ӘЙЕЛІҢДІ САБАСАҢ…



Ескерту: «агарод» сөзі әдейі «агарод» деп алынды :) автор

Мен туылып, көзімді ашқанда, алғашқы көргенім – тораңғылы желмен тербелген, іргесіне Іле ирең қағып жатар, адамдарының жүзін күн қағып, торы рең шалған, құмдауыт тобелері суыра самалмен бұрқырап жатар елді-мекен – Желтораңғыл ауылы болатын. Суы тұнық таза, балығы ойнақ салған, орманы аң мен құсқа бай тап-тамаша мекен еді. Жазғытұрым «қара жардан» тырбақай жасап секіріп, жұмыртқа пісер аптап құмында тырапай асып жататынбыз. Ілені жағалай Алдаберген, Бекен, Әшімханның қарбыз бен қауынға қарық бақшалары тұрар еді көздің жауын алып.

Мен осыдан бір апта бұрын жаңа компанияның құрамына алындым. Атауы «ұры-кек». Мақсаты ауылда әділдік орнату. Мұнымен біз айналыспасақ, басқа кім айналысады деп шештік. Кедейдің бай алдындағы, әлсіздің күштілер алдындағы кегін қайтару. Қалай? Әрине ұрлау. Бай мен әлдіні тонау. «Ұры-кек» өмірі қолға түсіп көрмеген. Сондықтан өздерін осы аймақтың нағыз қожайындары немесе робин гуды сезінеді. Солай!

Бір күні Әшімханның баласы Сержок, менің бөлем, кезекті ұсынысын жасады:

-Енді Алдабергеннің агародына түсейік. Оны өткенде мас күйінде көргем. Ол еще әйелін сабапты сол күні. Кек алайық!

Жынды Сәкеннің Алмасы:

-Обал-ай! Әйелін сабағаны несі? Оңбаған!-деді бас шайқап.

Сержоктың көршісі Қаһа да сөзге араласты

-Қауын-қарбызы елден бұрын пісіпті ғой ол маскүнемнің! Шіріп жатыр. Сосын есіріп, арақ ішіп, әйелін сабаған ғой!

-Неменеге сабайды сонда? -деп сұрадым мен.

-Есіріп дедім ғой. Қауындары шіріп жатқан соң сабаған шығар-деп жауап берді Қаһа.

Ерте піскен қауын-қарбыз үшін әйелін сабаған есірік Алдаберген – енді шынында да оңбаған, шынында да маскүнем екен деп ойладым. Әйелінің кегін алып беріп, әділдік орнату керек!

Сержок:

-Қазір ол ұйықтап жатыр. Мен кеше шарбағына тесіп, кіріп-шығатын есік жасап кеткем. Керегімізше алайық. Сосын біразын жарып, бүлдіріп, ит жалағандай ғып кетейік – деді «темірді қызғанында соқтың» керін жасап.

Бұл ұсыныс онсыз да су сорып жабысып тұрған қарынның оң жамбасынан келе кетті де, бәріміз бір ауыздан құптадық. Оны былай қойғанда, Алдабергеннің арақ ішіп әйелін сабағаны қатты батты жанымызға. Сондықтан қарыннан бұрын, сабалған қатынның кегін алуымыз керек деп бірауыздан сөз байластық.

Үй, аула, бақша жым-жырт. Ыстық аптаптан құтқаратын түскі ұйқының құшағындағы Алдабергеннің үйі, ұрылардың «кегінен» бейхабар. Үлкен боп өскен мияның арасынан тік тұрмай, еңбектеп жүрсең болды. Көрінбейсің. Сол көрінбеген қалпымызда қауын-қарбызды сабағынан үзіп, қақ жарып, түбімен қопарып, Алдабергеннің әйелінің «кегін» алып беріп жүрміз. Мұрнымыз пысылдап, төбеден төнген бесіннің күні терімізді судай ағызғанына қарамастан, әділдік үшін барды салып жатырмыз. Болдық-ау дегенде өзіміздің де сыбағамызды алмаққа кірістік. Мен бағанадан көзім түсіп жүрген үлкендеу біреуін қойныма тыққан күйі еңбектеп артқа жылжып келем. Сержок бәле. Піскен піспегенін шертіп тексеріп жүр. Ұрлық үстінде де елден ерекшелігі байқалып тұрады. Біз бақшаның үйден алыстау бұрышына еңбектеген күйі жиналдық

Сержок жүрелеп отырған күйі айтты:

— Сезіп тұрмын, мыналардың бәрі онша пісе қоймаған. Одан да үйдің жақындау маңынан алайық. Себебі ол жерге арықтың суы көп барған. Себебі ойпаттау екен. Ал мыналар қызыл емес.

-Оны қайтесің? Осы да жетер. Үйдің қасына баруға болмайды. Қашып құтыла алмай қалармыз – дей беріп едім, Сержок тиып тастады:

-Тыныш отыр. Сені мұнда әкелген мен. Ұнамаса өзіңнің көшеңе кете бер. Компаниядан шығарып тастаймыз. Әділдік үшін басты құрбанға салу керек. Әйелін сабады-агароды тоналды… Әділдік!

Мен жым боп қалдым. Себебі бұлардың компаниясы «кек алғыштығымен» қатты ұнайды. Басқа көшеде тұрсам да, Сержокты араға салып әзер кіргенім де сондықтан. Бекеннің «қара қарға» атанып кеткен үлкен ұлы Серікбол кібіртіктеді.

-Ол тұзбен атады деп естігем, мүмкін…

Сержоктың бұған да жауабы дайын екен.

— Ештеңе де мүмкін емес. Олардың үйінде тұз жоқ. Бағана көзі көгерген әйелі біздің үйден тамаққа тұз сұрап жүрген. Үйлерінде бір уыс тұзы жоқ адам, қалай ұрыларды тұзбен атады?-деп көңілімізді жайландырып тастады.

Қара қарға сонда да қоймады:

-Тұз болғанда, ол тамақ ішетін тұзбен атпайды ғой. Көлдің табанындағы тұз бар емес пе?

Біз мына сөзге үрпиісіп қалдық. Шынымен солай емес пе еді өзі?

Қаһа атып тұрды:

-Өй, бұл Бекеннің балалырының бәрі қорқақ. Әй, қара қарға, одан да су жүректігім ұстап тұр десеш.Тұзбен атады деп қояды ғой. Бармасаң қойшы, өзіміз-ақ барамыз.

Серікбол Қаһаға қаһарлана қарады:

— Сен немене өзіңше боп тұрсың? Отыр! Қазір байқап қойса, біттік!

— Байқамайды! Қорқақ, сен жат жерге жабысып. Ал біз кеттік – Қаһаның өстіп батырсынып кететі бар.

Серікбол жерге одан сайын жабыса түсті.

— Мен ба қорқатын? Өткенде Сержоктардың агародына түскенде өзің айтып едің ғой.

Сержок елең етті:

-Немене? Біздің агародқа?

Аузынан шығып кеткен сөзінің тұтқыны боп жерге жабысып қалған Серікболдың қолынан жұлқып қалды Сержок.

-Сен не деп тұрсың, әй, қара қарға? Біздің агародқа қашан түстіңдер? Айт тез!

Мен:

-тыссс, қатты сөйлемеңдерші. Біреулер естіп тұрған сияқты – деп жатырмын. Бекеннің қара қарғасы бүлдіргенін кеш ұқты да, айтып салды:

— Мен емес, мына Қаһа ғой! Сен ол кезде қойдың кезегіне кеткенсің. Оның үстіне сендер жаңа манитафон алғансыңдар

— сосын?

-Сосын, Қаһа айтты, олар үй ішімен магнитафон тыңдап отыр, сол кезде білдіртпей қауындарын ұрлайық. Жаңа магнитафон алған қандай екен, көздеріне көрсетейік байлардың деді. Мен болмайды десем де қоймай…

Біз Қаһаға қарадық. Қаһа еш уәж айтпай үнсіз отырып қалды. Демек шын болғаны. Мұнікі енді нағыз сатқындық еді. Біртүрлі шекем тершіп кетті. Басынан-ақ осыған бір түрлі сенімсіздікпен қарайтынмын. Сержок ашумен Қаһаға тесіліп қалған.

-Балалар, кеттік. Қазір Алдаберген оянып кетеді – деді Қаһа Сержоктың тесілуінен қаймығып.

-Магнитафон деші. Сонда біз магнитафон алғанымыз үшін кінәлі екенбіз ғой!- Сержок сұп-сұр боп қанын ішіне тартты.

Қаһа:

-Енді байлар мен жаман адамдарды тонаймыз деп өзің айттың ғой басында. Сендер магнитафон алған соң, байдың қатарына кіресіңдер деп ойладым.

-Сен сонда… бір компанияда жүріп! Қалай? Байы несі?

Сержок атып тұрып Қаһаның май құйрығынан бір тепті. Мен де бөлеме туысқандықты көрсетіп қалудың оңтайлы сәтін күтіп жүр едім. Жақсы болды. Бір тептім мен де. қаһа менің бұл құйыршықтығыма шыдамады. Атып тұрып жағама жармаса кетті. Қып-қызыл төбелес басталды дерсің. Бас демей құлақ демей пергілеп жатырмыз бір-бірімізді.

-Саған не жоқ, қортық! Кеше ғана компанияға кеп! Ұрласам сенің агародыңды ұрлаған жоқпын! – дейді Қаһа тілінің бізін қадап.

Мен де қояр емеспін:

-Кім қортық? Ал сен сатқынсың! Сен нағыз сатқынсың! Бір компанияның адамының агародын тонап! Ұры! Ұры! Менің бөлемнің агароды! Бөлемнің агароды!

Соңғы сөзімді Сержок ести түссін деп қайта-қайта айтып қоям. Ол да қарап қалмай Қаһаға аяусыз жұдырық сермеуде. Екі бөле, бір «ұрының» сазайын тартырып, біреудің бақшасында есеп айырысып жатырмыз. Бүкшиіп қалған Қаһаны неміс көріп төмпештеп тастадық. Жынды Сәкеннің Алмасы мен Бекеннің қара қарғасы ерегес басталған сәтте-ақ тайып тұрған. Айқайымыз бен ойбайымыз қатты шығып кеткенге құсайды. Алдабергеннің жақында ғана сабалған қатыны шаңқ етті үй жақтан:

-Ойбай, ойбай! Мына сатқақтар не істеген? Ойбай, Алдаш-ау, шық бері! Құртыпты бүкіл бақшаны! Шық, шық!

Біз сыбағаларымызды жинап, тайып тұрмаққа үлгергенше, Алдаберген де атып шықты үйінен. Тарс етіп атылды мылтық. Мен Қаһадан да қауіптірек наубаттың келгенін енді ұқтым. Қолымдағыны тастай-мастай бездім. Алды-артыма қарауға шамам келмей, ұшқан құстан озардай безілдеп келем. Жүрегім тас төбемнен шықты. Мылтықтың атылғаны менің зәремді шынымен алды. Сержоктың қатарласа келіп айтқаны есімде:

— Қаһаға оқ тиді, Қаһаға оқ тиді! Ол өлді!

Мына жаңалық басымды айналдырып, көзімді қарауыттырып жіберді. Етпетімнен құладым.

…Бізді, «ұры-кек» компаниясын ел-жұрт біразға дейін айтып жүрді. Тіпті «әйеліңді сабасаң-агародың тоналады» деген тіркестің авторлары да сол «ұры-кек» компаниясы.

Айтпақшы Қаһаға ешқандай да оқ тимеген. Себебі мылтық қорқыту үшін құр пестонмен атылған екен. Қашып құтылған жалғыз сол Қаһа. Сержок айтса айтқандай, Алдабергеннің үйінде сол кезде тұз болмауы мүмкін деп ойладым кейін. Бөлем маған қарайлаймын деп ұсталып қалған. Ал мен есімді үйде жинадым. Екі күн елегізіп, қатты шошығанымнан ыстығым көтеріліп ауырып қалдым. Анам қорқып, ебіл-дебілі шығып жүріп емдетті. Ұрыспады да. Біздің ұрлығымызға Алдаберген кешіріммен қарап, әйелі «робиндығымызға» шегі қатқанша күліпті.

Қаһа екеуміз одан кейін төбелескен емеспіз. Себебі ол да, мен де, Сержок та кек қайтару миссиясын тәрк еткенбіз. Ал әділдік туралы ештеңе айта алмаймын.

Желтораңғының жүзін көрмегелі біраз жылдар өтіп барады. Балалығым қалған сонау бақшалы ауылымда әділдік орнату – әрбір қара табанның арманы болатын…
Бөлісу:

29 пікір

Aizhantabyn
күшті екен! Ұнады.
Abilakim
Қолтықтан кеттім))))
/Үйлерінде бір уыс тұзы жоқ адам, қалай ұрыларды тұзбен атады?-деп көңілімізді жайландырып тастады./
/— Қаһаға оқ тиді, Қаһаға оқ тиді! Ол өлді!/

өлтірдің))))
zhazular
:) Сержок сөйтіп қара аспанды төндірген болатын
konvict
Балалық шаққа қайта бір барғандай болдық мынаны оқып
sammita
— Қаһаға оқ тиді, Қаһаға оқ тиді! Ол өлді!
:)))) осындай кітаптарды оқып отырып, оқиға ішінде жүргендей болушы ем. Қауын-қарбыз ұрлайтындар жайлы әңгімелер көп еді. Маладес! ҚҰштісің:))
asaubota
@zhazular, сценарист шығарсың? жазуларың күшті, сапалы, тілі оңай.
zhazular
:) рахмет, режиссермын. иә, сценарийде жазам…
Abilakim
Сәйкесінше ұйпа-тұйпа шаш, сақал-мұрт бар ма?
zhazular
жоқ… :) суретім «онша емес жазулар» блогында бар деп қояйыншы…
Abilakim
Бүгін әйелің не деді?
zhazular
онша еместе тұр ғой… бугин сурақ қойды :)
sammita
ай маладес. Бәлен км жазуларыңды бір деммен оқып шығамыз, жеңіл, қызықты.
zhazular
УЛКЕН рахмет. Саммита, сен мактаганда кушти боп калам… себеби есимин оте сулу, озин де ай жузди екенине куманим жок :)
п.с. қырындау емес…
sammita
Желтораңғыл қай облыста?
Сондықтан қарыннан бұрын, сабалған қатынның кегін алуымыз керек деп бірауыздан сөз байластық
:)))))))))) Комитет по ликвидации дискриминации в отношении женщин:))
Beytanis
Қыз-келіншектерді эмансипациялау орталығы!
Abilakim
Неулавимые мстители
zhazular
типа сондай ғой :). өздеріңнің де бастарыңнан өткен шығар мұндай оқиғалар. бала кезде қиялға құрық бойламайтын еді ғой…
zhazular
@Sammita Желтораңғыл, Алматы облысы, Балхаш ауданында. Қапшағайдан ары…
asaubota
Жандос, жас болсаң да біраз нәрсе істеп жатыр екенсің, жарайсың! Жазира мен Жанболаттың бағдарламасының қоюшы режиссері екенсің ғой :)
zhazular
:) аха қоюшы режиссері болғанмын. қазір Астанадағы бас орталыққа ауыстым. «Бәрі есімде» алматы студиясында қалды ғой.Қазір, мюзикл, деректі фильмдер, роликтер түсірем.
Beytanis
«ЕлАрна»-ның өкілі екенсің ғой…
zhazular
жоқ, негізі Хабардікімін. енді Еларна біздің "қыз" ғой. сондықтан көмектесіп тұрамыз деген сияқты… :)
Abilakim
Байға тиген қыз төркінін танымас дегендей болған жоқ па?
zhazular
әзірге ондайы жоқ. қайда барады? бәрібір "қыздың" «жасауы» бізде ғой :)
sammita
Еларна біздің "қыз" ғой
дочка.
Ereke
«Менің атым Қожа» повестінің тағы бір жазылмай қалған оқиғасын оқығандай болдым! керемет жазылған!