БлогКэмп те БлогКэмп... жайлы бір ауыз сөз

BlogCamp: БлогКэмп те БлогКэмп... жайлы бір ауыз сөз
Блог құрылтай туралы әңгіменің, әңгіменің емес-ау, іс-тірліктің басталғанына бір аптадан кейін бір ай болады. Бір-бірін көрмесе де, бір атаның балаларындай (қуалап келсе, өзі де солай болатын шығар:)) болып кеткен блогшылар бандасы жақын болашақтың жарқындығына (өтетін жер, өткізуге керек қаржы, өткізетін адамдардың аз-көптігі, логистика, тағы басқа толып жатқан шаш ағартпаса да, бас қатыратын шара ұйымдастыру шаруалары) аса сенімді болмаса да, осы бір жауапты жұмысқа кірісіп кетті. Әзірге, жоспарланған қимыл-қозғалыстың жаманды-жақсы біршамасы атқарылған тәрізді. 
Маған дейін Блогкэмп жайлы Өрімтал өз блогында, Дабайда біршама пайдалы ақпарат жазған еді. Оған дейін Әлия, одан кейін Мақпал да біраз мәлімет жариялаған болатын. Бұрын Баркэмп жайлы ұзынқұлақтан естіп, семинар-конференциялардың деңгейінен асырмай жүрген өз басым осы шараның арқасында блогшыға қажет көптеген біліммен жарақтанып алдым.
Баркэмптың  (БлогКэмптың ағасы деп түсініңіз:)) тарихына аз-мұз тоқталсақ.
Ерте-ерте-ертеде, ерте болғанда  2005 жылы Тим О’Рейли дейтін веб 2.0 (Аса құрметті Профессор Вебекіге қатысы бар-ау шамасы) идеологы өз достарына арнап Foobar дейтін шара ұйымдастырады. Ал алғашқы баркэмп сол жылы тамылжыған тамыз айының 19-21 жұлдыздарында Калифорния штаты, Пало Альто қаласында Socialtext компаниясының кеңсесінде өтеді. Бас-аяғы бір аптаның ішінде ұйымдастырылған шараға 200-дей адам қатысады. Шара бейресми сипатта өтеді. Қатысушылар шатырларда жатқан.  Шара форматының көптің көңіліне жаққаны соншалық, содан бері баркэмп әлем бойынша 350-ден астам қалада өткен. Ал ТМД шеңберінде аталған шара алғаш рет Украинада ұйымдастырылса (2007 жылы тамызда өткен Blogcamp), 2009 жылдың сәуірінде Алматыда біздің баркэмп болды. Өкінішке орай, ол кезде қазақтілділердің қарасы аз болған еді. Енді, сол өкініштің орнын толтыратын кез келген секілді.
Жалпы Баркэмп Блогкэмп (Блогкэмптың, жоғарыда көрсетілген Мақпалдың жазбасында айтылғандай, Баркэмптен аудиториясы тарлау, себебі Баркэмп тақырыбы болып, негізінен, жаңа медиа, әлеуметтік желілер, веб 2.0, т.б. таңдалса, біздің шарада блогшылар жиналады) болмысынан мен қазаққа жақын бір  қасиет байқадым (жалт еткенге жармаса кетер мінез емес бұл, блогкэмптың сырын ашамын дегендегі арам ойым ғой:)). Өзектілігі күйіп тұрған “ Төртеу түгел болса төбедегі келеді” деп басталатын мақалды осы шараға ұран қылып алса да болатын сияқты. Себебі, DIY (do it yourself) немесе Өзің Жасап ал идеясы – кэмп атаулының миға басылған девизі. Себебі, бастамашыл топтың болғанына қарамастан, Блогкэмпке келген әр азамат әлгі мысалдағы қарлығашқа ұқсап су тасып, қолы қалт еткен кезде көмегін беріп қалуы қажет. Сонда ғана [бей]конференция (кэмп жиындарын осылай да атайды) мақсатына жетеді, ойдағыдай өтеді, келгендердің көңілінен шығып, бір жерге бас қосқандардың бірлігін көрсетеді.
Блогкэмп ресми шара емес. Қылқына галстук тағып, қыдиып-қыдиып отырып қайтатын жер де емес. Блогкэмп – жауыр болған тіркеспен айтсақ, “ бір терінің пұшпағын илеп жүрген” блогшылардың бас қосып, жиналып, бір-бірін тек аватардан ғана емес, анфасынан, профилінен, артынан, астынан, үстінен қарап, танысатын жері:) Тәжірибе, идея алмасып, пікір таластырып, достық сезіммен қимай-қимай қоштасатын орын.
Наурызда болатын, блогшылардың  алғашқы құрылтайы – БлогКэмп 2011-ге қатысам деп ниет танытқан жан мына жерден тіркеле алады.
Кэмп қатысушыларының  ережелері:
  • байланыс мәліметтерімен алмасуды тоқтатпаңыз. Әңгіме барысында, ол жаңа танысқан жан болсын, ескі танысыңыз болсын, түрлі идеяларды, жобаларды талқылаудан қашқақтамаңыз.
  • шара барысында қандай да бір проблемалар пайда болса, оны шешіп тастауға тырысыңыз.  есіңізде болсын, блогкэмптың жақсы я жаман өтуі Сізге байланысты.
  • көңіл-хошыңызды көтеріп, шараға көтеріңкі күймен келіңіз. Бұл басқаларға да жақсы әсер етеді.
  • презентация жасаушыларға көмек көрсетіңіз, өз идеяларыңызды ұсыныңыз, балама ойлар айтыңыз, идеяларыңызбен, фактілеріңізбен алмасыңыз. Өз презентацияңызды жасап келуге қалай да болса тырысыңыз.
  • барлық презентацияларды аудиоға, видеоға түсіріп алуға тырысыңыз, оның бәрін Интернетке салып отырыңыз.
  • Ең бастысы: ашық болыңыз, қызығушылық танытыңыз, ойларыңызды ортаға салыңыз.
Ендеше, көзім тек жазбасын және аватарын көрген, құлағым дауысын естімеген блогшылар наурызда кездескенше!:)
Пы.Сы. Жоғарыдағы жалт-жұлт етіп  тұрған суретӨрімталдың блогынан алынды.

Мақала сілтемесі: http://qisyq.wordpress.com/2011/02/01/%d0%b1%d0%bb%d0%be%d0%b3%d0%ba%d1%8d%d0%bc%d0%bf-%d1%82%d0%b5-%d0%b1%d0%bb%d0%be%d0%b3%d0%ba%d1%8d%d0%bc%d0%bf-%d0%b6%d0%b0%d0%b9%d0%bb%d1%8b-%d0%b1%d1%96%d1%80-%d0%b0%d1%83%d1%8b%d0%b7-%d1%81%d3%a9/
Бөлісу:

Пікір жоқ әзірше