КерекИнфоның 2005-ші жылғы үздігімен сұхбат

КерекИнфоның ашылғанына алдағы жыл 10 жыл болады екен. 2002-де ашылып, біраз жыл ға дейін істеп тұрды. Басты функционалы форум болатын. Кейін әлеуметтік желілер, Агент сияқты мессенджерлер шыға бастаған кезде сайтқа қатысу да азайды, техникалық қолдау да болмады. Сөйтіп жабылды сайт. 2009-да қайтадан форум форматында ашылды. Бірақ, бұрынғыдай аудитория жинай алмады. Тек мына қазіргі форматтағы нұсқасы сәтті жүріп кетті. Бірақ, сол бірнеше жыл ішінде қазақ интернетінде біраз серпін жасады деп айта аламын. Сол кездегі достықтарымыз әлі жалғасып келеді. Алмас досымыз сайт жоқ болса да бір күні қайта ашып қалармыз деп осы күнге дейін доменді ұстап келді, ешкімге бермей.

Бұрын әр жылдың үздіктерін анықтайтын едік. Жеңімпаздармен сұхбат та жасайтынбыз. Поштамды ақтарып отырып мына сұхбатты тауып алдым. Бірге оқиық  

— Нұреке, 2005тің ең үздігі атануыңмен құттықтаймын. Сайт оқырмандарына алдымен өзің туралы қысқаша айтып кетесің бе? Көпшілік форумның әдемі тілді осы мүшесі туралы толығырақ білгісі келеді.

– Әлқисса, сөзбасы форумға қалай келгенімнен өрілсе керек-ті. Қазіргі нұсқасының түп төркіні – алдыңғы сайтқа – Эльвира Нұрбаеваның сілтемесінен келген-дім. Бірден көзге жылы көрінгені – шұрайлы қазақ тілінің кереметін өзіммен тетелес, үзеңгілес құрбыластарым күйкілжітіп-ақ жатыр екен. Менің де іздегенім осы тақылеттес орта, бірден сіңісуге тәуекел еттім. Сайттағы әрбір мүше өзінің өмірлік ұстанымы бар, дүниетанымдық көзқарастары орныққан, заманасының ізденімпаз адамындай көрінді маған. Ол топшылауым бертін келе өзінің өміршеңдігін, ақиқаттығын дәлелдеп бақты.

Түбім, діңгегім қазақ, шырайлы Шымкент шаһарынанмын. Екі әпкем, ағам бар, үйдің кішісімін. Ата-анам саз индустриясында еңбек сіңіріп жүрген кісілер, бүгінге дейін Шымкенттегі саз колледжінен небір дарынды сазгерлер осы кісілердің қолынан тәлім алып шықты, олар сол жетістіктерін еңбектерінің жемісі деп біліп келеді. Өмірдің табиғи заңдылығы, бұлтартпас ағымы да сол шығар — өз білген-түйгеніңді, өмірлік тәжірибеңді келер өскелең ұрпаққа насихаттап, мұра қылғанда ғана адами парызыңды өтегендей сезім кернейді тұла бойды. Енді, генімізде сазға біртабан жақындық байқалғасын домбыраға әуес болып өсіп келеміз, дос-жарандармен, ағайын-туыстармен дастархан басында жиналғанда «әу» деуден кетәрі емен.

Енді өзім туралы қайсыбір жайды көпіртіп айта берейін, ел қатарлы бір пендеміз ғой. Барша отандастарыммен илеген пұшпағым да бір, көксеген мұратым да ортақ.

— 2004 жылы да үздіктер үшін үміткер болып, форумға кеш келсең де алдағы уақыт үшін үміт берген едің. Ал соңғы уақыттарда бұрынғы белсенділік азайып келе жатқан сияқты. Қалай ойлайсың форумда бойдақтық факторы бар ма? Үйленгеннен кейін форум мүшелерінде бір тоқырау басталатын сияқты ма қалай?

– Менің пайымдауым сол, өмірдің орасан хауызында бірізділік таныта білу қажет, ұстаным мен қағидаларға перманенттік сипат тән болуы керек. Бұл тұрғыда, керекинфомен қабыса жанасқаным, күніге осы ауылдың маңайын торуылдауым үнемілікпен ұштасып жатқан. Белсенділіктің өлшемі тек жазу санымен шектелмес деген тұжырымымды жоққа шығармассыз. Қайда жүрмейік, керекинфо әлемінің сойылын соғушылармыз ғой, түбі. Менің байқағаным, ескі қара шаңырағымыздан осы жаңа күмбезді үйімізге үдере көшіп бола алмай жатқан сықылдымыз. Қайсыбір еншіміз бұрынғы шаңырақтың қуыстарында қалып қойды, керуенімізге ілесе алмай, көз жазып қалғандар да жоқ емес. Мұны уақыттың еншісіне қалдырайық, қашанда сабырға жүгінген принципіміз бар емес пе еді? «Бойдақтық факторіне» келсек, ол тек біздің форумға ғана тән емес. Оның шеңберін тарылтпайық. Ол өмірде бар құбылыс, адамның тал бесіктен жер бесікке дейін жүріп өтетін жолсапарындағы бір белес. Қазір байқасаңыз, бастапқыда тек виртуалды, дистантты форматта таныс форумшы қауым (бертін келе, «керекші» атанып кеткен) бетпе-бет дидарласып, аралас-құралас болып жүрген адамдар. Форумның кереметін көрмейсіз бе – сонау мұхиттың арғы бетіндегі Ғалымжан, Сәлімгерей, Нұржан, Жанна сынды саңлақтарымыз, шет мемлекеттердегі Жанарбек, Бахыт сияқты қандастарымызбен үздіксіз пікір алмасып отырмыз. Беймарал.

Жылдың басы аракідік кідіріспен басталатынын бәрі біледі. Ұлттық тілінің кәнігі жанашырлары — керекшілер, керекомания дертіне шалдыққан мен сенетін қазақтың жастары әлі талай бастаңғыларды дүркіретеді осы қара шаңырақта. Бұған кәміл сенемін.

— Виртуал өмірден бөлек Атырау қаласындағы мүшелердің басын қосушы, ұйымдастырушылардың бірісің. Атыраулықтарда қазір қандай жаңалықтар бар, алда қандай жоспарларың бар?

— Атыраулық керекші ұлдардың былтырғы аяқалысын көрдіңіздер, хабардарсыздар… Былтырдан бері ауыз толтырып айтатытдай көп іс тындырлды, тындырылмақ. Алматыдағы шаңырақтастарымызбен бас қосып жатырмыз, біз оларға, олар біздікіне ат ізін суытпай келіп жатырмыз. Бұл ретте, бауырмашылдық гармониясы атмсоферасында үздік үндестік танытып жатырмыз ба деп қуанам. Атыраулықтарда жақында Тимур мен Дананың некесін қиды, енді той-томалаққа қу бас домалар ма екен деп «піс қазаным піс-пістеп» отырмыз алақанды ысқылап… Шыққан белестер аз емес, шығатындарымыз одан да көп, қомақты. Бұдан әрмен де тіліміздің көсегесін көгерте беруге аянбай, қалтқысыз қызмет етуге мүдделіміз. Осы байрақтың астында ауызбіршілік, сауаттылық, ортақтық таныта білсек ол біздің ортақ жемісіміз деп таразылар едім. Қазақтілді сайттар қанатын кең жайып келе жатыр, бәрі бір қазанда қайнап жатыр. Бұл орайда жалғызбасты қазаншы жоқ өз еркімен қайдан қаласа сонан құлақ шығаратын. Бәрінің мұраты біреу. Сол жоспарларды орындау барысында керекинфо, керекинфолықтар да түзу жолдан жаңылмай, ескі белсенділік үрдісін қайта жаңғыртып жатса бәрінің де олжаға кенелгені.

Атыраулық сардарлардың базбіреуі жазға қарсы басқа аймақтарға да «бас сауғалап қашуы» ықтимал, ол әзірше жұмбақ күйінде бола тұрсын. Негізі, көктемнің соңы, жаз айларында игі жаңалықтар лебін тағатсыз күтіп отырғандар да бар. Бұл туралы да ләм-мим деп тіс жара алмаймын, ғафу өтінемін. Келесі интервью кезегі келгенде алғашқылардың қатарында сүйінші сұраушыларыңыз мен болайын…

— Сені форумның барлық бөлімдерінен көруге болады. Мен атап айта алмай тұрмын, өзің айтшы ең сүйікті тақырыптарың қандай?

— Әу баста «Профессор мен Эльвираның» айтысын оқып, таң-тамаша болғаным бар. Пірәкең псевдонимі ұсынғандай мылжың емес, қазақы тұнбаны бойға сіңірген арқалы азамат екенін көзбе-көз көріскенге дейін, көріскеннен кейін де біліп, түйсіндім. Эльвира келтірген күтпеген үйлесім, үндесулер сонылығымен ерекшеленеді. Қатты қызықтым, расын айтайын. Өзім де шимақтарымды жазайын кеп оларға еліктеп… Травеллер (кейін Жолаушы атанған) атын жамылған Едіге құрдасым тегеурінді ой мысалдарымен, жаһұт жаухарларымен, кескін-келбетті маржан шумақтарымен таңданыс туғызды. Жалпы, Едекең туралы оңаша сырт шертсек болады, ғылымда Едіге феномені әлі тыңғылықты зерттеліп бітпеді деп ойлаймын…

Тізіп айта берсең көп. «Ана тілі» айдарында «Керекинфо ауылының жаңалықтары» да шығармашылық қарым-қабілетімізді ұштай түсуге септігін тигізген сияқты. Қоғамдық, әлеуметтік жағдайларды әңгімеге арқау еткен сөзжарыстарға, спорт, сайт мүшелері хақындағы пікіралмасуларда еркін көсілдім. Саяси тақырыптарға да қалам тербеп көруге ұмтылғанымды жақсы білесіздер…

— Пікірталас болған жерде кішкене болса да түсініспеушіліктер болып жатады, сенің жазғандарыңды сынап жатқандар немесе кереғар пікірлер айтып жатқандар болады. Сондай жағдайда жаңа мүшелер не істеулері керек? Біреуге ренжіп форумнан кетіп қалу дұрыс шешім емес шығар ә?

— Біз қой аузынан шөп алмас момақан елміз. Тыныш жатқан елге соқтығыспаған бейбітсүйер елміз. Айрандай ұйып, ауызбірлікті қос қолмен жақтаған елміз. Бірақ, осылай болған күннің өзінде (айтсаң, таяқтың қос ұшы да өзімізге тиеді), күндестікке келгенде алдымызға жан салмайтын, аяқтан шалып, артқа тартатын, сынауға келгенде майталмансынып кететініміз тағы бар…

Бәріне жағу формуласын күре тамырынан дөп басу бүгінге дейінгі технологияның қолынан келмеген тірлік. Әр адам бір жүйе деп танысақ, жүйелердің коллизиясы, өзара ортақтаспау фактілері жиі ұшырасып жатады. Оны стандартты шаблон шеңберінде қабылдау керек тәрізді, асыра сілтемей. Сенің жазғаныңа басқасы кері пікір білдірсе, ол сол кісінің жеке ойы, талғамға талас жоқ. Форум да сол алуан пікірлердің қайнаған тайқазаны емес пе еді, көкем-ау… Ондай сәтте қандай да бір әрекет ету қажеттігі тумаса керек, ақылдаса, кеңесе келе дүрдараздықтың бетін қайтаруға талпыныс жасауға болады. Ал зекіп, бей-берекетсіздесуден ешкім абырой таппас.

Біреуге ренжіп форумнан кету дейсіз бе? Бұл сияқты шытырман, қытықтағыш мәселеге байыппен қарау керек. Қызбалықпен өмірде не жасалмаған десеңізші. Тарихта ондай прецеденттер қаншама…

— Форумда кімнің жазғандары ұнайды, кімдікі ұнамайды?

Бөле-жара қарамас едім… Қытайдағы Қайрат бауырымыздың жазғандары ұнайды… Эльвираның тәптіштеп, тиянақтылап жазған дәйекті, дәлелді, информативті жазбалары ұнайды… Әсеттің (Асетуллах) қазақи реңкті нақышына келтіре жазған посттары ұнайды… Гүлвираның тосын, өзіндік стилі ұнайды… Бекжанның таңғажайып эсселері ұнайды, оларды оқығанда өмірде ұстанған көзқарастарыңды қайта ой елегінен өткізуге мүмкіндік аласың… Едігенің диагнозыңды «дөп» басар қасиеті ұнайды… Ғалымжанның кекесінді ойлары кім-кімді де шабыттандыра түседі… Ертайдың еркетотай мінезі, Анардың аналитикасы, Гаухардың азсөзшеңдігі ұнайды… Менің қабылдауымда, қазіргі бір керекші байланысқа шықпай қалса, шаңырағымыз жалаңаштанып, жетімсіреп қалатын сияқты…

— Өткен жылы форумда есіңде қалған оқиға қандай?

Эльвираның сұраған бір сұрағы… Оған Бекжан жауап берген… Өте қызық болып еді… Бекжаннан сұраңыздар…

— Қыздардың ішінен Эльвира үздік болды. Осы мүшеміз туралы өз ойың қалай? Жаңа сайтқа көшкелі көрінбей кетті, сенің ойыңша неге?

— Эльвира мінезі әркелкі, құбылыңқы, күрделі тұлға. Бәлкім, қазіргі лауазымы сондайды керектіретін шығар. Негізі, персонификациялауды жақтыра бермеймін, ғайбат айтқандай болып қалам ба деп сескенем. Өзіңіз ойлап қараңызшы – мені осы сайтқа қолымнан жетектеп келген кісі туралы не ойлауым мүмкін?

Ал жаңа сайтқа көшкелі көрінбей, дәлірегі, көріне алмай жүргені рас. Бәлкім, жеке өмірінде алмағайып шақтар болып жатқан шығар, кім білсін… Бірақ ол кісінің орны ойсырап тұрғаны анық байқалып тұр, ашығы осы, бүкпей айтсақ. Ол кісі келсе орта бұдан да гүлдене түсер еді.

— Қоғамдық және спорт тақырыптарында форумда жақсы жазасың, ал сайт үшін осы тақырыптарда мақала жазғың келмей ме?

— Нәсіп болып жатса жазып тұруға мүмкіншіліктерді қарастырып көрейін. Канцелярияма хабарласып көріңіз…

— Форумшылардың айтуынша ең көп мүшелерді көзбен көрген сен екенсің? Кімдермен және қай кездесулер ерекше есте қалды?

— Ең ерекше кездесу дейсіз бе… Аршат, мені тығырыққа әдейі тіреп тұрсыз ба деймін… Қазір Атыраулық жаранмен кездесуді меңзесем, Алматылықтар бұртия шыға келеді, немес керісінше… Сонда да болса айтайын, Алматыдағы Медеуге пикник қайдасыңдап барғанымыз ерекше әсерлі өтті… Жанна, Нұргүл, Гаухар, Жұлдыз, Гүлвира, Жадыра, Сайраш, Гүлхандар, Ертай, Олжас, Едіге, Бекжандармен бірлесе шығып ек… Түһ, сол кездегі Бәкең пісірген еттің исін-ай… Қыздар небір-небір дәмді тағамдарды дайындап еді, беу шіркін… Неше түрлі сауық құрдық, әндеттік, тапқырлық ойындарын ойнадық… Суреттер сол күннің айқын естелігі ғой, суреттер компьютерімде сақтаулы…
Әсет пен Эльвира келе алмай қалып еді сол кезде…

— 3-ші жылына аттап бара жатқан Керек-Инфо сайтына және мүшелеріне қандай тілек айтасың?

— Керекинфо сәт санап өсіп, дамып, өркендеп келе жатқан ұя. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін дәстүріміз бар, бұл ұя әрбір керекшінің қанатын еркін жазуға мүмкіндік туғызған үстіне туғыза берсе деп ойлаймын. Олай болады да, басқаша болуы мүмкін емес! 3 толған сәби тәй-тәйі анық, тілі ысыла бастаған бүлдіршін… Ал керекинфолықтардың тілі әлдеқашан жатығып қалды деуге толық негіз бар. Алар белестер алынсын, Ғалым мен Гаухарлар бастаған керемет дәстүр бәріне жұғысты болсын деп тілек айтамын! Лайым, ел тынышта, күн бейбітте қауышудан жазсын!

— Рахмет сұхбат үшін, сені әлі талай рет үздіктер қатарыннан көреміз деп ойлаймын.
Бөлісу:

24 пікір

Qojeke
Өмірде ренессансснстың болмайтынына сенсем де, Интернетте болатынына сенбеуге шарам қалмай отыр керектің.
patick
ыхы-ыхы, шалдар-ай
Nurgisa
Ол да бір тәтті шақтар еді. Ең әдемісі — түгеліміз дерлік шын өмірде де өзара танысып, тамыр-таныстығымыз арта түсті. Керекинфоның феномені де осында деп түюге болады.
serjan
Биылғы жылдың үздіктерін анықтау ойыңда бар ма?
asaubota
ойда бар, бірнеше номинация бойынша.
Gulistan
суппер, Аршат, рахмет саған! Шын айтсам, сағынып отырмын сол кездерді
asaubota
мынау ең алғашқы нұсқасы: web.archive.org/web/20040304191917/http://www.kerek.info/

негізі Керекинфоның да американский историясы бар. Бекжан досым екеуіміз Түркияда студент кезде бастадық. ол кезде интернет барлық жерде болмағандықтан сайтты үйде HTMLмен жасап, дискетке сақтап, сосын ертеңіне универдің интернетіне кіріп салатынбыз
Qojeke
Ол кезде .info домені бар ма еді? Қазір бос емес екен kerek.info
asaubota
сайт 2002 емес 2004-те ашылған екен. веб-архивтен қарадым жаңа.
sigma
10 жылға әлі ерте екен
serjan
«Түнгі жаңбыр» сенбісің Аршат?
Abilakim
«Жаңбыр Ханшайымы» да осы кісі
asaubota
иә, мына жерде жазып өткем www.kerekinfo.kz/blog/adminsblog/5448.html

Түнгі жаңбыр ізімен деген колонкам болды.
sigma
Солай де, Ти-Джей жақсы бала
meirzhan
Жақсы сұхбат болыпты.
«Бойдақтық факторінен» ма екен аталған есімдердің біразы қазір сайттарда кездеспейді.
Abilakim
Одан емес деп ойлаймын
VKM
Нұрғиса ағамыз Эльвира туралы айта беріпті
sammita
бүгін радионы қоссаң да, үтікті қоссақ та Нұрғиса
VKM
неординарный адам болғасын
Abilakim
тоқ шәйнекті қосуға қорқып отырмын десей)))
Erkekyz
Өте әсерлі сұхбат. Сол кезде болмағаным-ай деп отырдым, ал бір жағынан солайдеге үлгергеніме шүкір деп қоямын.
Janasil
Сұхбат жақсы шығыпты. Әсіресе сурет керемет!!!
Marco
Әне, 11 жыл бұрын Нұрғиса қандай болды)