап, есінен айрылды.

Ала көз, бурыл сақал, басына «Chicago bulls» деген жазуы бар кепка киген, сұр жейделі, сұр шалбарлы, резіңке етікті шал "Ә? Нағып жүр бұл? Әй, жұмыс қайда? Ә? Кеткенің кеше еді ғой? Әлде… Тфүй, йоптвоймат, ана Кермен есек саған да звондаған ба!? Ой, шошқа! Ой, әңгінің… ы! Иттің боғы, тышақанаға бара алмай отырып, не ойын оныкі! Ой, әкеңдағаузынсиейін-ай! Ой, ойының осылсын! Балдарды бекер шабылтып! Ой, арам қатыр!" деп боқтықты араластырып айқайлай сөйлеп, тырмасын сермеп бұларға беттеп келе жатты…
Бөлісу:

24 пікір

Adiletshu
Позитивпен аяқталғаны қандай жақсы.
Aizhantabyn
мама! Жүрегім зу етіп түсіп кетті ғой. Уфф. Әке десе жүрегім де, жаным да сол…
a63a1
 шал маладесс!!!
aza
Құдая тоба… Е, Жаратқан, абыройсыздықтан сақтай гөр дағы… Әрине, жақсылықпен аяқталғаны жақсы болды… Әкем әлі күнге құшағына қысып, маңдайымнан иіскеп көрмесе де сол таудай қара шалдың мені шексіз жақсы көретініне сенем, менде ет жүреім езіліп жақсы көремін. Өлмесе, жүре тұрса алдымызда, таудай боп жүргенде мен де арқамды жарға сүйеп, алшаң басып жүрем!
ПыСы: Гастаның папасы қайтқанда жазған постын оқығанда күйзеліп ек… Бұл жолғының жақсылыққа жалғасқаны қандай)))
madlen
Менің де есіме сол түсті. Ой мама, ужасный пост екен.
ereke_enu
Бірінші комментарийлерді оқып бастағаным дұрыс болған екен)
Janasil
Құрдасының балаларын сағынып жүргенін сезген шығар Кермен шал.
Zhan
Риясыз жазылған дүние екен. Күшті!!!
Abilakim
жақсы жазылған, жақсы аяқталған.Менің ойыма оқып біткен соң келген ой: Келесі жолы шын осы оқиға қайталанса Нүкән сенер ме екен? Жұмысына не айтар екен? Әкем екінші рет өлді дер ме екен?
Ал, жазба тамаша!
Aikona
ужассс, мұндай заттармен әзілдеуді құптамаймын
Delhi
Қазір онсызда жұмыс салқындау еді, мынаны оқып отырып, тұла бойым тіптен түршігіп кетті ғой. Бұлай қалжыңдауға болмайды ғой.
Шыныменде енді өлді десе келмейтін болар
salta
ең жаманы жаназасына үлгере алмай қалу…
Sabions
") осындай тақырыпта «Тамашаның» бір қойылымы бар еді… Асылбектің өзі айтады-ау дейм… соған ұқсатып отырғам… ойым алдамапты
Abilakim
Асылбекті айтпаңдаршы, әртістігі нөл.«Тамашадағы», театрдағысына баға бере алмаймын, көрмеппін
Baisaldy
біздің де шалдар, қыртуларын қоймай қойды осылай
Erkekyz
Комменттерді бірінші оқып алып, хэппи энд болатынын білдім, әйтпегенде менің де жүрегім зу ете қалар ма еді.
Мұндай жағдай бізде де болған. Болғанда, ешкім әзілдемеген, бірақ қателік кеткен. Менің нағашы әжем 85 -ке келгенде халі нашарлаған соң, әні өледі, міне өледі деген сияқты оймен жүрген ғой бәрі. Содан немересі үйге звондап, мамаға «нағашы атам» қайтыс болды десе, мамам нағашы апам деп естіпті. Сөйтіп елдің бәріне айтып қойған жағдай осындай осындай деп. Шымкенттен бір топ адам, құда-құдағилар бәрі жолға шығып қойған екен. Әлі де мама ести сала бірінші боп барған ғой. Сөйтсе апам отыр дейді аман-есен. БҰл қалай болды деп қайтадан звондап, бәрін түсінді ғой кейін. Айтып қойған адамдардың бәріне звондап, келмеңдер деп үлгердік. Кейін ойлап қараса, немерсіне «нағашы апа» болмайды ғой, «апасы» болады ғой. Сол кезде ойына кіріп шықпаған екен.))
Gastarbaiter
Әкемнің телефон нөмірін әлі сақтап жүрмін, жоқтығына екі жыл болса да. Білемін, қисынсыз тірлік. Алмайтынын білген соң звондамаймын, звондасам, алады деп өзімді алдайм. Еркелеп, аяқ жағына жата кеткенде, басымды бұтына қысып алып, шашымды ысқылайтын 25 ке келгенше.,
Солай.де де отырғанымда, ара тұра арқамнан құшақтап, " Әлгі Сатыбалды не жазыпты бүгін, халқың не дейд деп" күлуші еді. Мынаны оқымай қашқақтап жүр едім. бекер оқыдым. Сорым қайнаған сәттерді басымнан қайта кештім ау.(((
Abilakim
Менің атам да Әжем де тірі Аллаға шүкір.Бірақ, кешкі мезгілдердегі телефон қоңырауларынан қатты қорқамын.Жаманат хабар кеп қала ма деп.Биыл екеуі де ауырғыштап жүр.
Adiletshu
2007 жылы жазда бірінші курс кезім. Ағам танғы алтыда оятты. Көздері жасаурап тұр. Бір қайғылы оқиғанын болғанын сездім. Ағам: «Папам қайтыс болды»-деді. Біразға дейін есеңгіреп қалдым. Сосын жиналып ауылға тартатын болдық. Өтірік шығар деген де үміт болды. 3-сағат жолда өтірік болса екен деп тілеп келдім. Үйге келгенде ашулы қақпа, жиналған мәшінелерді көргенде үмітім үзілді.
dark_nazgul
Әкеммен де, анаммен де салқынмын. Кемпірдің қызы деп, олар өмірі бауырына басып көрген емес. Бірақ, былтыр басыма іс түскенде көрдім, ата-ана деген қандай болатынын, туған үйің бар болғаны қандай жақсы екенін. Енді тек аман жүрсінші сол екеуі деп тілеймін. Оларсыз күнім не болмақ…
Aldeken
Әкем дүниеден өткеніне 18 жылға аяқ басты… Бірақ, әлі күнге дейін, өзімнің көңілім толатын іс тындырғанда ең әуелі "әкеме айтып, қуантайын" деген ой келеді… (((
Nur
Авторға ризамын.
Төлен Әбдіктің "Әке" деген повесі сияқты аяқталатын шығар деп күткен едім, жынды бітті. Мұндайды новеллаға жатқызсақ бола ма?
Керекшілер, Төленнің "Әкесін" оқымағандар болса, оқуға кеңес беремін. Түсініктеріңізді өтттте-мөтттте молайтатын шығарма.
Әкелеріміз ұзақ әрі қызықты ғұмыр сүрсін. О дүниелік болғандар иманды болсын…
ademi_alem
Аййй жүрегім дүрсілдеп кетті ғой аяғына жеткенше! ))))))))) Жақсы аяқталғаны қандай жақсы!!!
temir1986
Үлкен апамыз бар. 80 шығып кетті. Сол кісі ауырмай енді бір он жыл шыдаса екен деп тілеп жүрмін.