СУДЫҢ ИІСІ



Бақалар шолп-шолп секіреді. Көлеңкелер су бетінде көлбең қағып жүзеді. Ал мен жүріп келем…

Жаңа ғана бір досыммен жолығып, енді үйге қайтып барам. Алматының лебін арқалап келгендерге алып-ұшып баратын әдетім. Бәрі бәз-баяғы қалпында. Алматы да, Алатауда орнында екен. Тек мен ғана…

Бақалар шолп-шолп секіреді. Ал мен жүріп келем.

Есілдің суы ақшам мен құтпан арасындағы сәтте зәулім үйлерді бойына сіңіріп әсем көрініс беріп тұр. Судағы қала немесе Астана Есілге тұрақтағандай. Бір иіс мұрныма таныс бұрқырап жатыр. Жағалаудың күлімсі иісі. Қайдан байқап ем?

Бала кезде масахананың мезетін ұзартып, су жағалап кетуші ем. Қармағым қақшып та жатқан жоқ. Жазғы кеште су бетіне өрнек салып ойнақшыған балықтарға қараудан жалықпайтынмын. Жапырақ төсегіне жалпақ басы енді тие берген бақа біткен, менің бұл түнгі жүрісіме наразы кейіпте шолп-шолп суға секіретін де, барқылдап ұрыса жөнелетін. Қолқамды алған күлімсі иіс басымды айналдырып, рахат сезімде тұрып қалатынмын. Ұрыссаң ұрыса бер. Ал мен үшін бұл сәт ұзара түссе екен. Ұзара түссе осы иіс. Судың иісі.

«Маса талап тастады-ау, жеті түнде қайдағы балық, қайт» деген анамның сөзі алыстан естілетін. Мен жар басында жарбиып отырар ем түнмен таласып. Үнсіздік. Тыныштық. Алтын омыраулы Ай су бетінде жымың қағып жүзе жөнеледі. Балықтар ойнақ салады. Бәрі орнында. Бәз баяғы-қалпында. Жар басындаға жарбиған баланың арманы не екен сондағы? Шегіртке шұрылдады. Алыстан қорқау ұлыды. Түлкі күліп, қояндар орғып жатыр. Ақ масахана айдаладағы ескі тамның қасында самал желмен тербеліп тұр. Әкем мен көкем мал қораны бекітіп, ертеңгі күннің аңшылығын әңгіме қылады. Су жағасындағы жалғыз үйдің адамдарының даусы қаңғыр-күңгір анық естіледі. Қай төбеден болмасын жетіп кеп құлағыңа құйылатын осы дауыстар мына иен даланың қожалары секілді. Ап-анық. Дауыс бостандығы деген осы. Маса атты сары сарбаздар түтіндікке тұншығып бастарымен әлек болып жүр. Қи сасыған түтіннің иісі. Өткенде бір шет елдік жазыпты. «Қазақтар сиырдың қиына нан пісіреді, таң қаларлық жағдай..» Мен өмірімде бұған таң қалмаппын. Керісінше қиға піскен жаппа нанды жемеген адамға таңдануға болатын шығар деп ойлағам…

Есіл жағалаған адамдар легі саябырсыды. Тек әне бір екі ғашықтың көлеңкелері су бетінде қалқып барады. Жігіт қыздың құлағына сыбырлап, сендіруге тырысып бақты. Қаз басын алып қашып сықылықтап күлді. Екеуі де көңілді. Әлденеге сенімді. Алайда екеуі де сақ. Бұлардың осы сәті менің басымнан мәңгілікке бұлттай көшкен жігіттік дәурені шығар. Қалқысын…

Маса ызың әніне салды. Көліктер үйге асықты. Шамдар сөне бастады да судағы қала қараңғылыққа сіңіп жоғала берді.

Біз қазір «Жастығымның қаласы – Астананы» түсіріп жатырмыз. Әне-міне бітейін деп қалдық. Кино деп көрпесін қалыңдатқанымызбен соңғы нүктесін қоятын сол баяғы көрермен.

«Жастық шақтың қаласы –Астана». Рас. Тұрғындардың дені түн баласы су жағалап, көлеңкесі Есіл бетінде қалқитындар. Бір түрлі ыстық сезім.

Қимасым боп, аңсатып бара жатқан жігіттік дәуренім емес. Жүрегімде қалған судың иісі.Іленің иісі.

… Бақалар секіруден жалықпайды. Ал мен жүріп келем…
Бөлісу:

8 пікір

Arhun
Күшті үзінді шықты… Әйтеуір табиғат көрінісі көзіме елестеді…
Үзіндінің ең бастысы ой екпіні бар екен…
Бұл ойлар өзіңнің күнделігіңнен бе?
zhazular
жоқ, @Arhun күнделігімнен емес. осыдан 2күн бұрынғы түйген ойым ғой.
Arhun
Осындай қалыппен жалғастыра беріңіз…
satibaldi
Осындай қалыппен жалғастыра беріңіз…

Бақа тағы бақ етті… Әбден, әбден қажыдым...
Arhun
 Бұндай ритмика кейде орынды секілді…
Janasil
Су демекші. кеше ауылымда өзенге барып қармақ салдым. Қырып ұстамасам да құмардан бір шығып қайттым. /масаға таланып отырғанның өзі бір керемет қой/
KILYZAMAN
Үлкен сүйіспеншілікпен жазылған екен…