Түзу жолдан тайған жанның әңгімесі немесе көзге емес көңілге әсер ететін кино жайлы жазба

Киностан: Түзу жолдан тайған жанның әңгімесі немесе көзге емес көңілге әсер ететін кино жайлы жазба
Есть только один грех – глупость.

Оскар Уайльд

Елдің бәрі екі жыл бұрын емешектері езіліп көріп алғанда, құр қалған мен, осы олқылықтың орнын толтырайын деген ниетпен бүгін жынданып тұрып дискісін сатып алдым. Қазақша “Адасқандар” деп аударылған (осы аударманы кішкене түсінбедім, себебі орысша нұсқасында жекеше түрде тұр ғой. Одан да “Түзу жолдан тайған жан” деп пе аударса да болар еді деп ойлаймын да. Мақұл, артық әңгімемен миларыңызды ашытпайын), “Так и передай ему, к…н айырам” /Рекетир/ деп Русланның аузына сөз тастап, кино түсірген және онысы жалпы жамағаттың жүрегіне жаққан Ақан Сатаевтың фильмі “Заблудившийся” туралы айтып тұрмын. Енді, міне, “ел жатса да енекем жатпайды” деген жұмбақтың визуалды мысалы болып, түн ортасында Сіздерге арнап ревью жазып отырмын (Алда, айналайын-ай, деп көзіңізді бір шылап аласыз осы жерде).


Кино 2009 жылы шыққан. Бюджеті бір миллион АҚШ доллары. Режиссері Ақан Сатаев. Сценаристі Тимур Жақсылық. Композиторы Ринат Гайсин. Ұзақтығы 90 минут.

Киноның қысқаша мазмұны: …«Адасқандарда» басты кейіпкердің әйелімен және кішкентай ұлымен бірге адасып, далада қалған кездегі бастан кешкен оқиғалары өзек етілген.Жол таппай, машинада түнеуге мәжбүр болған отағасы таңертең әйелі мен баласының жұмбақ жағдайда жоғалып кеткенін көреді.Оларды іздеп шыққан отағасы бір қария мен жас қыз тұрып жатқан қоржын тамға тап болады.Кейіпкерге сол үйдің тұрғындары мұның отбасы туралы білетін сияқты болып көрінеді.Бірақ оны не себепті жасырып отырғанын түсінбей дал болады. /деп хабарлайды Ербол Азанбек/

Негізі, осыны айтып қоя салсам да болар еді. Себебі, бір қараған көзге кино бірді-екілі сәттері болмаса, іш пыстырарлық дүние болып та көрінуі мүмкін. Мазмұны мен оқиға желісі де бірсарынды секілді ме қалай…Әртістерінің де саны анау…бар жоғы жетеу ме, сегіз бе…Бірақ…

Бар бәле осы “бірақта” болып тұр. Рас, кино әлемдік мистика мен триллерлерінің алыпсоғарларына шыдас бермеуі мүмкін, БІРАҚ қазақ киносының осы жанрдағы алғашқы еңбектерінің бірі екенін ескерсек, бас бармағымызды шошайтпасқа амал жоқ. Рас, киноның соңында Тұңғышбай Әл-Таразидің кейіпкері (Шал) біз мен сіз көріп жүрген, талай жерде өріп жүрген жауыр болған дүниені қаузағандай болады, БІРАҚ онсыз тағы болмас па еді, кім білсін, елдің бәрі иек қаққаннан түсінетін кемеңгер емес, оның үстіне қазір көп киноға осы қарапайым ”тізесі шығып кеткен әңгіме” жетіспей тұратындай көрінеді. Рас, кино бойы Андрей Мерзликин (Жігіт) көлік пен үйдің ортасында ырс-ырс етіп жүгіріп жүреді, БІРАҚ мұны кемшілікке жатқызуға болмас, себебі…себебі фильмнің соңында белгілі болады.

Андрей – азамат! Актерлік құрамды жалғыз өзі аман-есен алып шықты десек те болады. Әсіресе, ең соңындағы есі ауып отырып “Кешір, кешір, кешір…мен адастым…мен адастым…кешір…кешір…” деп айта беретін жерін әртістік тұрғыдан алып қарағанда әдемі көрсеткен.

Тұңғышбай Әл-Тарази де өзіне берілген Сайтанның (не жынның, не Волан де Морттың, күнәларыңыздың себепшісі деп танитын, Құдай оттан жаратқан делінетіндердің қалағанын алсаңыз болады, оған кино мүмкіндік береді) рөлін жақсы шығарған. Тек біршама жерде оның іс-әрекетіне, сөйлеген сөзіне шын мәнінде мистика жетпей қалған сияқты. Біртүрлі…сенбейсің…рөлге… Сосын ең соңында көп сөз айтып қойған секілді. Триллердің аты триллер, шамалы құпиялылық, бітпей қалған секілді әсер болуы керек еді. Тек мына сөздері ұнады: “

…Сендер бізді мүйіз салып бейнелейсіңдер…құйрық саласыңдар…Мұның бәрі сендердің қорқыныштарыңан. Біз сендерге билік жүргізе алмаймыз. Сендер бәрін өздерің шешесіңдер. Алайда, біз сендердің әлсіз тұстарыңды білеміз…“

“…Бірақ, бір нәрсені есіңе сақта. Мұнымен (өлгенмен – ав.) бәрі бітпейді. Ең маңыздысы, сені Ол кешіре ме? Қайдам…”


Сосын соңында келетін үш жігіт біраз нәрсені (әсерді) бүлдірді. Оқтан өлгенше, Жігіт өзі ойлағандай асылып па, әлде қу далада қаңғып кетіп пе өлгенде, я сол жерде есі ауысып қалғанда киноның финалы көрген адамды шок жасайтын еді.

Айғаным Садықова (қыз) түр-тұлғасымен, бет-әлпетімен-ақ жүрекке қорқыныш ұялатады екен. Жоқ, жоқ, дұрыс түсініңіз, ол өте әдемі, келісті жан, тек кинодағы кейіпкерінің кескінін тым жақсы келтіріпті (Шал-Сайтанның көмекшісі). Тек, “әттең” деп санымды бір соққан жерім оның сөйлейтіні болды. Шіркін-ай, осы актриса киноны сөйлемей, көзқарасымен, қимылымен ойнап шыққанда ғой, қандай мистика, қандай құпиялылық болар еді деп ойладым. Актер ойынынан алынатын әсерді сол бұзды.

Ал, жалпы кинода арнайы эффекттердің аздығын (ерекше атап өтетіні, Жігіттің “Кешір мен, Құдай” деп өлер алдында сөз айтқандағы, Шалдың түрінің бұзылып кетуі. Күтпеген сәт. Осыған ұқсас эффектті Аль Пачино ойнайтын ”Адвокат Дьяволадан” көріп едім) және реквизиттердің сауаттылығын, қара ит пен жыланның ойынын (триллерлік әсердің жартысын солар берді), музыканың жүйкеңе тиетінін (жақсы мағынада), оператордың шеберлігін (көріп біткенше іштей қол соғып отырдым) ескерсек қазақ киносының орта деңгейінен асатын тәп-тәуір шығарма шыққан. Оқиға желісін жиырма бес минут бұрын біліп отыратындай емес, аяқ асты сәттер жетерлік.

Егер Сізді отандық киноиндустрияның өнімдері қызықтыратын болса, егер сіз Құдай мен адам, сайтан мен күнә жайлы ойланып жүрген болсаңыз, егер сіз кемшілікті ғана тізбелеп отырмайтын адам болсаңыз және әлі де болса көрмесеңіз ”Адасқандарды” қарауға кеңес беремін. Стивен Кингті сүйіп оқитындар да бір ырза болып қалған сияқты.

Пы.Сы. Айтпақшы, кинода кейіпкерлердің есімі аталмайды (бар жоғы, қателеспесем, негізгі рөл, эпизод бәрін қосқанда сегіз актер ғой деймін). Тіпті, титрлар шыққанда да, мысалы, бәрі былай беріледі:

Жігіт – Андрей Мерзликин

Шал – Тұңғышбай Әл-Тарази

т.с.с
Бөлісу:

15 пікір

Malimetter
кодын қолдансаңыз қалай болады? Солай етсеңіз тізімнен қарауғы ыңғайлы болар.
qisyq
Рахмет! Солай етейін келесі жолы.
gerakl
базар жоқ, осы бір ерекше киноға арналған тағы бір қазақша рецензия жазылды.
qisyq
Рахмет, Геракл:)
urimtal
Рахмет. Басын көріп отырып, соңында не болатынын жұрттан естіген соң, орта жолда көрмей кетіп едім. Әйтеуір осымен тоқтап қалмаса болды. «Келін», "Қараой" т.с.с. фильмдерднің идеясына қарағанда осы фильмдікі әлдеқайда түсініктірек екен.

Баянғали Әлімжановтың «Аран» фильмін көріп болсаң, айта салшы. Бірді-екілі адам мақтап жатыр екен.
gerakl
Асекек, туфта фильм :)
Үйлесім де, идея да, талғам да бұл кино жасаушылары үшін жат нәрсе :)
gerakl
Асеке дегім келген еді
qisyq
Рахмет, Өрімтал.
Көріп жатсам әсерімен бөлісермін.
Abilakim
«Аранды» көріп отырғаным есімде, оянсам тамақ ішейін деп жатырмыз.
qisyq
муахахаха:) жынд десе:):)
omarbirat
Әңгіме жоқ. Фильмді қайталап бір көргендей болдым :)
qisyq
Рахмет, Омарбырат:)
Zere
Осында фильмдерге арналған бір қауымдастық ашу керек шығар… Ыңғайлы болып қалар еді бәрі жинақталып.
asaubota
Қазақстан киносы деген бар, соған салып қойдым мына мақаланы
qisyq
Рахмет, админ ағай:)